Тілі мәңгілік елдің рухы жоғары

Тілі мәңгілік елдің  рухы жоғары

Аудандық кітапхананың кең залында аймақтағы айтары бар жандар бас қосып, өзекті тақырыпты  ортаға салды. Өзектілігі өз алдына, қызу талқыланып жатқан  мәселенің өзі де осы бүгінде. Өйткені бұл тақырып — егеменді елдің ертеңі үшін, тәуелдігіміздің баяндылығы үшін, және ең бастысы – ұлт болып сақталып қалуымыздың басты алғышарты үшін.

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру үрдісінің ерекше­лік­теріне байланысты» — деген болатын Елбасы өз мақаласында жаңа әліпбиге көшудің мән-маңыздылығына арқа сүйеп. Иә, расында да  ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда. Дәлелдемейін десе, ұлты үшін емес жеке басының қамын күйттегендердің кереғар пікірлері  қылаң беруде. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Іле мұрагері» қоғамдық  бірлестігімен бірлесе отырып ұйымдастырылған шарада да латын әліпбиіне көшудің басты  қажеттіліктері, қазақ тіліндегі сөздердің айтылуындағы өзгерістер, ұтатын және ұтылатын тұстарымыз  жан-жақты талқыланып, түрлі пікірлер айтылды.   Қалай десек те бүгінде сағат сайын, сәт сайын электронды құралдар жаңғыру үстінде. Сол себепті де уақыттың, ақпараттық заманның талаптарына жауап беріп, сай болуымыз қажет.  Жиынды ашып, мақсатына тоқталған бөлім басшысы Фарида Бегенбаеваның пікіріне құлақ түрмеу мүмкін емес. Үкімет жұмысынан гөрі қазақтың қазақылығы үшін жаны күйетін ұлтжанды жан латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің табиғи таза қалпын сақтап қалынуы қатаң қадағаланса екен деген пікірде.  Елбасы айтты, бітті деп жаңа әліпбиге көше салғаннан көп жерде ұтылып қалуымыз мүмкін. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қазақтың тәмсілі осы жерде көмекке келсе керек.  Баяндамашы да соңғы ұсынылған латын алфавитінің ұтымды және кемшін тұстарына талдау жасай келе, қазақ тілінің бір дыбыс юір әріпті бейнелейтін ерекшелігін сақтау маңыздылығына тоқталды. сонымен қатар тіл талаптарының жазылым-оқылым-айтылым-тыңдалым сынды мүдделерінен толық шыға алатын, баланың да, қарттың да үйренуіне жеңіл ұлттық әліпби жасалса деген ұсынысын айтты.  Сөз алған қоғамдық бірлестік өкілдері де  Фарида Мамырбекқызының пікірімен толықтай келісіп, латын әліпбиін жасауда кәсіби мамандар бірлесе жұмыс істеп, қазақ тілінің ережелері мен қағидаларын ескерсе, оң нәтижеге қол жеткізетінімізді айтты.

Дөңгелек үстелге қатысқан мектеп мұғалімдері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар ресурстық орталығының мүшелері де пікірлерімен бөлісті. Шара соңында «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша сертификаттық тестілеуден өткендерге арнайы  сертфикат  табысталды. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейтініне» бұл жолы да тағы бір мәрте көз жеткізіп, «Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын» көкейге түйіп қайттық.

М.Дүйсенғалиева,

«Талғар».