Талғар аудандық кітапханасында Есенқұл Жақыпбековты еске алуға арналған «Жетісудың желмаясы» атты еске алу кеші өтті. «Ақынның ақындығы атақта емес, арда ғана» деген байламды берік ұстап, шен-шекпенге, лауазымға қызықпаған ақынға деген сағыныш жыр болып төгіліп, өлең болып өрілді. Кітапхана қызметкері, қазақтың мәдениеті мен әдебиетін дәріптеуде адами қалпынан танбай келе жатқан Ризвангүл Токарзаева кештің мәнін ашып, мағынасын түсіндіріп өткен соң ақынның суреттерінен топталған слайд көрсетілді. Кітапхананың кең залына жиналған политехникалық және медициналық колледждің студенттері «ерте туып еш заманның маңдайына сыймаған» ақын ағалары жайлы естелікке қанығып, өлеңдері арқылы өмірімен танысты.
Кітапхананың библиографы Сәуле Өскенбайқызы ақынға арналған көрмедегі кітаптарға, әр жылдары әр басылымда шыққан мақалаларға тоқталып өтті. Ескімен ескіше, жаңамен жаңаша тілдесе білген ақынның мұрасының молдығын тағы бір паш етіп, оқырмандар есіне салды. Кешке қатысқан ақын, ауданның «Құрметті азаматы» Камнұр Тәлімұлы, кітапхана директоры Махамбет Хармысов, Қызыл-қайрат ауылдық Мәдениет үйінің директоры Кеңес Баймұханов, ақын Дәулет Карбоз ағаларымыз Есенқұл аға жайлы естеліктерімен бөлісіп, шымшыма әзілдерін еске алды. Тар жерде тауып, керек кезде қауып айтатын сөзтапқыш қасиетін әңгімеледі. Қонақтардың естелігінен Есенқұл ақынның айтыста — ақпа, жазбада — төкпе болғанын, қоңыр тірлік кешсе де жыр-ғұмырының жұлдызын нұрлы жарыққа айналдыра білген шынайы ақын екенін тани түстік.
Экран арқылы Әселхан Қалыбекова мен Есенқұл Жақыпбековтың айтысынан үзінді көрген көрермендер суырыпсалмалылығына бас иіп, қошеметтеп отырды. Әнші Натхан Манай ақынның сөзіне жазылған Ж.Омаровтың «Біздің елдің жігіттері» әнін нақышына келтіре орындаса, жастар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.
«Үмітпен келіп дүниеге, күдікпен кетіп барамыз» деп өмірімен де, өлеңімен де үлкен сағынышқа айналып үлгерген Е.Жақыпбеков бейнесі алыстаған сайын биіктей беретініне сеніп қайттық.
М.Дүйсенғалиева,
Талғар-ақпарат.