Келелі кеңестің берері мол

Келелі кеңестің берері мол

ТАМЫЗ КЕҢЕСІ

Бірер күннен кейін еліміздің барлық өңірінде мектеп қоңырауы қайта соғылып, күз маусымының алғашқы күні білім теңізіне бет алған жас шәкірттерді мектеп партасы өзіне шақырады. Осыған орай күні кеше жыл сайынғы дәстүрге айналған Тамыз кеңесі өтті.  Тамыз кеңесi – дәстүрге айналған кезектi мәжiлiс қана емес. Бұл керектi жиын, деректi бас қосу. Ол бiлiм саласындағы жаңалықтарды жариялап, бiлгендерімен бөлiсуге, түйінділерді түгендеуге бағытталған маңызы зор кеңес. Осы заманның заңды айнасына айналған ілім мен білімнің ой салдырар кешегісі мен алдымызда тұрған межесі.

Бұл күні білім қызметкерлері Тұздыбастау ауылдық Мәдениет үйінде бас қосты. Тамыз кеңесіне келуші қонақтар алдымен Мәдениет үйінің фойесінде  ұйымдастырылған оқу-әдістемелік көрмесімен танысты.

Кеңеске аудан әкімі Рыскелді Сатбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы қатысып, барлық ауыл әкімдері, ауданымыздың Құрметті азаматтары, бірқатар бөлім басшылары шақырылды. Жиылған көпшілік көрмемен танысып болған соң, кеңес жұмысы басталып кетті. Сахна төріне қойылған үлкен экран арқылы ауданымыздың білім саласындағы жетістіктерді паш ететін бейнефильм көрсетіліп тұрды. Кішкентай бүлдіршіндердің ұстаздарына деген жүрекжарды құттықтауларынан кейін пленарлық мәжіліске кезек берілді. Тамыз кеңесінің жұмысын аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Алғатбекұлы жүргізіп, алғашқы сөзді баяндама жасау үшін аудандық білімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұржан Оралхановаға берді.  «Төртінші өнеркәсіптік революциясы жағдайындағы адами капитал» атты тақырыпта баяндама жасаған Нұржан Оралханқызы өткен оқу жылындағы атқарылған жұмыстар жайын тілге тиек етті.

-Бүгінгі күн – білім  беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезеңі.  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Төртінші өнеркәсіптік революцияға арналған биылғы Жолдауында адам капиталы елімізді дамытудың ең маңызды бағыты деп атап өтті. Елдің бәсекеге қабілетті болуы және дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін адам капиталының рөлі ерекше. Жолдаудың бұл бағытында бірнеше міндеттер қойылған. Атап айтсақ, жаңа мазмұнға көшуді жалғастыру, жоғары сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту, аттестаттаудың жаңа жүйесіне көшу, мұғалімдердің жалақысын көбейту, білім беруді цифрландыру, жан басына қаржыландыруды енгізу. Білім арқылы бәсекеге түсу, білім арқылы озу — қай  жағынан алғанда маңызды міндет. Өйткені ғылым дамымай дүние дамымайтыны аян. Бұл ретте Қазақстандық білім берудің басты міндеті – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттауды, ІТ-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керектігін алға тартады. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайтуға назар аударады. Міне, сондықтан қазақстандықтардың өскелең ұрпағы бәсекеге қабілетті білімге ие болуы керек деген еді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі ұсынған 2010-2020 жылдарға арналған бағдарлама білім беру жүйесінің ұлттық моделін жасауды қамтамасыз ету, оны халықаралық білім беру кеңістігіне енгізу мақсатын қойды. Білім беру жүйесіндегі басты стратегиялық міндет -жастардың барлық деңгейлер мен сатыларда сапалы білім алуына қол жетімділігін кеңейтумен айқындалады. Мемлекеттің бұл стратегиясының жүзеге асуына Талғар ауданының білім мекемелері де өз үлесін қосып келеді,- деген бөлім басшысы ауданымыздың білім саласындағы өткен жылы атқарылған игі істер мен болашаққа жоспарланған шараларға тоқталып өтті.

Ауданымызда жалпы білім беретін 43-і орта мектеп бар. Олардың біреуі үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған арнайы мектеп-гимназиясы, 3-і орта мектеп- гимназия, 2-уі орта мектеп-лицейі және Қызыл-Қайрат ауылындағы № 19 көпсалалы мектеп-гимназиясы. Оған қоса, 6 балабақша, 2 мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, 2 музыкалық мектеп, 5 мектептен  тыс қосымша оқыту мекемелері бар. Аудандық бюджет есебінен қаржыландырылатын Алматы қаласында орналасқан №15 орта мектеп-интернаты мен Талғар қаласындағы санаторлық үлгідегі мектеп-интернаты бар.

Білім мекемелеріндегі оқушы саны — 37596, білім сапасы 59 пайызды құрайды. Талғар ауданына қарасты 25 елді мекенде бүгінгі күні мектеп жоқ. Оның 15-і мектебі жоқ елді мекен, 6 саяжай, 1-і тиісті мектебі жоқ елді мекен, 3 ықшам аудандардан 14 мектепке 2635 оқушы тасымалданып оқытылды. Биылғы жылы 37 мектептің 1350 жетім, жартылай жетім, жағдайы төмен отбасы балаларына бюджет қаражатынан 70 млн. 585 мың теңге бөлініп тегін ыстық тамақпен қамтылған. Аудан бойынша 27 мектептің асханасында 26098 балаға ыстық тамақ ұйымдастырылған. Оның ішінде  1283 жетім, жартылай жетім, жағдайы төмен отбасы балалары тегін тамақтанды. 10 мектептің буфетінде 5987 оқушы қоғамдық тамақпен, оның ішінде 198 оқушыға тегін қоғамдық тамақтандыру  ұйымдастырылған.

Өтке жылы  № 22  жалпы білім беретін шағын орталығы бар орта мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтуіне байланысты құрал жабдығының жиынтығын сатып алу үшін 14 млн 932 мың теңге бөлініп, құрал -жабдықтар сатып алынды. Биылғы оқу жылында  9 миллион 882 мың теңге бөлініп, барлық аудан мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа оқу жылына білім мекемелері дайындықпен тұр. Аудан бойынша жалпылама оқуға тарту қорына  136  млн. 779 мың теңге бөлінген. Ол қаражаттың 78 млн 307 мың теңгесі оқушыларды тегін тамақтандыруға, 15 млн 900 мың теңгесі балаларды жазғы демалысқа жіберуге,  34 млн 680 мың теңгесі ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, көп балалы,  жағдайы төмен отбасы балаларына ақшалай көмек көрсетуге қарастырылған. Жыл сайынғы дәстүрге сай 1 тамыздан бастап  30  қыркүйек аралығында  жалпы республикалық «Мектепке жол» акциясы басталып, «Бақытты баланың мекені» ұранымен жүргізілуде. Биылғы жылы да аудан аппаратының қызметкерлері мен бөлім басшылары қам көңіл баларға қайырымдылық көмек көрсетіп жатыр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы бойынша оқулықпен тегін қамтамасыз етілуі тиісті балаларды толық қамтамасыз етілуі бағытында жұмыстар жүргізілуде. 2018-2019 оқу жылына мектеп оқушыларын оқулықпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 394 млн. 955 мың теңге бөлініп,  3,6,8 сыныптардың жаңартылған білім беру бағдарламасына енуіне байланысты оқулықтары сатылып алынды. Аудан бойынша оқулықпен қамтылу пайызы 100 құрайды.

Жалпы ауданымызға қарасты білім мекемелерінде 3580 ұстаз еңбек етуде. Жылдан жылға аудан мұғалімдерінің саны ғана емес, сапалық құрамы да артып келеді. 3580 мұғалімнің 3173-і жоғары, 53-і аяқталмаған жоғары, 354-ы арнаулы орта білімді. Оның ішінде 879-і жоғары, 1031-і бірінші, 861-і екінші санатты, 809-і еңбек ақысындағы ұстаздар. Білім сапасы мұғалімдер қызметінің сапасына тікелей байланысты болғандықтан ұстаздардың білімін жан-жақты жетілдіру мәселесі ерекше назарға алынып, педагогтарға жаңа мақсатпен міндеттерді жүктеліп отыр. Сапалы білім, саналы тәрбие беруде педагог мамандардың үнемі, үздіксіз білімін жетілдіру мәселесі білім бөлімі тарапынан басты назарға алынып, білім мекемелерінің « Үш тілде  оқыту жағдайында мұғалімдердің пәндік және тілдік-қатысымдық  құзыреттіліктерін  қалыптастыру» қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептердің « Физика»,  «Химия», «Биология» және « Информатика» пәнінен барлығы – 50 мұғалім, оның ішінде 10 мұғалім физика,16 мұғалім информатика,16 мұғалім биология және 8 мұғалім химия  пәнінен білімдерін жетілдіру үстінде.

Мұғалімнің негізгі міндеті-оқушының ешкімге ұқсамайтын даралығын, шеберлігін көрсету, оны дамыту, жарыққа шығару. Мектеп атын оқушының саны емес, дарынды оқушының даңқы шығарады. 2017-2018 оқу жылында оқушылар арасында «Дарын» бағдарламасы бойынша ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, облыстық «Дарын» ғылыми практикалық  конференциясына  ауданнан  25 оқушы қатысып, 25-і  жүлделі орындарды иеленді. Республикалық Ақтөбе қаласында өткен пәндік олимпиададан  №14  мектептің математика  пәнінен 10 сынып оқушысы Бегалы Байсалды 3-орынға ие болды. Орта буындағы мектеп оқушыларына арналған «Зерде» ғылыми жобаға аудан бойынша 7 оқушы Қостанай қаласында өткен Республикалық ғылыми жобаға қатысып жүлделі орындарды иеленіп аудан абройын арттырып  қайтты. Қазақстан Республикасының Кіші Ғылым Академиясы, Алматы облыстық 25-ші ғылыми-тәжірибелік конференциясында  56-окушы 1-2-3 орындар жеңіп  алса,  ҮІІ Республикалық КАТЕҮ қазақ тілі олимпиадасының  Республикалық  кезеңінде «Жарқын болашақ» олимпиадасына оқыту тіліне қарамастан мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың арасында облысымыздың 16 ауданынан және 3 қалалық мектептерінен келген 7-11 сынып оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 5 бағыт бойынша білімін сарапқа салып, облыстық кезеңге өтіп, жүлделі оралды. Сонымен қатар ауданымызда  жалпы пән байқаулары 18 пәннен өткізіліп, барлығы 400 мұғалім өз шеберліктерін сыннан өткізді. Мұғалімдердің шығармашылық шеберлігін шыңдау мақсатында пәндердің және әртүрлі педагогикалық қызметтердің 18 түрінен өткізілген жарыстардың 8 түріне қатысып, 2 түрі бойынша бас жүлдені, 4 түрі бойынша жүлделі орындарды жеңіп алса, № 29 мектептің педагог ұжымдары да  жарыстардың 7 түріне қатысып, 5 түрі бойынша жүлделі орын жеңімпаздары атанды. Талдықорған қаласында өткен  Облыстық «Үздік ауыл мектебі -2018» байқауында Панфилов ауылындағы № 33- орта мектеп «ЖАҢАШЫЛ МЕКТЕП» номинациясын иеленді. Талғар қаласындағы № 7 орта мектептің математика пәні мұғалімі  Мейрамгул Рашаева мен қазақ тілі пәнінің мұғалімі Кенже Жамаловалар облыстық байқауда бас жүлдені жеңіп алса, №17 орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлзира Әжекенова да бас жүлдені иеленіп келді. №19 мектептің география пәнінің мұғалімі Динара Зікірбаева 3 дәрежелі дипломға ие болса, №17 мектеп биологы Наталья Курджиди «Білім беру ұйымының үздік жоспары» байқауынан 2 дәрежелі дипломмен марапатталса,  №7 мектептің химия пәнінің мұғалімі Шынар Қуанғанова «Бірімжанов» олимпиадасынан 3 дәрежелі дипломмен марапатталды. №20 мектеп психологы  Гүлнұр Мыңбасова 1 орынга ие болып ауданымыздың абыройын асқақтатты.

Өткен оқу жылында мектеп бітірген 1515 оқушы қорытынды атестаттауға қатысты,  “Алтын белгі” аттестатына  үміткер болған 84 оқушының 22-і білімін дәлелдесе, үздік аттестатқа үміткер болған 71оқушының 16-сы білімін дәлелдеп шыққан. Өткен оқу жылының білім сапасы 59% құрады.  Аудан бойынша ең жоғарғы 130 балл жинаған  Бельбұлақ ауылындағы  №32 орта мектептің түлегі Әсем Нұржанқызы болды. Жалпы ауданның орта балы – 76,4 болды.  Былтырғы оқу жылымен    салыстырғанда  мектеп бітірушілердің орта балы біршама жоғарылаған.

Сонымен қатар алғашқы ондыққа енген мектептерді атап өтсек, олар -Арыстан-93 балл, №7-86,7 балл, №36-84,3 балл, №42– 84 балл, №10 – 82 балл, №8 – 81 балл, №35 – 80,7 балл, №19– 80,5 балл, №13 – 80,5 балл, №16 – 80,5 балл жинап алдыңғы қатардан көрінді. Сондай-ақ, білім мекемесінде төменгі көрсеткіш көрсеткен мектептеріміз де бар. Биылғы жылы жаңа форматта тапсырған тест қорытындысы мектеп түлектерінің негізгі пәндері бойынша дайындықтары мен білімдерінің жеткіліксіз дәрежеде екендігін көрсетті. «Алтын белгі» аттестатына үміткерлер таңдау пәндері мен Қазақстан тарихы,  математикадан білімдерін дәлелдей алмаған. ҰБТ нәтижесі төмендігі сын көтермейтін кемшілік екенін мойындаған бөлім басшысы алдағы оқу жылында кеткен кемшіліктерге баса назар аударып,  дайындықты жан-жақты күшейтіп, сапалы білім беретін кадр мәселесін жақсартуға ерекше күш салатынын жеткізді. Баяндама барысында білім беру саласын жетілдіруге байланысты жасалып жатқан жаңартылған бағдарлама төңірегінде, кәмілеттік жасқа толмағандар арасындағы құқықбұзушылық туралы, білім мекемелерін ақпараттандыру жайлы да толық мағлұмат беріп өтті.  Өткен оқу жылындағы жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерді баяндап берген бөлім басшысы биылғы оқу жылында қажырлы еңбек етіп, ауданымыздың білім саласын биік белестеге көтеруге жұмыла жұмыс жасайтындықтарын айтып баяндамасын аяқтады.

Содан кейін жарыссөзге кезек берілді. Мінберге көтерілген Талғар қаласы әкімі Жандос Әуелбаев «Төртінші өнеркәсіптік революциясы жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері», №2 балабақшаның меңгерушісі Ольга Котрова «Реализация три единство языка как условия обеспечения нового качество дошкольного образования», №21 орта мектептің директоры Қуан Айтбаев «Жаңартылған бағдарлама: ізденіс пен тәжірибе», ата-аналар атынан Индира Алимбаев «Педагогикалық ұжымның ата-аналар қауымдастығымен ықпалдастығы», №29 орта мектептің ұстазы Алмас Сабыржан «Үш тілде оқытуды дамыту білім беру ұйымдарында іске асыру» тақырыптарында өз ойларымен бөлісіп, сөз сөйледі. Тамыз кеңесін аудан әкімі Рыскелді Сатбаев қорытындылап, Елбасымыз соңғы Жолдауында еліміздің жарқын болашаққа қадам басуы үшін біздің алдымызға көптеген міндеттер қойып отырғанын айтып, бұдан былай, білім арқылы бәсекеге түсу, білім арқылы озу – біздің басты қағидамызға айналуы тиіс екенін қадап айтты.

Ауданымыздың білім саласындағы бүгінге дейін атқарылған ауқымды істер мен алдағы уақытқа жоспарланған шаралар жайын да тілге тиек етіп, білім сапасын артыру үшін басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.  Жиын соңы ұлағатты ұстаздарды аудан әкімінің, облыстық білім беру, аудандық кәсіподақ ұйымының «Құрмет грамоталары» және «Алғыс хаттарымен» марапаттауға ұласты. Ауданға келген жас мамандарға салтанатты түрде «Еңбек кітапшалары» табыс етіліп, зейнет демалысына шыққан білім қызметкерлерінің иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.

Ертеңгі күннің еншісі – бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өлшемімен таразыланады. Бұл ретте, барлық үміт – ұстаз бойындағы міндетте. Ұстаз – ұлағатты атау. Алтын ұя мектептің жаны да, ары да – мұғалім. Өнегелі ұстаздан өрелі шәкірт шығатыны белгілі. Себебі ұстаз қаншалықты қабілетті болса, оқушы да соншалықты талапты болмақ. Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағлымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы ұстаным.

 

Перизат Нұрқаева,

«Талғар»