Ағымдағы жылдың 8 айының қорытынсыды бойынша 1394 пара беру және алу фактілері тіркеліп, мемлекет қазынасына 7,7 млрд теңге қайтарылды. Құқық бұзушылықтың басым бөлігі Қостанай мен Түркістан облыстарында болып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Равиль Тюлебаев баяндады, деп хабарлайды ТалғарАқпарат коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекеттік қызмет институтын жетілдіру, оның ішінде, әрбір мемлекеттік қызметшінің бәсекеге қабілеттігін арттыру және құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктерін нығайту бұл Агенттіктің басты мақсаттарының бірі. Агенттікпен жүйелі түрде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуына бақылау жүзеге асырылып, Әдеп жөніндегі кеңестер мен уәкілдердің қызметін үйлестіру жүргізіліп келеді. 2018 жылдың 8 айында Агенттікпен және оның аумақтық департаменттерімен 728 тексеру жүргізілді. Бұл ретте, барлық тексерістердің 70% азаматтардың өтініштері негізінде жүргізілгендігін атап өту керек. Өтініштердің көптеп келіп түсуі халықтың Агенттіктің қызметіне деген сенімділігін артқанын көрсетеді. Сонымен бірге, бұл халықтың бұзушылықтарға деген төзбеушіліктің көрінісі деп білеміз. Жалпы, тексерулер нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама және қызметтік әдеп нормаларының 8000-ға жуық бұзушылық анықталды, оның ішінде мемлекеттік әкімшілік бос лауазымға орналасудың конкурстық тәртібі бойынша – 868, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру бойынша – 662, үстеме жұмыс жасағаны үшін өтем ақы төлеу бойынша – 569, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану тәртібі бойынша – 562, әдеп нормаларының бұзушылықтары – 417», — деді ол.
Айта кету керек, қазіргі таңда 746 мемлекеттік қызметтің 60 %-дан астамы электронды үлгіде қол жетімді. Бұл өз кезегінде парақорлықтың азаюуына өз септігін тигізіп отыр.
-ХХІ ғасыр – технологияның қарыштап дамып жатқан уақыты. Осыған орай, барлық мемлекеттік қызмет көрсету электронды түрге жаппай көшуде. Қазақстанда 5 мыңнан астам информатика мамандары оқытылды. Олар өз кезегінде облыстарға, қалаларға, аудандарға электронды қызмет алу жолдарын халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Яғни, қарапайым халық бір қағаз үшін аудан орталығына немесе қалаға бармай онлайн түрде алады. Мұндай қызмет көрсету өз алдына жемқорлықтың арнасын бітеп отыр десекте артық айтқанымыз емес, – деп қорытындылады ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин.
Талғар-ақпарат