«Жан серігім – домбыра». Домбырасын серік етіп, əн мен күйдің шекпенін жамылған жас өнерпаздар арасында өткен аудандық байқау осылай аталды. Мəдениет үйіне 14 пен 29 жас аралығындағы өнерпаздар «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» екенін дəлелдеуге тырысты.
Астананың 20 жылдығына орай өткізілген əн-күй байқауы аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқысымен жүзеге асты. Күй орындаудан 16 өрен бақ сынасты. Əр талапкерден ұлы өнерге деген ерекше құштарлық пен ыстық ықыласты аңғардық. Қай-қайсы да күй құдіретіне терең бойлап, домбыра шанағы арқылы нанымды суреттеп адам көңілінің əр сəтін жеткізуге тырысты. Бабадан ұрпаққа жеткен
халқымыздың бай мұрасын хал-қадірлері келгенше əспеттеп, ұлықтай білді. «Күй» деген сөз əу баста Тəңірлік құбылысты білдірген. Тəңірдің дыбысы деген сенімдегі мағынамен шендес болғаны аңғарылады», — деп Құдайберген Жұбановтың пікірімен əр өнерпаздың үні үндесіп, астасып жатқандай көрінді.
Дəстүрлі əн орындауға келгенде де қатысушылар қамшы салдырмады. Бабаларымыздың əн өнері арқылы берілетін ұлттық болмысын, халықтың халықтығын танытатын ғажап өнер саласын нақышына келтіре орындап, көрермен сүйіспеншілігіне бөленіп жатты. ҚР Мəдениет қайраткері Ерлан Стамғазиев, аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева, аудандық Мəдениет үйінің директоры Берік Шағаев қазылық еткен байқауда күй өнерінен Азамат Бекенов бас жүлдеге ие болса, дəстүрлі əн орындаудан Мадияр Байжұма үздік деп танылды. Осылайша ұлттық өнеріміздің ұрпақтанұрпаққа аман-есен жеткеніне əрі қуанып, əрі сеніп қайттық.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат