Депутат ел ортасында

Депутат ел ортасында

Депутат- халық қалаулысы. Қарапайым халық пен биліктің арасын жалғастыратын көпір іспеттес. Халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі мәслихатқа депутат арқылы жетеді. Елбасының жүргізіп жатқан саралы саясаты мен бағамды бағдарламаларын да халыққа түсіндіріп, насихаттайтын да халық қалаулылары. Апта басталысымен ауданымызға кезекті іс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғановтың да мақсаты Елбасының «Бес әлеуметтік бастама» атты Үндеуін халыққа түсіндіріп, халық қалаулыларының атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, халықпен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдау болды. Халық қалаулысын аудан әкімі Рыскелді Сатбаев бастап, аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетовалар мен әкім орынбасарлары, бірқатар бөлім басшылары бірге жүрді. Жұмыс тобы алдымен Талғар қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынып жатқан 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс алаңында бас қосты.

Бұл несиелік тұрғын үйдің құрылысын «СКБ Констракшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айының аяғында ел игілігіне беріледі деп жоспарланған тұрғын үй құрылысына 486,4 млн. теңге қаражат бөлініпті.

Аудан әкімі Рыскелді Ахметқалиұлы бүгінгі күні ауданымызда 2775 адам үй кезегіне тіркелгендігін айтып, алдағы уақытта қаламызда жаңа шағынаудан бой көтеріп, бірнеше тұрғын үй салынатынын тілге етті. Әбдіманап Елікбайұлы Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында сөз қозғап, «7-20-25» бағдарламасының тұрғындар үшін қолжетімділігін алға тартты. Парламент отырыстарында бұл бағдарламаның ауылды аймақтарға арналған жаңа жобасын ұсынып отырғанын да айтты. Аудан әкімінен бастап барлық басшыларға құрылыс нысанының жоспарға сай аяқталып, ел игілігіне берілуін қатаң қадағалауды тапсырды. Әрі өз тарапынан да назарда ұстайтынын айтты.

Келесі кезекте Парламент депутаты Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қайнар ауылдық округіне қарасты Дәулет ауылында бой көтеріп жатқан 300 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты. Биылғы жылдың қаңтарында басталған мектеп құрылысы жоспар бойынша келесі жылдың наурызына аяқталуы тиіс. Құрылыс жұмыстарына 1 594 942 160 теңге қаражат бөлінген. Бүгінде тиісті қаражат уақытылы аударылмағандықтан жүргізіліп жатқан жұмыс тұралап қалған. Әбдіманап Елікбайұлы құрылыс жұмыстарының қарқынымен танысқан соң, қаражаттың уақытылы түсіп тұруын өз қадағалауына алды.

Құрылыс нысандарын аралап болған соң жиылған қауым Еламан ауылындағы №41 орта мектепте ауыл тұрғындарымен кездесті. Жиынды аудан әкімі Рыскелді Ахметқалиұлы өзі жүргізіп, алғашқы сөзді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғановқа берді. Мінберге көтерліген депутат Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» тұрғысында сөз қозғап, ел игілігі үшін бастау алған бастаманың тиімділігін тарқатып айтып берді.

Ауыл тұрғындарының өтініш-тілектерін де тыңдады. Бірінші болып сөз алған «Жетісу» телеарнасының тілшісі Құрманжан Қасымжанұлы үш тілділікке көшу мәселесін алға тартса, Байжан Нүсіпқожаев «7-20-25» бағдарламасының ауылды аймақтарда қалай жүзеге асатынын сұрады. Ауылдық округтің ақсақалдар алқасының төрағасы Тұрсынғали Саудабаев бірнеше мәселе көтерді. Оның алғашқысы ауданымыздағы ірі кәсіпорындардың салық төлемдерінің аудан бюджетіне түсуін қадағалау болса, одан кейін электр трансформаторларының Алматы жарық компаниясына өтуіне ықпалдасуын өтінді. Өйткені, жұртшылық бүгінде электр энергиясының киловатына 28 теңгеден төлеп келеді екен. Келесі кезекте сөз алған Қанат Тәліпов ауылға емхана мен пошта бөлімшесі керек екенін, ауылды көгілдір отынға қосу мәселесін тілге тиек етті. Жиын барысында көтерілген  сұрақтардың кейбіреулеріне қолма қол жауап берілсе, кейбірі уақыт еншісіне қойылды. Халық қалаулысының назарына алынды.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».