Иә, мақаламыздың тақырыбы айтып тұрғандай сайлаушылардың дауыс беруі арқылы көпшіліктің қолдауына ие болып, «халық қалаулысы» атанған азаматтарға ел-жұрт үкілі үмітін артып, сенім білдіруі заңдылық. «Халық — таразы, уақыт — төреші» деген ғибратты сөзді жадында ұстай білген депутаттар да елдің тілегіне елең етері анық. Осындайда қордаланып қалған проблемалардың түйінін атқарушы билікпен бірлесе тарқатып, ел игілігіне бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруда білек сыбана кірісудің берері мол. Дана халқымыз: «жұмыла көтерген жүк жеңіл, «келісіп пішкен тон келте болмас» деп, осындай игі қадамдарға қаратып айтқан ғой.
Өткен аптада аудандық және облыстық мәслихат депутаттарының сайлаушыларымен есепті жиыны Бесқайнар және Бесағаш ауылдық округтарында жалғасын тапты. Алдымен халық қалаулылары ат басын Бесқайнар ауылындағы №20 ОМ-е тіреп,онда ел-жұртпен емен-жарқын жүздесіп қайтты. Мәні кең жиынға аудан әкімінің орынбасары Қайдар Абдыханов, аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, сонымен қатар басқарма, бөлім, мекеме басшылары, мамандары қатысты. Бекітілген күн тәртібі бойынша есепті баяндаманы аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы жасады.
-Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында алға қойған жетістіктерге жетелейтін жеті міндетті белгілеп берді. Қойылған міндеттердің барлығы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын қамтып, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін одан әрі жақсартуға бағытталған,-деп баяндауын бастаған ол аудандық мәслихаттың депутаттары да өз құзіреті негізінде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес сайлаушылармен тұрақты байланыста бола отырып, ауданның тыныс-тіршілігімен танысу, жұртшылықты толғандырып жүрген өзекті мәселелердің шешімін табуға ықпалдастық жасау, қарапайым халық пен атқарушы биліктің арасына алтын көпір болуды мақсат ететіндіктерін жеткізді. Өз баяндауында маслихаттың және оның тұрақты комиссияларының жұмысымен, маслихат шешімдерінің орындалу барысы жайлы толыққады мағлұмат берді. Бүгінгі күнге дейін халық қалаулылары ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып,ел игілігі үшін бірқатар іс-шараларды жүзеге асырғаны айтылды. Ауданымызда бюджет қаржысының тиімді жұмсалуынан бастап, түрлі сала басшыларының, ауыл әкімдерінің атқарып отырған жұмыстары туралы есеп алынып, мәслихат құзыры аясында тексеру шаралары жүргізілген-ді. Жыл басынан бері 34 сессия өткізілсе, оның 11 кезекті, ал 23 кезектен тыс. Биылғы жылға аудан бюджеті 17 млрд. 636 млн. 192 мың теңге болып бекіген, оның 71 пайызы аудандық білім бөліміне тиесілі. Аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 1,2 млрд. теңгеге «Талғар қаласының №1 алаңына дейін жер асты су көздерінің магистралы бас су торабын салу және жаңғырту» жобасы әзірленгені баяндалды. Жылдар бойы қордаланып келген мәселенің бірі — Гүлдала ауылдық округінде «Жаңа Қуат» елді мекені құрылды. Ағымдағы жылдың тоғыз айы бойынша 139 шығыс, 170 кіріс құжаттары тіркеліп, 13 депутаттық сауал жолданған. Аудандық «Нұр Отан» партиясы ғимаратында аудандық мәслихат депутаттары 54 қоғамдық қабылдау жүргізген. Аудандық мәслихат жұмысына қатысты осы және өзге де мәліметтерді қамтыған мәслихат хатшысының егжей-тегжейлі баяндауынан соң, ауыл әкімі … хабарламасы тыңдалды.
Ауыл тұрғыны Қайрат Шаймерденұлы ауылдағы ауызсу мәселесі мен қоғамдық көлік жүргізуді қозғады. Бұл сауалға сала мамандары жауап қайтарды. Мәселен, ауызсудың үзіліссіз берілуін қамтамасыз ету үшін көшелерге жүретін су құбырларының желісіне қақпақ клапандарын орнатуды алдағы уақытта жүзеге асыру қолға алынады. Жолаушылар көбінесе жеке таксилердің қызметіне жүгінетіндіктен, автобус жүргізудің еш тиімділігі жоқ екені айтылды. Зәуре Акимбаева деген азаматша әкімшілік ғимаратының бір бұрышын иеленіп отырған ауылдық ФАП-ың жағдайы қашан шешілетінін, сонымен қатар кезінде жекеменшіктің иелігіне өтіп кеткен балабақша ғимаратын ел мүддесіне қайтару мүмкіндігін сөз етіп, ең болмаса қаңырап бос тұрған ғимаратты қоршату керектігін алға тартты. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді халық қалаулылары назарға алып, жұмыс жоспарына енгізетіндіктерін айтты.
Дәл осы күні түс ауа депутаттар бастаған арнайы топ төрт көздері түгел Бесағаш ауылындағы №45 ОМ-ің жиынжайында тұрғындармен кездесу өткізді. Жиналыстың күн тәртібі және өткізілу регламентімен таныстырған соң, әдеттегідей алғашқы сөз кезегі есепті баяндама жасау үшін аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебайұлына берілді. Негізгі баяндамадан соң ауыл жұрты округ әкімі Марат Арынбаевтың ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында хабарамасына құлақ түрді.
Осыдан кейін ауыл тұрғындары ұсыныс, тілектерін ортаға салды. Ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Тастан Бекболатов Жоғары Соттың шешімімен ел игілігіне қайтарылған ауылдық Мәдениет үйіне жөндеу жүргізіп, іске қосу мәселесін, ұзақ жылдар жер кезегінде тұрған тұрғындардың 10 соток жерге қол жеткізе алмай отырғанын, сонымен қатар автобустарда жүру қызметі қарт адамдарға тегін, яки 50 пайыздық жеңілдікпен болса деген тілегін жеткізді. Ақ жаулықты әже Б.Қалиева көше жарығын, Дәулет Қожамбердиев көшелерді асфальттау, ретке келтіру мәселесін көтерді. Ауыл жұтшылығы тарапынан күре жолдың бойында ( сақиналы жол айналымы маңы) жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін белгілерді орнату да айтылды. Ауылда тірек пунктін, дәрігерлік амбулатория салуға арналған жер телімдері бар екен, бүгінде ЖСҚ-ы жасалуда. Көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынды.
Осы аптаның сейсенбісі күні депутаттардың ел алдында есеп беру жиыны аудан орталығы Талғар қаласында өз мәресіне жетті. М.Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжінің акті залында өткен кездесу жиынына аудан әкімінің орынбасарлары Қайдар Абдыханов, Дәрменияр Қыдырбекұлы, аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетовалар қатысты. Жиналған тұрғындар алдында мәслихат хатшысы Ж.Еңкебаев есепті баяндама жасап, қала әкімі Жандос Әуелбаев атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы уақытқа белгіленген міндеттер туралы хабарлама жасады. Ілеспе түрде экран арқылы слайдтар көрсетіліп отырды.
Бүгінгі күні Талғар қаласының халық саны 50400-ден астам адам, соның ішінде 6759 зейнеткерлер және 15 адам ҰОС ардагерлері. Қаланың жалпы аумағы 1808 га, көшелердің ұзындығы – 171,7 км. Жеке секторда -13600 аула және 163 көппәтерлі тұрғын үйлер бар. Абай көшесінде салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешеніне республикалық бюджеттен — 759 млн. тенге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Даулет Серпін» ЖШС жүргізуде. Сауықтыру кешенінің ашылуы 2018 жылдың 1 қарашасына жоспарланған.
Абай көшесінде орналасқан мәдени-демалыс саябағының құрылысына облыстық бюджеттен 200 млн тенге бөлініп, сыртқы қоршауын орналастыру, алаңдарды түзету, коммуникацияларын жүргізу және ішкі асфальт төсеу жұмыстары жасалынды. Құрылыс жұмыстарын «Тұрғын үй» ЖШС жүргізді
2018 жылдың басынан аудандық жұмысқа қамту орталығына қала тұрғындарынан 1161 адамнан жұмысқа орналастыру туралы өтініштері түсіп, оның 955 -сы жұмысқа орналастырылды. Кәсіпкерлікті қолдау бойынша берілетін микрокредит 7 адамға 37 млн 800 мың теңге беріліп, өз ісін ашты.
Үйінде білім алатын мүгедек балалар саны — 38 бала, олардың білім алуына бюджеттен 1 млн. 98 мың 500 тенге бөлініп отыр. Талғар қаласының Луговое көшесінде орналасқан жеке меншіктегі бала-бақша кәсіпкер тарапынан қала әкімшілігіне өзіндік қайырымдылық шарасы негізінде 1 га жерде орналасқан 2300 шаршы метр объектісі қала коммуналдық мүлкіне өткізіліп берілді.
Талғар өзенінің арнасында орналасқан Талғар Гидро Электро станциясын қалпына келтіру жеке инвестор AlmatyEngineering компаниясы 210 млн теңге бөліп жұмыстар жүргізуде. Жоба жылыту маусымына дейін қосу жоспарланып отыр. Жоба негізінде Талғар өзенінің арнасын және суқоймаларды қалпына келтіру көзделуде. Жоба аяқталып қосылған жағдайда Талғар қаласына қосымша 19 млн. КВт «жасыл» энергиямен қамтамасыз етіліп, жұмыс орындары ашылып, ең маңыздысы қаланың екі жағалауыда таза сумен қамтамасыз етіліп отырады деп көзделуде.
Қаланы жарықтандыру жұмыстарына бюджеттен 10 млн. тенге бөлініп, 347 жарықтандыру діңгектері және электр төлемдері бойынша қызмет көрсету жұмыстары жүргізілді. Аталған бағдарлама бойынша жарықтандыру діңгектерін түзету жұмыстары және Абай, Бокин және Балуан Шолақ көшелеріне қосымша 50 жарықтандыру бағандары орнату жұмыстары жүргізілуде.
Қаладағы газ мәселесімен «Казтрансгазаймақ» АҚ басшылығымен жеке кәсіпорындар айналысуда. Қазіргі таңда 13600 жеке сектордан 8937 жеке үй газбен 68 пайызға қамтылып отыр. Қала аумағындағы көп қабатты үйлерді газбен жылыту жүйесіне қосу мақсатында бүгінгі таңда КСК құру жұмыстары қолға алынуда. Қазіргі таңда 5 қабатты 111 үйдін 67 де КСК құрылған.
2017-2018 жылы газбен жылыту жүйесіне, Абай көшесі 3 үй (№ 80, 78 А, 78 Б үйлер), Нуртазина № 25 үй, Қонаев көшесі 2 үй (166, 168), Лермонтов көшесінде 10 үй, «Мелиоратор» ауданында 2 үй (3-4) жалпы 18 үй газбен жылытуға қосылды.
Сонымен қатар жеке өз қаражаттарына қала тұрғындары қазандық салу, жылыту құбырларын пәтерлеріне дейін жүргізу жұмыстарын бастауда. Атап айтқанда, Қарасай батыр № 22, 26 а, Абай көшесі № 72, Бокин көшесі 11 үй, Нуртазин көшесі № 21,23 үйлері газбен жылыту қазандықтарын салып бітіру, 12 үйді жылыту маусымына дейін қосу жоспарлануда.
Биылғы жылы Талғар қаласының Горный, Ер Ажибай, Делегатская, Западная, Алатау, Карағанды, Мұратбаев, Орталық ауруханаға кіреберіс, Сүйінбай, Гагарин, Стадион көшесі, Левитана, Ахметова (Шаумяна), Айвозовский, Избакиева, Папова, Глинкин, Левитана, Шевцова көшелерінің 37500 м2 ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бөлінген қаражат көлемі 93,2 млн.тг. ғар қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты осы және өзге де мәліметтер қала әкімі Ж.Әуелбаевтың хабарламасында көрініс тапқан еді.
Ендігі кезекте өз талап-тілектерін білдіру үшін ,сөз тізгіні сайлаушыларға берілді. Қоғам белсендісі Құндызай Хасанова өз сөзін халық қалаулыларының жұмысы жайында ойын білдіріп, ел үмітін арқалап жүрген өкілетті орган мүшелерінің неғұрлым белсені болуын тіледі. Д.Қонаев, Т. Рысқұлов, Павлов көшелерінің соңына дейін, сонымен қатар ел ішінде «кірпіш зауыты» деп аталып кеткен қаламыздың солтүстік аймағындағы саяжай көшелеріне неліктен автобустар бармайды деген сауалын қойды. Қоғамдық көліктер тоқтайтын аялдамалардың талапқа сай болмауын сынға алып, жол қауіпсіздігін қадағалайтын МАИ қызметін күшейтуді сұрады. Аудан бойынша 1-ақ «инватакси» қызмет етеді, ол сұранысты толық қамти алмайтыны анық. Мүгедектер арбасына танылған адамның қоғамдық көлікпен жүріп-тұруы қиын екені айтпаса да түсінікті.
Онсыз да жан азабын шегіп отырған мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, аталмыш көліктің санын арттыру, қызмет сапасын көтеру мәселесіне депутаттар айрықша назар аударуын сұрады . Сонымен қатар Қ.Хасанова қаламыздағы №3 ОМ-нің тозығы жеткенін алға тартып, күрделі жөндеу жүргізуді жоспарға енгізу мәселесін де қадап айтты. Қойылған сауалдардың бірқатарына тиісті мекеме басшылары бірден жауап қайтарды. Мәселен, аталған көшелердің түкпір-түкпіріне дейін автобус жүрмеудің бірден-бір себебі-аялдама мәселесінің шешілмеуі болып отырғанын аудандық мәслихат депутаты, «Тұлпар экспресс» ЖШС-ің директоры Бауыржан Аукенов айтып, түсінік берді. Өз тарапынан да ол осы мәселені көтергенін айтты. «Инватакси» мәселесін қала тұрғыны Зульфия Мұхамедқызы да көтерді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Жаден Смайлов аудан бойынша жарымжан жандарға бір ғана инватакси қызмет ететінін, бұл мәселені шешуге байланысты облысқа хат жолданғанын айтты. Әйтсе де нәтиже болмай тұр. Көптің тілегі ескерусіз қалмай, алдағы уақытта бұл сауал оңтайлы шешіледі деген сенімдеміз. Асылбек Қараев деген азамат аталмыш жиынға қарапайым халықты көбірек тартса деген ойын жеткізе келе, көпқбатты үйлерді көгілір отынға қосу мәселесіне қатысты ұсынысын айтты, шағын кәсібін жүргізуге бөлінген 1 соток жеріне тиесілі құжаттары бар болғанына қарамастан, құрылыс жұмыстарын жүргізе алмай отырғанын алға тартып, шағымданды. Жиында қаламыздағы №49 орта мектебінің тарлығы, сынып бөлмелерінің талапқа сай болмауы, Ю.Гагарин көшесінде жаяу жүргінші жолының жоқтығы сөз болды, сонымен қатар №2,№7 мектептерінің ауласындағы дене тәрбиесі өтетін спорт алаңдарының еш сын көтермейтіні, оларды ретке келтіру, білім шаңырақтарын газға қосу мәселелері де көрініс тапты. Қала әкімінің мәлімдеуінше, биылғы жылы қаламызда орын тепкен 8 мектепке көгілдір отын тартылатын болады. Жас ұрпақтың дені сау болып қалыптасуы мен салауатты өмір салтын насихаттау жұмысының маңыздылығын ескерген халық қалаулылары спорт алаңдарын жөндеу мәселесі де назардан тыс қалмайтынына сендірді. Осылайша, ел алдында есеп беріп, сайлаушыларының талап-тілегіне құлақ асқан депутаттар көтерілген мәселелерді қойын дәптерлеріне түртіп алды, түскен сауалдардың біразына сала мамандары бірден түсінік берсе, енді бірқатары бойынша нақты іс-шаралар жүзеге асырылатыны айтылды. Жиынды қорытындылаған аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебаев ел тілегі ескерусіз қалмайтынын айтып, елімізге тыныштық, жұртымызға береке-бірлік тіледі.
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат