Өз ісінің білікті маманы

Өз ісінің білікті маманы

Кез-келген  мемлекеттің  қалыптасуы  мен  дамуы  жолында мемлекеттік қызметтің  алар орны айрықша. Өйткені, мемлекеттің  саясатын, алға қойған келелі міндеттерін іске асыратын да мемлекеттік қызметкер. Сондықтан, мемлекеттік қызметшіге қойылар талап, артылар жауапкершілік   қашан да жоғары.  Елбасы  Н.Назарбаев: «мемлекеттік қызметші — жоғары моральды жауапкершілік, кәсіби білімін тәжірибеде қолдана алу, адалдық, таза ниеттілік, белсенді өмірлік ұстаным сияқты негізгі қасиеттерге ие болуы шарт, яғни мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының  маңыздылығын  сезіне отырып өз елінің патриоты болуы тиіс» деп ерекше атап өткен болатын.  Мұның өзі мемлекеттік қызметшіге қоғам мен мемлекет тарапынан қойылып отырған  талаптың  қаншалықты жоғары екенін көрсетеді.

Бірнеше жыл бұрын мерекелік күнтізбенің қатарына 23 маусым-Қазақстан Республикасында «Мемлекеттік қызметшілер күні» болып бекітілген болатын. Осынау кәсіби мереке қарсаңында мәртебелі қызметтің тұтқасын ұстап, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген  адамдар жайында  сыр шертудің өзі бір ғанибет.   Бүгінгі  әңгімемізге арқау болып отырған аудандық қаржы бөлімінің басшысы Жасыбаева Гүлнар Бешенқызы     еселі еңбегімен  абырой биігіне көтеріліп, білікті маман, тәжірибелі тәлімгер атанған жан. Ол мемлкеттік қызметте табаны күректей отыз  екі жыл еңбек етсе, оның ішінде қаржы саласына тиесілісі 29 жыл.  «Даңққа жеткізетін жол еңбекпен салынады» деген екен бір данышпан. Сол айтпақшы,  өрге жетелеген еңбек асуларын табандылықпен бағындыра білген  бүгінгі кейіпкеріміздің өнегелі өмір жолы көпке үлгі.

Гүлнар Жасыбаева 1965 жылы 1 желтоқсан күні Алматы облысы Шелек ауданы Қаратұрық ауылында дүниеге келді. 1983 жылы Ащысай ауылындағы орта мектепті «үздік  аттестатқа»аяқтаған зейінді бойжеткен арман қуып Алматы қаласындағы  есеп-кредит техникумына түседі. Оны 1985 жылы ойдағыдай тәмамдап, алғаш еңбек жолын Жамбыл облысындағы Мемлекеттік банкте қарапайым қызметкер болып  бастайды.  Дәм-тұз тартып 1990 жылы Талғар қаласына табан тірейді. Алғашқы жылдары  Талғар қалалық қаржы бөлімінде ревизор-инспектор болып, одан соң  бас экономист болып  қызмет атқарды. 1994 жылы қайта құру нәтижесінде қалалық және аудандық қаржы бөлімдері біріктіріліп, Гүлнар Бешенқызы  бюджет саласының бас экономисі қызметіне тағайындалады. Жұмыстан қол үзбестен білімін  ұштауды көздеген ол, қазақ мемлекеттік басқару Академиясы жанындағы  нарық институтының сырттай оқу бөліміне түсіп, қаржыгер мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады.

«Іс тетігі білікті маман қолында» екені бесенеден белгілі. Өз кəсібінің қыр-сырын жетік меңгерген Г.Жасыбаева  білімді де білікті  маман ретінде  таныла  біліп, лауазым биігіне сатылай көтерілді. Ол 2008 жылы аудандық қаржы бөлімі бастығының орынбасары, ал 2016 жылдың қазан айынан бастап  бөлім басшысы қызметін атқарып келеді. Әрине, қызмет  жоғарлаған  сайын қойылар талап, жүктелер  міндет, атқарар шаруа да  ауқымды болары заңдылық. Қаржы саласының қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.  Еңбек, тек адал еңбек қана  абыройға жеткізетінін жас кезінен-ақ көңіліне тоқып, көкейіне түйіп өскен  Гүлнар өзіне сеніп тапсырылған осынау міндетті үлкен жауапкершілікпен еңсеріп келеді. Жергілікті бюджеттің орындалуын қадағалап, саралау, тиянақты есеп-қисап жүргізу, коммуналдық меншікті басқару саласында  басшылықты жүзеге асыру, бөлімдер бойынша  бюджеттік бағдарламалардың орындалуын, мемлекеттік  сатып алу шараларының уақтылы өткізілуін  жіті бақылауда ұстау  үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Жұмыс желісі қаражат пен нақты цифрларға негізделгендіктен  қырандай қырағы, сауысқандай сақ болудың маңызы зор. Оған қоса заман талабына сай  жаңа бағдарламаларды игеріп, жұмыс тиімділігі мен сапасын арттыру міндетін  қаржыгер басты назарда ұстайды.   Осындай жауапты қызметтің ауыр жүгін арқалай жүріп, Гүлнар  Бешенқызы бойына біткен адамгершілік асыл  қасиеттерден еш  айнымай,    өзінен кейінгі жас мамандарға білгенін үйретіп,  бағыт-бағдар беріп, тәлімді тәлімгер ретінде қамқорлық танытып отырады. Дана халқымыз «Алмас қанжарды жұмсақ қайраққа қайрайды», «түсі жылыдан түңілме» деп тегін айтпаған. Табиғатынан кішіпейіл, жүзінен шуақ шашып күлімсіреп жүретін Гүлнар Бешенқызы байыпты да  байсалды мінезі мен жұмыстағы табандылығының  арқасында өз ортасына сыйлы, ұжымында зор құрметке ие.  Ұлағатты жанның ел игілігі жолындағы  атқарған еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Әр жылдары аудан әкімінің мақтау қағаздарымен марапатталып, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы медалін кеудесіне жарқырата тағуы, 2017 жылы аудан бойынша «Үздік мемлекеттік қызметкер» номинациясын иеленуі, жуырда мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына орай облыс көлемінде дараланған «Ең үздік 20 тәлімгердің» бірі атанып, арнайы марапатқа ие болуының өзі еселі еңбектің жемісі деп түсінеміз.

«Ана –үйдің берекесі, бала-үйдің мерекесі» деген ғибратты сөз бар.  Сол айтпақшы, Гүлнар Бешенқызы білікті маман ғана емес, ең бастысы  үйдің де, түздің де шаруасын бір кісідей дөңгелетіп жүрген  аяулы ана,  отбасының ұйытқысы. Ол өмірлік жолдасымен  екі ұл тәрбиелеп  өсірді. Тұңғышы Дархан анасының жолын қуып қаржыгерлік мамандықты игерді, бүгінде  осы салада еңбек етіп жүр.  Кіші ұлы-Елнұр мектеп қабырғасында. Сабақты жақсы оқитын зейінді баланың спортқа деген ынтасы ерекше. Бокстен түрлі сайыстарға қатысып, ата-анасын жеткен жетістерімен қуантуда. Осының өзі ана үшін баға жетпес байлық, теңдесі жоқ бақыт! Құрметті Гүлнар Бешенқызы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын. Деніңіз сау болып, бала-шағаңыздың қызығын көріңіз, еңбегіңіз жана берсін, деп тілейміз.

Райхан АЗИМОВА

Талғар-ақпарат