Белгілі әнші, сазгер Мұратбек Сарыбасовтың ән кеші жуырда Тұздыбастау ауылының мәдениет сарайында әнмен әлдилеген әсем әуен Алатау аспанында өлең болып өрілді.
Бұрынғыларға мұрагер, кейінгіге бұйдагер, бабалар мұратына адал ұлан бірде дəстүрлі əннің қайнарына сүңгіп, əсем əннің лəззатына қандырса, бірде əйгілі сазгерлердің тамаша əндеріне тарту етіп, жасампаздықтың
шалқар айдынында жүздірді. Дарынды да талантты сазгер, əнші Мұратбек өзінің жаңа туындыларын тарту етуі, көрермендердің ықыласына бөленіп қана қоймастан, өзінің сегіз қырлы бір сырлы талантын тағы бір қырынан əйгілегендей болды.
Əсіресе сазгердің мектеп қабырғасында жүргенде шығарған алғашқы туындысы – анасына арнаған əнімен
есейген шағында «Жүрегімнің төріндесің» деп достарына арнаған əні, бүгінгі күнде ел аузынан
түспейтін «Қаражорға», «Шопыр əні», «Жасасын, Қазақ Елі» əні көрерменнің жүрегін елжіретіп
қуанышқа бөледі. Мен Мұратбектің қарапайым да кішпейіл, өте ізденгіш, жауапкершілігі күшті, ісіне адал,
жылт еткен жаңалықты бойына тамаша сіңіріп алға жалғай білетін іскерліктің иесі екенін сезіндім. Сондықтан да оның жасампаздығы жемісті де өрісті болып отыр. Оның жаңа əндері бір ізге түсіп қалмаған, көп қырлы, көп түрліліктің үлгісі. Тамаша əуендері бірде алты қырдың астынан естілсе, бірде иек артпадан жарқ етіп жаныңды жадыратып жібереді. Бірде өзінің əсем ырғағына түсіріп, көрерменін еріксіз билетіп
те жібереді. Əуендерінің ырғағын самұрықтай самғатып, лашындай шырқатып, қаршығадай
қайырылтып, қырғыйдай екпіндетіп, бұлбұлдай құбылтып, тұйығындай тіліп түсер өткірлік танытады. Осындай талантты сазгер əншіні өз деңгейінде таный алдықпа? Бұған менің күдігім бар. Өйткені Мұратбек
25 жасында Тұздыбастауға келіп ірге тепкен. Міне, бүгін 50 жасында əн кешін өткізіп отыр. Тұздыбастау
тұрғыны Нұрғали ақсақалдың сиясы кеппеген жаңа əнін сахна төрінде шырқап тұр. Таңғалып Нұрғали отыр.
Бұрын Мұратбектің бұндай өнері барын білмеген екен.
– Қарағым, сені бүгін ғана көріп, біліп отырғанымды кешір. Бұл қолда бар алтынның қадырын білмегенің емей немене?! Біз өзімізді танып білмесек, бір біріміздің қадырымызға жетпесек қайтып қана қанатымызды
кеңге жая аламыз. Ауылымыздың атын асқақтатып, əлемге таныта аламыз. Мұратбектен əлде қайда төмен деңгейдегі кейбіреулер жарнамалаудың, көкелерінің көтермелеуінің арқасында ала көлді алшысынан басып жүр. «Бір адамды көкке көтерсең күн, табанға салсаң жүн болады» деген осы да. Шынайы дарыны бар
азаматын бағалай алу, алмау ер азаматқа тəн, əрі елдігімізге сын, – дейді.
Тұздыбастауға келіп ірге тепкеніме 3 жылға қадам басты. Бұл ауыл көңіліме жақты. Тұздыбастауға арнаған өлеңімді биыл наурыз мерекесінде оқып көпке тарту еттім. Қазақта бір сөз бар «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген. Бұл сынды жақсы қасиет Мұратбеккеде дарыған екен. Көрнекті сазгер, сатирик
ақын, марқұм Қажытай Илиясұлының «Кешіктің неге сен?» дейтін əнін нақышына келтіріп əуелеткенде тебіренбеген жан болмады, ақын ағасына деген сағыныш сазы талайдың көңіл күйін босатып, жанын
тебірентті. Бұл Мұратбектің аға буынға деген адалдығы ғой. Өлі тұрмақ, тіріні қаншалық сыйлап жүрміз?
Сөзден сөз туады демекші, иə, менің есіме ертеректе қайтыс болған əйгілі композитор Бəдет Ахметжанұлының
бейнесі елес берді. Екеуіміз дос едік. Əсіресе достығымыз көркемөнер жасампаздығында көрнекілене түсті.
Оның əуендеріне көптеген əн сөздерін жаздым. Талай əндері мемлекеттік сыйлыққа ие болды, оқулыққа енді, алтын қорда сақталды. Ол өте дарынды еді. Қаршығадай ғана, елгезек, қарапайым жан еді. Жасампаздықта алдына жан салмады, əндері кең тарады, өміршең болды. Мұндай қасиеттің Мұратбекте де бар екеніне
шүбəм жоқ. Əншінің ең бір көрнекті ерекшелігі – сөзі ұғынықты болуы. Бұл қасиет Мұратбекте толығымен бар екен. Əні əуезділігімен, ұғынықтылығымен көпті өзіне баурайды екен. Мұны дамыта беру керек.
Елуінде еліне елеулі, халқына қалаулы болған азаматқа Тұздыбастау ауылы əкімі атынан мəдениет сарайының жауаптысы марапаттау хатын тапсырды. Міне, бұл азаматтың еңбегінің еленгені. Мұратбектің əн кеші айтса айтқандай, өз биігін тапқандай болды. Мен сазгер əншінің елу жасын құттықтай отырып, халқына ойлы да, ұғымды, өміршең əндерді дүниеге əкеле беруін тілеймін!
Қажыбек Төтекин,
Тұздыбастау ауылының тұрғыны,
ақын,жазушы.