Рамазан – тақуалық айы

Рамазан – тақуалық айы

Қасиетті Бақара сүресінің 183 аятында: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді» делінген.

Оразаның ең басты қасиетінің өзі адам пендесінің қас жауы болып табылатын өз бойындағы нәпсісімен күресу. Себебі, өз нәпсінің ырқына еріп кете бермей оның ауыздықтай алған адам  ғана шын тақуалықтың шыңына жетеді.

Содықтан да:  Адамды азғыратын  нәпсі- дұшпан.

               Нәпсі мен малғұн шайтан бір туысқан,

               Бірі ішіңнен бірі сырттан арбап жүріп,

               Екеуі екі жақтап көрдей қысқан.

 

               Нәпсі, шайтан екеуі қарындастар,

               Қастығы өлгеніңше айрылмастар.

               Нәпсіге еріп, шайтанмен  дос болсаңыз, 

               Жолына жаһаннамның тура бастар.

Бұл сонау есте жоқ ескі заманнан ел есінен ұмытылмай ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жатқа айтылып келе жатқан ұлағатты сөз. Ғибраты  мол  ғұмырлы  бір  қазына.

Тақуалық дегеніміздің өзі адам баласының екі дүниеде де құрметке бөлейтін  бақытқа  жетуіне  жол  басшылық жасайтын ең бір көркем сипаты болып  табылады.

Бұл көркем  сипатқа тек нәпсімізді жеңу арқылы ғана жететініміз хақ. Рамазан айы – біздің осы тақуалыққа жету жолында нәпсімізді тәрбиелеп, тозақ отынан бойымызды аулақ ұстаудың өнеге-үлгісі мен үзілмес үрдісін үйрететін ең қасиетті ай.

Айлардың сұлтаны да ең ұлығы. Себебі, «Рамазан –адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай… (Бақара сүресі 185 аят)

Рамазан  айының тақуалық айы болуының бірнеше себептері бар. Ол күллі адамзат баласының асыл тәжі, пайғамбардың  сұлтаны АЛЛАҺ тағаланың достысы,  елшісі әрі сүйген құлы Мұхаммедке (с.ғ.с.) сауабы мың айдан да қадірлі қасиетті Қадір  түні кітаптардың ең ұлығы, Құран Кәрім түсіріле бастады. Сөйтіп, АЛЛАның бұл қасиетті кәламы АЛЛА елшісінің өмірінің ақырына дейін жиырма үш жыл бойы жалғасты.

Хақ тағаланың кітабын оқып ілімін үйрену, сол кітапты бізге жеткізуші Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) сүю – біздің тақуалық тәрбиеміздің ең қайнар көзі болып табылады.

Имам Табарани  таратқан бір хадисте былай деп келеді:

  «Бабаларыңды үш түрлі қасиетке баулыңдар: Пайғамбарыңды(с.ғ.с.) сүюге, оның әулетін сүюге және Құран оқуға. Шындығында, Құранды көп оқып жаттағандар ешқандай көлеңке болмайтын Қиямет күні АЛЛАның аршысының көлеңкесінде болады».

Туғанда дүние есігін ашады өлең.

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Қарап тұрсаң өміріңнің бәрі өлеңмен,

Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең— депті данышпан Абай.

Өлеңсіз өмір жоқ. Жарық дүниеге ең алғаш көзін ашып келген жас нәрестенің іңгәлап жылаған дауысының өзі өлең.АЛЛА разылығы үшін атқаратын әрбір амал-әрекеттерін асыл дінімізбен астастырып ислам шариғатының құндылықтарымен құндақтай білген бабаларымыз нәрестесіне алғаш  ат қою рәсімінде де ең әуелі АЛЛА есімін ұлықтап

«АЛЛАҺУ әкбар»деп азан шақыруды да ұмытпаған. Бұл-біздің сан ғасырлардан бері берік сақталып келе жатқан салт-дәстүріміз.

Ал ислам діні шариғатымыздың үкімі бойынша жас баланың құлағына азан айтып ат қою-сүннет амалынан болып табылады.

Яғни Пайғамбарымыз Мұхаммедтің(с.ғ.с.) ұқыптылықпен ұнатып істеген ең игі істерінің бірі.Бұл туралы бізге жеткен Имам Әбу Дәуіт пен имам Термези келтірген бір хадисте: «Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) қызы Фатима  Әлиұлы Хасанды босанған кезінде оның құлағына намазға азан айтқандай азан айтқан»десе,сондай-ақ тағы бір хадисте:  «Кімнің баласы туылғанда оның оң құлағына азан айтып,сол құлағына қамат айтса, ол нәрестеге  «умму сибян»(яғни сәбиді әртүрлі кеселдерге  душар ететін жын-шайтандардың кесірі)кедергі жасайалмайды». деген сенімді ұстанымды нық ұстанған бабаларымыз ұрпағының қамын өте ертеден ойлаған.

«АЛЛАҒА жағамын десең азанды бол!

Ағайынға жағамын десең қазанды бол!»деген халқымыздың даналығын бойына дарытқан дарынды ұрпақтарымыздың дара да дана,ақылды да алғыр болып өсуінің ең негізі себебі осындай имандылығымыз бен көкірекке иман нұрын құйғандығымыздан деп білеміз. Қасиетті Рамазан  ерекше мейірім мен кешірім айы. Егер де құлдары  шын тәубасына келсе АЛЛА тағаланың кешірмейтін күнәсі жоқ. Тек өзіне ширк қосқаннан басқаның бәрін де кешіреді. Бірақ ол да өзіміздің шынайы тақуалығымыздың жемісі мен жеңісінің нәтижесінде ғана қол жеткізетін жетістігіміз болмақ. АЛЛАНЫҢ шексіз кешірімділігін білдіретін ең көркем есімдерінің бірі«Әл-Афуу».

Кешірімділік туралы қасиетті Құран кәрімнің   «Ағраф» сүресінің  199 аятында: «Әй ,Мұхаммед (с.ғ.с.) кешірім жолын ұстан, адамдарды жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» деп әмір етілді.

Имам Мүслим мен имам Термезиден рауаят еткен бір хадисте:         «…Құл басқалардың қателерін кешірген сайын, АЛЛА да оның абыройын жоғарылата береді…» делінген. Рамазан сауабы мың айдан да қадірлі қасиетті Қадыр түні бар ерекше құлшылық айы.Осы айда кім ерекше тақуалығымен ғибадат құлшылығын жасаса оның сауаптары еселеніп жазылады. Өйткені, «Құлдарымның өзге қалған құлшылықтары өзі үшін. Ал ораза мен үшін.Сондықтан да оның сауабын өзім беремін»деп жаратушы ЖАППАР иеміздің өзі уәде еткен айы.Барық шайтан –малғұндардың кісенделіп аспаннан періштелер түсіп жердің беті ерекше нұрға толатын ай.Алайда кісенделген малғұн –шайтанға құрықты  өзің салмасаң яғыни әр кім өз нәпсісін өзі тізгіндей алмаса АЛЛАНАҢ бізге уәде аткен сансыз сауаптарынан құры алақан қалатындығымызды есімізден шығармауымыз керек.

Өйткені әр пенденің амалына қарай сауабы болатындығы бесенеден белгілі жәй. Осы тұста белгілі дін жанашыры ақын Қуаныш Қолқай бауырымыздың:

                           Рамазан-күнәңді өртеп жағатын  ай.

                           Көбірек құлшылық қып қалатын ай.

                           Шынжырлап бергенімен шайтанды АЛЛА,

Нәпсіңе өзің құрық салатын ай-деп өте тамаша айтқан.  Қасиетті Рамазан айының бізге әкелген нығметтері мен ұстаған оразаларымыздың сансыз сауабын тілмен айтып жеткізуіміз әсте мүмкін емес.Рахымы шексіз АЛЛА тағаланың құлдарын күнәсінен арылып тазарсын деп жіберген бұл рамазанды шын асығып, шын күтіп жүрген адам солар нағыз тақуалар. Ал енді құлдарының мейірім мен шапағатқа бөленуіне мейлінше мүмкіндік берген сол қасиетті айымыздың да аяқталуына санаулы ғана күндер қалып санамызды сан саққа жүгіртуде.Шын тақуа құлдары оразаның бітпегенін қалап қимастықпен қоштасады. Келесі оразаға дейін кім бар кім жоқ болады оны да бір Құдай біледі. Соған дейін аман-есен жетіп АЛЛАҒА өзінің еткен уәдесіне лайықты құлшылығымызды жасай аламыз ба жоқ әлде оған жете алмай қаламыз ба деп сахабалар егіліп жылайтын болған.Міне біздерге де қимастықпен сол мүбәрәк күндерімізбен қоштасатын сәт те жақындап келеді.Осы бір қимас сәттерімізді көркем  тілмен көз алдымызға әкелген айтыскер ақын Арман Бердіәлі бауырымыздың мына бір өлең жолдарымен өрнектесек :

                    Рамазан-рахымы мол бір ай екен.

                   Осы ай РАББЫМЫЗҒА ұнайды екен.

                   Қиналып қоштасарда қимастықпен,

                   Егіліп сахабалар жылайды екен.

                   Отыз  күн оразамен ЖАППАР ием.

                   Нәпсісін құлдарының сынайды екен.

                   Әмірін ТӘҢІРІНІҢ екі етпей,

                   Иманы берік адам шыдайды екен.

                   Жолына ЖАРАТҚАННЫҢ түспегендер,

                  Орына жаһаннамның құлайды екен.

Барша мұсылман бауырларымыздың шынайы тілек ниетпен жасаған құлшылық амалдарыңызды АЛЛА Тағалам қабыл етіп,жаһаннамның орына  емес ЖАРАТҚАННЫҢ жолына түскен шын тақуа құлдардан етсін деп тілейік, әмин!

 

Камнұр Тәлімұлы,  ақын,  сазгер,  

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі,

Талғар  ауданының  Құрметті азаматы.