Осы аптаның сейсенбісі күні аудан әкімі Рыскелді Сатбаев Талғар қаласындағы ірі сауда орындары мен орталық және құрылыс базарларын аралады. Аудан басшысы бастаған арнайы топтың құрамында құқық қорғау, жергілікті атқарушы, төтенше жағдайлар, мемлекеттік кірістер, санитарлық-эпидемиологиялық, сәулет және қала құрылысы органдарының , аудандық жұмыспен қамту орталығының басшылары болды. Әрине, сауда орындары халықтың көп баратын жері. Онда ақша әрі тауар айналымы қызу жүреді. Сондықтан да, мұндағы сатушылар мен тұтынушылар үшін санитарлық нормалар мен қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етудің маңызы зор. Өкінішке орай, қара базарда күн сайын кездесетін «жабайы сауда», ондағы санитарлық-тазалық, техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталмауы сияқты келеңсіз жағдайлар орын алып отырғаны жасырын емес. Халыққа қызмет ететін кез келген заңды тұлға өзі иелік ететін кәсіпкерлік нысанын мұнтаздай етіп тазалап, жан-жағын абаттандыруы керек. Оған қоса, өзін-өзі еңбекпен қамтығандар санатындағыларды айқындау әрі белсенді шараларға тарту, сол арқылы еңбек қатынастарын рәсімдеу де күн тәртібінде тұрған мәселе. Осы санатқа жататындардың басым бөлігі базарлар мен сауда нысандарында еңбек етіп жүргендіктен, олардың аты-жөндері тізімге алынып, еңбектері заңдастырылатын болады.
Аудан әкімі Рыскелді Сатбаев бастаған арнайы топ ең алдымен Гагарин көшесінің бойында орын тепкен «Тәуіп» орталық базарына ат басын тіреді. Мұнда ашық базардан басқа ірілі-ұсақты сауда үйлері де көптеп шоғырланған. «Ауған» сауда кешенінің бастығы кәсіпкер Әсет Әбеновтың иелігіндегі заманауи үлгіде салынған сауда орталығына бас сұққан аудан басшысы мұндағы тірлікке риза болды. Өз кезегінде сауда орнының жұмысы жайында жан-жақты ақпарат берген Әсет Ауғанұлы 110 сауда бутигі жұмыс жасайтын евроүлгідегі сауда үйінің көлемі 3,5 мың шаршы метрді құрайтынын, онда 21 адам техникалық қауіпсіздік шаралары мен тазалық жұмыстарына жауапты екенін жеткізді. Нысанның іші тап-түйнақтай, мұндағы саудагерлердің де, сатып алушылардың да көңіл-күйі жақсы.
Далада аптаған ыстық болғанымен ішінде ауаны салқындататын құрылғылар іске қосылған. Әрине, нысанның сырқы келбеті мен ішкі жинақылығы, техникалық қауіпсіздік, санитарлық-тазалық нормалары көңіл көншіткенімен, ет павилионы орналасқан бұрынғы ғимараттың айналасындағы аядай ғана дүкендер мен дүңгіршектердің саудагерлері тауарларын жаяу адамдар жүретін жолға шығарып саудалайтыны айтылып, іргелес аумақты неғұрлым таза ұстау керектігі ескертілді.
Келесі кезекте кәсіпкер Тамара Асқарованың иелігіндегі сауда қатары мен сауда үйі назарға ілінді. Әрине, бұл ретте қаздай тізілген контейнерлерден жасалған сауда нүктелері бұрынғы жаяу адам жүретін жолға жайғасыпты.
Комиссия олардың бірқатарына бас сұғып саудагерлерден тиісті құжаттарын сұрады. Сауда нүктелеріндегі саудагерлердің барлығы дерлік сауда орындарын жалға алғандар екен. Құдай оның бетін аулақ қылсын, өрт шыққан жағдайда тығыз орналасқан сауда орындарына да, оның арғы бетіндегі сауда үйіне де қауіп жоқ емес! Оның үстіне қарапайым халық жүріп-тұратын жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың да сау-тамтығы қалмаған. Тазалық талаптары мен қауіпсіздік шараларын айтпағанда, көше бойындағы сауда дүңгіршектерінің ұсқынсыз көрінісі мен мұңдалап тұр. Мұндағы сауда нүктелерінің бір-біріне жапсырылыса жиі орналасуы салдарынан адамдардың еркін жүріп-тұруына да қиындық туғызылған, «қызыл» және нормативтi сызықтарды елемеудiң нәтижесiнде жол қозғалысы қиындап, есесіне көлік кептелісі жиі болады. Нысан иесіне аудан әкімі тарапынан сын-ескертпелер көп айтылды. Кәсіпкер Т.Асқарова алдағы уақытта орын алған кемшіліктерді түзейтіні жайында уәде берді. Дәл осындай жағдай аталмыш көшенің бойындағы сауда нүктелері маңында да орын алған. Тура жолдың бойында, құрылыс нормалары мен талаптарына қайшы сауда орындарын салуға кім рұқсат берген? Аудандық сәулет бөлімі, қала әкімдігі қайда қараған, деген заңды сауал еріксіз ойға оралады. Әкімшілік қызметкері Бахтияр Мұқашевтың мәлімдеуінше орталық базарда 450 сауда орны бар. Бұрынғыға қарағанда, біршама оңтайлы тірліктің нышаны көрініс тапқан, базар сыртындағы көшеге асфальт төселіп, базардың ішінде де реконструкция жасалып жатқаны байқалды. Десек те, аудан басшысы өркениетке ұмтылған еліміз үшін мұндай іргелі сауда орындарын заманауи үлгіге сай жаңғырту керектігін алға тартып, жабық үлгідегі павилиондарды салудың жобалық-эскизін дайындауды тапсырды. Сонымен қатар, маусымдық сауданы ескере келе, саяжай иелері мен тұрғындардың бау-бақшадан жинаған көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін саудалауына мүмкіндік туғызып, сауда орындарын жеңілдікпен беруді ұсынды. Сауда қатарларымен жүріп өткен топ мүшелері, ет павилионына, сонымен қатар ет-сүт өнімдерін тексеретін арнайы зертханаға да бас сұғып, ондағы жұмыспен танысты. Жалпы алғанда базар айналасының тазалығы мәз емес, бұл бағытта атқарар шаруа шаш-етектен. Осыған орай аудан басшысы базар әкімшілігіне және құзырлы орган қызметкерлеріне нақты тапсырма жүктеді.
Аудан әкімі бастаған арнайы топ қаламыздың солтүстүк аймағындағы Ахметов көшесінің бойында орналасқан аумағы 4700 шаршы метрді құрайтын «Талғар» құрылыс базарын аралап шықты. Сауда нысанының кіреберісіндегі автотұрақ алаңына асфальт төселмеген, аббатандыру жұмыстары да жүргізілмегендіктен шаңы көтеріліп жатыр.
Жаз мезгілі құрылыс жұмыстарының қызған шағы болғандықтан 500 орынға арналған көлемі жағынан ең ауқымды базардың да саудасы жүріп тұр. Базардың әкімшілік қызметкері Вера Лисицкая аудан әкімі тарпынан қойылған сауалдарға түсінік беріп, айтылған сын-ескертпелерді назарға алды.
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат