2013 жылғы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 21 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні деп бекітілген болатын. Бүгінде оны Қазақстанның барша өнер, мәдениет қызметкерлері атап өтеді.
Осы сала қызметкерлерінің көтеретін жүгі ұшан теңіз! Себебі қандай шара болмасын өнер адамдары мен мәдениет қызметкерлерінің қатысуынсыз бітпейтіні анық. Елбасының өзі әр жылғы жолдауында мәдениет саласының дамуын ерекше атап өтеді.
«Мәдениет — ең алдымен жәдігерлік. Оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші — зиялы қауым. Себебі әр халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс — тіршілігі, салт-дәстүрлері дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен астасып жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік , рухы да жоғары болады. Сонымен қатар, мәдениет — адамзат тұлғасы деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Мәдениеттің өзекті бөлігі — өнер. Шынында да өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы. Мәдениеті мен өнері өркендеген қоғам әр уақытта ілгерілеп, дамиды»,- деген болатын Елбасы.
Аталған салада біздің Талғар ауданы бойынша 70-ке жуық қызметкер бар. Ол кісілердің қатысуынсыз бірде-бір шара өтпейтіні анық. Қашанда ауданның абыройын асқақтатып жүреді.
Сол себепті, бүгінгі Айтулы мерекелеріңіз құтты болсын! Қашанда алға қойған мақсаттарыңыз орындала берсін! Биік белестерде талмай қызмет ете беріңіздер деп тілейміз!
Талғар-ақпарат