«ASAR» үшжақты ынтымақтастық II республикалық форумының жалғасы екінші күні Талдықорғандағы Көрме кешенінде өткен болатын. Оған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және 300-ге жуық Үкіметтік емес ұйым өкілдері мен ірі бизнес құрылымдар қатысты, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Форум жұмысы барысында Дархан Кәлетаев «әлеуметтік идеялар платформасының» аясында кәсіпкерлерден қолдау тапқан жобалармен танысты. Сондай-ақ, форумның қоғамдағы әлеуметтік-өзекті мәселелерді шешуге және мемлекет, ҮЕҰ және кәсіпкерлердің сұхбат алаңына айналғанын атап өтті.
— Бүгінгі жиын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында іске асырылып отыр. «ASAR» — ҮЕҰ, бизнес және мемлекеттің бірлескен озық тәжірибесін қолдана отырып, қосымша ресурстар мен тың идеялардың тоғысқан алаңы болып табылады, — деді ол.
Сонымен қатар шарада, Жақсылық Омар облыстың дамуына ҮЕҰ-ның қатысуымен бірқатар жобалардың табысты іске асып жатқанын айтып өтті.
— «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде Жетісудың кәсіпкерлері әлеуметтік нысандардың құрылысына: балабақшаларға, саябақтарға, мектептерге, мәдени-спорттық нысандарға белсенді түрде қаржы бөле бастады. Бұл форум тұрақты ынтымақтастықтың іргетасын қалады, сонымен қатар, әлеуметтік мәселелерді шешуде азаматтық қоғамды жандандыруға серпін береді, — деп қосып өтті.
Жалпы әлеуметтік идеялар платформасына барлығы 216 өтінім келіп түсті. Ең көп жобалар Алматы , Павлодар және Қостанай облыстарынан келді.
Платформаға қатысу үшін 141 жоба іріктеліп алынды. Қазіргі күні кәсіпкерлер 8 жобаға қолдау көрсетті. Оның ішінде 4 жоба Алматы облысынан және Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласынан 1 жобадан келді.
Бұл жобалар азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Мысалы, «Нақты көмек» қоғамдық қорының жобасы (Жамбыл облысы) мүмкіндігі шектеулі жандарды пішіп-тігуге, қолөнерге, тоқыма ісіне, құрақ өнеріне үйрету және әрі қарай жұмысқа орналастыруды қарастырады.
Әлеуметтік идеялар платформасын өткізудің негізгі мақсаты – қоғамның әлеуметтік мәселелерін анықтау және шешудегі бизнес пен үкіметтік емес ұйымның өзара іс-әрекетін күшейту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілік тәжірибелерін ілгерілету.
Айта кетейік, шара соңында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев пен «Қазақстан Медиа Альянсы» басқармасының төрағасы Арманжан Байтасов ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жол картасы бойынша мемарандумға қол қойысты.
Талғар-ақпарат