Алматы қаласында менингококкты инфекция тарап, 47 адам ауруханаларға түскен, оның 8-і – кішкентай балалар, деп хабарлайды ТалғарАқпарат Baq.kz-ке сілтеме жасап.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті таратқан ақпаратқа қарағанда, зертханалық тексеруден соң 15 адамның менингококкты инфекцияны жұқтырғаны нақты анықталып отыр. Осы уақытқа дейін бұл індеттен 3 адам қаза болған, соның бірі бес жастағы бүлдіршін.
Індетті жұқтырған науқаспен жақын қарым-қатынаста болған 715 адам анықталып, 613 адам зертханалық тексерулерден өткен. Нәтижесінде менингококкты инфекция жұқтырған тағы 1 адам анықталған.
Індеттің тарауына не түрткі?
Бұл қандай жағдайларда кеңінен таралады? Тұрғындарды мазалап отырған сұрақтың бірі – осы . Десе де, мамандар «Мұның төтенше себептері жоқ, өзінің маусымына сай пайда болды, кәдімгі маусымдық вирус» деп сабырға шақырып отыр. Мәселен, қыс өтіп, тұмау ауруларының мезгілі өткеннен кейін, менингококктің маусымы басталады екен. Кейде білінбей өтсе, кейде ауруға шалдыққандар аз болмайды.
«Соңғы күндері менингококкты инфекциямен ауырғандар жиі кездесуде. Алматы қаласы бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай 2015 жылы болған. Енді үш жылдан кейін қайта келіп отыр. Былтыр бізде бірде-бір дерек тіркелмеген еді, ал биыл біздің ауруханада мұны жұқтырған аурулар жиі түсіп жатыр. Бізде ғана емес, балалар ауруханасында да инфекция түскен балалар кездесіп отыр», — дейді Изатима Жекенова атындағы калалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері Утаганова Тамара.
Таралу жолдары
Маманның сөзіне қарағанда, бұл ауру ауа арқылы беріледі. Бірақ жедел респиратуралық вирусты инфекциялардан, тұмаудан ерекшелігі, кең, жаппай таралу ықтималдылығы өте аз. Тығыз қарым-қатынас жасау арқылы ғана беріледі. Ұзақ уақыт бірге отыратын жағдайларда, ұжымдарда, жанұяда, жатақханаларда жұғуы ықтимал.
Дәрігерлердің сөзіне сенсек, вирус жұқтырып алмаймын ба деп, қоғамдық көліктерге отырудан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені мұнда вирус жұқтыру ықтималдылығы аз. Арамызда бір ауру тасымалдаушы табылса, бұл – қалғандары жұқтырады, бәрі міндетті түрде ауырып қалады деген сөз емес.
Аурудың түрлері және алғашқы белгілері
Аурудың алғашқы белгілері – аяқ астынан дене қызуының көтерілуі, дене бітімінің сырқырап ауруы, бастың ауруы, тамақтың ауруы. Кейде жүрегі айнып, құсуы да мүмкін. Бұл менингококкты инфекцияның жергілікті түрі деп аталады. Келесісі – жайылмалы түрі. Ол менингококкты «менингит» деп атайды. Дене қызуы 39, 40 градусқа дейін көтеріліп, бас қатты ауырады. Жүрек айнып, құсады, бірақ ешқандай жеңілдік болмайды. Мұндай жағдайда міндетті түрде жедел жәрдемнің көмегіне жүгіну керек. Келесі бір ауыр түрі – менингококкцемия. Бұл қоздырғыштың қанға түсіп, қан тамырларының жыртылуына және қанталаған бөртпелердің пайда болуына әкеп соғады. Бұл – адам өмірі үшін қауіпті.
Қалай сақтану керек?
Бұл аурудан қорғануға, сақтануға болады. Мәселен, медицина қызметкерлеріне маскамен жұмыс істеу жеткілікті.
Бұл ауруға шалдыққан адамдар дер кезінде емделсе, тез сауығады екен. Ауруханаларда қоздырғышқа қарсы антибактериалды дәрі-дәрмектер жеткілікті. Уақтылы қаралса, жақсы емделетін ауру. Жайылмалы түрлерінің емделуі 16 күнге дейін созылады.
«Халықта өздерінің денсаулық жағдайына сыни көзбен қарауы керек. Басы ауырып, қызуы көтерілетін болса, тамағы қатты ауырып жөтелетін болса, мұндай аурудың белгілерімен көп адам жиналатын жерлерге, ұжымдарға бармауға тырысуы керек», – деп сақтандырады мамандар.
Талғар-ақпарат