Соңғы 20 жылда Алматы облысында вакцинамен басқарылатын аурулардың саны әлдеқайда төмендегені байқалады. Соның ішінде қызамық сырқаттанушылығы 13 есеге және эпидемиялық паротит 800 есеге төмендеді. Ал көкжөтелмен сырқаттанудың тұрақты төменгі деңгейі ұсталуда, дифтерияның сонғы жағдайы 2003 жылы тіркелген. Бұл туралы Алматы облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сыдыманов Ерғали баяндады, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы бойынша жыл сайын 5 миллионға жуық адам, соның ішінде 1,3 миллион бала жұқпалы ауруларға қарсы егіледі. Тұрғындарды иммундау Ұлттық күнтізбеге сәйкес 21 жұқпалы ауруға ақысыз жүргізіледі.
«Соңғы кездері жалпы облыс аумағындағы атқарылған жұмыстар нәтижесінде тырысқақ, оба, геморрагиялық қызбасы сияқты аса қауіпті инфекциялық аурулар тіркелген жоқ. Жасырары жоқ, бұрын Жетісу өңірінде оба, туляремия, күйдіргі сияқты аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошағы болған. Тіпті, облыс аумағындағы 20 ауданның 14-нен аса қауіпті инфекциялардың табиғи белгілері табылған. Мемлекеттік мекемелер тарапынан тұрақты қадағалау шаралары мен қырағылықтың арқасында аталмыш дерт дер кезінде ауыздықтады. Сонымен қатар бүгінгі күні Қазақстанда жаңғырту, эпидемиологиялық бақылау және биологиялық қауіпсіздік жүйесі жан-жақты жетілдірілу үстінде. Осыған байланысты, 2017 жылы Алматы қаласында Орталық Референттік зертхана құрылысы аяқталды. Онда биологиялық қауіп-қатерлерді сезінетін аса қауіпті инфекциялардың штаммдарына және елімізде аз кездесетін белгілі инфекцияларға ғылыми зерттеу жасалады. Оның ішінде Денге, Зика, Эбола қызбалары, MERS вирусы және басқа да уақытылы диагностикалау жүргізіледі» – деді Е.Сыдыманов.
Жиын соңында Ерғали Жақсыбекұлы жалпы Жетісу жұртын жаз айында жеміс-жидек, улы жәндіктер мен үй жануарларынан тарайтын аурудан сақ болуға шақырды.
Талғар-ақпарат