Қазақстан халқының тілдері мерекесінің қорытынды жиыны «Тіл – ұлттың жаны» тақырыбында өтуі бекер болмаса керек. Бұл тіркес Тәуелсіздіктің негізгі құндылығы – тіліміздің тұғырын бүгінгіден де биіктете түсуге тиіспіз деген түсінікті түйіндеп тұрғандай. Халық арасында кеңінен қолдау тапқан Мемлекет
басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының өзінде бәсекеге қабілеттіліктің бірден-бір белгісі кез келген мемлекеттің тілі, ал қазақ елінің асыл мұраты – Мәңгілік Ел идеясы болса, мәңгілік елдің мәңгілік тілі – қазақ тілі деп нақты атап көрсетілген-ді.
Мемлекеттік Гимнмен шымылдығы ашылған салтанатты жиынның негізгі өнерпаздары М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес жəне менеджмент колледжінің студенттері болды. Шараны аталмыш оқу орнының студенттері Т.Бахтиева қазақ тілінде, В.Димаш орыс тілінде, Л.Итакова ағылшын тілінде жүргізіп, ауданымызда «Үш тұғырлы тіл» саясатының өз деңгейінде орындалып жатқанын байқатты. Үш тілде өлең де оқылды, əн де шырқалды. Өзге ұлт балаларының мемлекеттік тілде мүдірмей қазақтың қара өлеңін көркемдеп оқып беруі жаңалық болмаса да көңіл түкпіріне жылылық септі. Олардың қазақ тілін үйреніп, сауатты жаза білуге деген құлшыныстарының артып келе жатқаны қуантты. Концерттік бағдарламадан соң
шараға келген қонақтар ізгі лебізін білдірді. Аудандық кітапхана директоры Махамбет Қармысов пен ақын, тіл жанашыры Камнұр Тəлімұлы тіл жайлы толымды ойларын білдірді. «Қазақ тілін меңгеруге ең алдымен
өз қандастарымыз қызығушылық таныту керек. Тілсіздік – атасыздыққа, атасыздық – опасыздыққа апармай тұрғанда тіл қадірін толық түсінейік. Мемлекеттік тіл — Қазақстан халқының рухани негізі болса, Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екені айтпаса да түсінікті», — деп сүйектен өткізіп, өн бойыңды шамырқандырып, санаға түрлі ой салдыратын шешендік сөздерімен құмарымызды қандырды.
Қорытынды сөзді алған аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Құрманказиев аудан көлемінде ұйымдастырылған бұқаралық іс-шаралардың маңыздылығы мен негізгілеріне тоқталып, жақсы үрдісті қолдап-қошеметтеп жүрген мекемелер, оқу орындары, өнер ұжымдары, мəдени орталық басшыларына алғысын білдірді. Тілдер онкүндігінің іс-шараларына белсене қатысып, мемлекеттік тілдің мəртебесін көтеру, халықтар достығын нығайту барысында қосқан үлестері үшін бір топ азаматтарды бөлім басшысы Фарида Мамырбекқызының атынан құттықтап, сый-сияпат көрсетті.
Тілдің тағдыры – елдің тағдыры, ол тек мемлекеттің саясатымен, мемлекеттік мекеменің ісімен шешілмейді. Мемлекеттік тілдің дамуы жолында қазақ халқының əр перзентінің атқаратын қызметі мен қосатын үлесі зор. Мемлекеттік тілді білу – əр жанұяның, əр ұжымның негізгі мақсаты болғанда ғана біз ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды ұрпаққа аманаттай аламыз.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».