ӘЖЕЛЕР- ОТБАСЫНЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ

ӘЖЕЛЕР- ОТБАСЫНЫҢ  АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ

Қазақ халқы ұрпақ тəрбиесіне айрықша мəн берген. Ұрпақ өсіруді келешек қоғам мұрагерлерін тəрбиелеу деп түсінген ата-бабаларымыз дені сау, сезімі сергек, ақыл-ойы биік, рухани дүниесі бай «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат қалыптастыруда ұлттық салт-дəстүріміз бен ұлылар ұлағатын негізге алған. Немересін жырмен жұбатып, əнмен əлдилеп, ертегімен еліткен ақ жаулықты əжелеріміздің тəрбие мектебі ұлт болашағының қайнар көзі болып табылады. “Көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұра” демекші, əже отбасында қарым-қатынасты реттейтін, балаларды өмірге бейімдеудің қарапайым түрлерін мейірім арқылы жеткізетін жаны жайсаң жанашыр адам, отбасының алтын қазығы, білдей бір əулеттің ұйытқысы. Əже тəрбиесінің құндылығы да осында.

Өткен аптада Талғар қаласындағы №3 балабақша қабырғасында «Аялы алақан» атты əжелер сайысы өткен болатын. Елбасымыз Н.Ə.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айқындалған рухани құндылықтарды жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында өткен игі іс-шараға əр топтың атынан барлығы он əже қатысты. Тақырыпқа сай ұлттық үрдісте безендірілген акты залында сайыскерлермен қатар жанкүйерлер де жиналыпты. Бұл күнгі сайыс талапкерлерінің өнерін бағалайтын əділқазылар алқасының мүшелері балабақша демеушісі Клара Үмбетова, аудандық мұғалімдер кəсіподақ ұйымының мамандары Ликен Несіпқұлова, Эльмира Абсадыкова, аудандық білім бөлімінің бас маманы Гүлнəз Акимбаеваларды жиналған көпшілікке таныстырған балабақша əдіскері Бикен Тəжібаева іс-шараның негізгі мақсаты мен өтілу тəртібін айтып берді. Байқау шарты алты бөлімнен құралып, онда өнер додасы, салт-дəстүр, қазақы дастархан мəзірі, қолөнер көрмесі де қамтылған. «Сəлем –сөздің анасы» дегендей, байқаудың алғашқы шарты бойынша кезек ретіне қарай əрбір əже əн-жырмен, қазақи дəстүрге сай өз-өздерін таныстырды. «Өнерліге өріс кең» деп тегін айтылмаған. Ақ жаулықты əжелеріміз өнерден де құр алақан емес екендіктерін танытты. Əуелете əн салды, өлең-жырдан шашу шашты. Қазақ халқының салт-дəстүрлерін паш ететін сахналық қөріністері де өте тартымды шықты. Бірі тұсау кесуді көрсетсе, енді бірі құда түсу, сырға салу, бесікке бөлеу, абысын шай, беташар сияқты халқымыздың тəрбиелік мəні терең дəстүрлерінің мағынасын кеңінен аша білді. Сұрақ-жауаптан да көпті көрген аналарымыз еш мүдірместен сүрінбей өтті. Сайыскер əжелеріміздің он саусағынан өнер тамған ісмер, шебер екендіктерін қолөнер көрмесіне қойылған құрақ көрпелер, түскиіз, кестелі жастықшалар мен түрлі тоқыма бұйымдары айғақтап берді. Немерелерін бəрінен ыстық көрген əжелеріміз қолөнер бұйымдарын ырымдап немерелеріне арнап отырғандарын айтты. Қазақ халқы үшін дастарханнан үлкен, дəмнен артық ешнəрсе жоқ. Құдайы қонағын қастерлеп төріне шығарып, жылы
жұмсағын, астың ең дəмдісін ұсына білетін халқымыздың қонақжайлылығы, кеңпейіл, дархандығы көпке мəлім. «Ақ дастархан халқымыздың бөлінбеген еншісі» деген сөз де содан қалған. Бір əулеттің құт-берекесі болып отырған əжелеріміз бармағынан бал тамған аспазшы екендіктерін «Ас мəзірі» бөлімінде ұлттық тағам түрлерін: қазақша ет, наурыз көже, бауырсақ, жент, қымыз, айран, ірімшік əзірлеп, ұсыну арқылы айғақтап берді. Осылайша, сайысқа ыждахатпен дайындалған ақ жаулықты аналарымыз намысты қолдан бермеуге тырысты. Бəрі де жоғары деңгейден көріне білді. Десек те, сайыстың аты сайыс. Жүзден жүйрік айқындалып, əділқазылар алқасының ұйғарымымен жоғары ұпай жинаған «Жас қанат» тобының намысын арқалаған Света Баймұрынова əжеміз жүлделі 1-ші орынды жеңіп алды. 2-ші орынды «Қарлығаш» тобының əжесі Гауһар Гадилова иеленсе, 3-ші орынды «Ақбота» тобынан Сəулетай Қожақымбаева мен «Балдаурен» тобының əжесі Күлзира Кабакова бөлісті. Сонымен қатар, «Парасатты əже» номинациясына Сəуле Елибаева, «Ақылды əже» Бағила Тілеулиева, «Ина батты əже» Қанымай Қыдығожаева, «Шебер əже» Злиха Тұрмаханова, «Өнерлі əже» Майра Сексенбаева, «Бал бармақты əже» атағына Ұрқия Жұмаділова лайық деп танылды. Балабақша меңгерушісі Жазира Халенқызы жеңімпаздарды құттықтап, «Мақтау қағаздарымен» қатар естелік сыйлықтарды табыс етті. Сайыскерлердің барлығы да марапатталып, игі іс-шарадан көтеріңкі көңілкүймен тарқасты.

Райхан АЗИМОВА

Талғар-ақпарат