«Рухани жаңғыру» — балабақшадан

«Рухани жаңғыру» — балабақшадан

Талғар ауданында 200 мыңға жуық халық тұрады.  Демографиялық өсім белсенді. Сондықтан да балабақша  артықтық етпейтінін ескерген жергілікті басшылық мемлекеттік бағдарламаларды нысанға алып мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы балабақшалардың санын көбейтуді негізге алған. Солардың бірі 2016 жылы қолданысқа берілген ЖШС «Премиум-Талғар» балабақшасы. Ауданға арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева да алғашқы жұмыс барысын аталмыш тәрбие ошағынан бастауды жөн көрді. Себебі, тәрбие басы мектепке дейінгі мекеме екендігін ескеріп, балабақша ғимаратындағы атқарылған жұмыстарды бағалап,  шешілуге тиіс түйінді мәселелерді түртіп алмақ.

Жеке кәсіпкер Ғани Чаймерденовтың қаржысына салынып, 600 орынға арналған тәрбие мекемесі алғашқы кезде 4 топтық 100 баламен жұмысын бастаған болса, бүгінде  20 топтағы баланың саны 500-ге жетіп жығылады. Оның 250-і арнайы автобуспен тасымалданады.  6 топ мектепке дайындық  үстінде.   Алқалы топты қарсы алған  балабақша меңгерушісі Жазира Бейсен әр топтың бөлмесін жеке-жеке таныстырып, гимнастика, дене шынықтыру, асхана сияқты бөлмелерді аралатты.  «Балдырған», «Күншуақ», «Айгөлек» топтарына  (тәрбиешілері-А.Аңламасова, И.Төленді, С.Әбіш)  бас сұққан Валиева ханым балалармен етене сөйлесіп, не  білетіндіктерін  сұрап, сол арқылы тәрбие ошағының да деңгейін сараптағандай болды.

Әйтеуір әр сұраққа мүдірмей, бала тілімен жауап берген бүлдіршіндер апайлары мен балабақшаларын  ұятқа қалдырған жоқ.  Қолөнер бөлмесіндегі бала моторикасын дамытуға үлес қосатын көрнекі бұйымдармен танысып, қажет кеңестерін берген мәжілісмен оқу-тәрбие жұмыстарын күнделікті тіршілік көзімен сабақтастыра, байланыстыра білудің маңызы зор екендігін жеткізді.  Мысалы, жай ғана түйме қадау, бау байлау сынды қарапайым әдістерді сабақ барысында үйрету қажеттігі алдағы өміріне пайдалы болмақ.  Психолог, медбике мен асхана жұмысы да депутат назарынан тыс қалмады. Ыдыстардың  қандай құралдармен дезинфекцияланатынын да қадап сұрап, қажетті кеңестерімен бөлісті. Қанша дегенмен бұрынғы бала құқықтары жөніндегі уәкіл болғандықтан ұсақ-түйек дүниенің өзіне зер сала қарау  әдетіне айналған екен.   Әлі де болса методиканы нығайтып, бала тәрбиелеудегі жұмыстарды жетілдіру қажеттігін алға тартқан Зағипа Яхянқызы балабақша басшысына оқу-тәрбие жұмыстарының  денін  латын әліпбиіне негізделген мемлекеттік тілде жүргізілуін ойластыруды тапсырды. Кешеуілдетпей қазірден бастасақ ұтарымыз мол болмақтығын ескерттті. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік — бұл қоғамдық маңызды жобаларды жүзеге асыруға бағдарлама. «Игі бастаманы жалғастырып, әлеуметтік нысандардың санын арттыру қажет», — деген халық қалаулысы сыртқы, ішкі безендірілуі мен жабдықталуы заман сұранысына сай болып тұрған балабақшаның білім бәсекесіндегі бәсі де жоғары болуын тіледі.

«Аяланың» әлеуметтік ахуалымен танысты

Келесі кезекте «Аяла» Талғар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына ас басын бұрған  экс-омбудсмен алдымен орталықтың іші-сыртын аралап көрді. Жаңадан тағайындалған орталық басшысы Ляззат Абдрахманова алқалы топты алып жүріп,  орталықтың жұмысымен таныстырды. «Аяла» стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алуға мұқтаж, үштен он сегіз жасқа дейін мүгедек балалардың тұрақты немесе уақытша (үш айға дейін) тұруына арналған коммуналдық мемлекеттік мекеме. 101 орынға арналған.  Бүгінде  көмекке зәру 92  бала  орталықты паналаған.  Жас пен топқа бөлінген бөлмелердегі балалардың мүсәпір халіне қарап «тәубә» дейсің сөзсіз.

Өз беттерінше жүріп-тұра алмайтын, тіпті кейбірі  кісі көмегінсіз басын да көтере алмайтын  балалар күтушілеріне қарап жаутаңдап, қол созады. Тек жанарларындағы отты ұшқын мен үміттті сәуле өмір сүруге талпыныстарының шексіз екендіктерін мойындатқандай.  Оңалту бөлмелері мен ойын алаңдарын,  емдік шара жүргізетін арнаулы орындарын аралап, әлеуметтік ахуалымен танысып  шыққан мәжіліс депутаты  аймақ басшылығының мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты жасап жатқан қамқорлығына  оң бағасын беріп, сапарының мақсатын түсіндірді. «Барлығына көмек көрсеткіміз-ақ келеді. Оған шама жоқ. Сондықтан арнайы осындай балалар үшін әлеуметтік бағдарламаның қайта қаралғанын қалаймыз. Депутат  ретінде оған қолдау көрсетуге әзірміз»- деп, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.  Сондай-ақ кездесу барысында әлеуметтік қызметкерлердің жағдайы да сөз етілді. Әсіресе, жалақы мәселесі. Өйткені ауру баламен алысып жүргеніне қарамастан бұл саладағы мамандар төмен жалақымен жүргендігі өтірік емес.  Кадр мәселесінің жетіспеушілігі де алға тартылды.  Бала мен анаға қатысты мәселеге құлақ түріп жүретін  мәжілісмен Үкіметтік деңгейде шешілетін мәселелерді міндетті түрде жеткізетінін айтты.

Тариф түйткілі тең шешілді

«Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы Каналы» ұжымымен кездескен келелі кездесу негізгі мәселенің түйткілінің шешілуіне себеп болды. Мекеме басшысы Саят Құдайбергеновтың айтуынша көкейкесті мәселенің бірі – тариф мәселесі екен.  Осы жылдың 1 тамызынан жаңа тариф күшіне енсе шығынға ұшырауға шақ қалатын мекеме мәжілісменнен  мүмкіндік болып жатса қазіргі тарифты қалдыруды өтінді. Яғни, монополияға қарсы  комитеттің  заңына сәйкес бұл мәселеге Үкімет тарапынан қолдау қажеттігі айдан анық. Сауалдарын мұқият тыңдаған Зағипа Яхянқызы бірден телефон арқылы  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен   монополияға қарсы комитеттің жауапты сала басшыларына шығып, түйткілді мәселені шешіп берді.  Сөз болған субсидия мәселесі де оң шешімін табатын болды.

М.Дүйсенғалиева

Талғар