31 мамыр – бүкіл қазақ баласы көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн. Өлгенге иман, өткенге салауат тілейтін күн. Қаскөй саясаттың қанқұйлы қасап-қыспағынан қапыда мерт болған қаншама қазақ баласын жоқтайтын күн. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып саналады. Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі жердегі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.
Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілді. Бұл шара — жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы болатын. Жалпы, зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Кеңес елінде 40 миллион адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Сталиндік қуғаны-сүргінге зерттеушілер саяси репрессияны, ашаршылықты, халықтар депортациясын жатқызады. Бұл оқиғалардан төрт жарым миллиондай қазақстандықтар зардап шеккен. 25 мыңы ату жазасына кесілді. Сол бір зұлмат жылдары НКВД-ның қанды қолынан құрбан болған жазықсыз адамдардың үш мыңнан астамы Алматы қаласынан 40 шақырымдай жердегі ауданымызға қарасты Жаңалық ауылының іргесіне апарылып көміліпті. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін сол жерге саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып үлкен ескерткіш орнатылып, жыл сайын сол жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, құран бағыштап, рухтарына тағзым етіліп келеді.
Биыл да мамыр айының соңғы күні жылдағы дәстүр бойынша зәулім ескерткіш-монументтің басына халық көптеп жиналды. Көк аспанда қалықтай ойнаған зарлы әуен сол бір озбыр саясат құрбандарының жанайқайы мен артта қалған ұрпақтарының жүрек зарын білдіргендей әсер қалдырды. Қаралы митинг ескерткішке гүл шоғын қоюмен басталды. Облыс әкімі Амандық Батталов пен І.Жансүгіровтың ұлы Саят Жансүгіров бастаған бір топ зиялы қауым бірінші болып ескерткішке гүл шоғын қойды. Содан кейін алғы сөзді облыс әкімі Амандық Батталов алды
-Халқы үшін жанын қиған ардақты арыстарымызды әрдайым еске алу – қасиетті борышымыз. Олардың барлығы халқымыздың біртуар, маңдайалды, озық ойлы азаматтары еді. Т.Рысқұлов, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, М.Дулатов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, О.Жандосов, С.Асфандияров, Х.Досмағанбетов сынды алаш арыстары мен қатар мыңдаған жанның өмірі осы жылдары қиылды. Біз Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жазықсыз құрбан болған бабалардың рухына арнап Жаңалық ауылында музей салуды ұйғарып, құрылысын бастап кеттік,- деген облыс басшысы музейдің жалпы алаңы 535 шаршы метрді құрап, құрылыс жұмыстарына 288 млн. теңге қаржы бөлінгенін тілге тиек етті. Содан кейін кезекпе-кезек сөз алған Қазақстан Республикасының саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы, саяси қуғын сүргін құрбаны, ақын, қоғам қайраткері І.Жансүгіровтың ұлы Саят Жансүгіров, Республикалық «Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғарифолла Әнестер азаттық жолында жанын қиған ерлер рухына тағзым етіп, ел тәуелсіздігі үшін күрескен құрбандарды еске алды.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды», демекші жиылған қауым репрессия құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алып, аудандық мешіттің бас имамы Серғазы Дауытбеков әруақтарға арнап Құран бағыштады. Аға ұрпақ рухына тағзым етуге келген дүйім жұрт ескерткіш-мемориалға гүл шоқтарын қойған соң қаралы митинг аяқталды. Жиын соңында көпшілікее арналып дастархан жайылып, боздақтарға арналып ас берілді.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».