Тұрғындардың цифрлық сауаттылығын 83%-ға арттыру жоспарлануда — Д.Абаев

Тұрғындардың цифрлық сауаттылығын 83%-ға арттыру жоспарлануда — Д.Абаев

ҚР Ақпарат және коммуникациялыр министрі Дәурен Абаев бүгінгі Үкімет сағатында халықты цифрлық сауаттандыру тұрғысында баяндама жасады, деп хабарлайды ТалғарАқпарат  Qamshy.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, цифрлық Қазақстан бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі – адам капиталын дамыту болып саналады. Осы мемлекеттік бағдарламаның аясында 2020 жылы кезең кезеңімен ел тұрғындарының цифрлық сауаттылығын 83 пайызға арттыру жоспарлануда екен.

Министр халықты цифрлық сауаттандыру жұмысы бірнеше кезеңдер бойынша іске асатынын айтты.

«Ең алдымен цифрлық сауаттылық деген терминнің бірыңғай түсінігін анықтап алуымыз қажет. Қарапайым тілмен айтар болсақ, бұл – адамдардың ақпараттық технологияларды күнделікті өмірі мен жұмысында еркін пайдалана білуін қамтамасыз ету. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ақпараттандыру заңына сәйкес экономика министрлігімен бірігіп халықтың цифрлық сауаттылығына байланысты бірнеше деңгейді анықтадық:

1 Базалық. Бұл жерде компьютер мен мобильдік гаджеттерді пайдалана білу, интернет арқылы ақпарат алу мен тағы басқа бағыттарды атауға болады.

2 Транзакциялық бағыттарды меңгеру қабілеті. Яғни, электронды және ашық үкімет сервистерін пайдалана білу, қызметтер алу мен төлем жасау мүмкіндігін игеру.

3 Интернет желілері арқылы сатып алу, сату және тауарды нарықта жылжыту қызметтерін еркін меңгеру, қарапайым тілмен айтқанда, электронды сауданы үйрену.

4 Цифрлық құралдарды пайдалану. Мысалы, мобильдік қосымшаларды еркін игеру, гаджеттердің жұмысын синхрондау.

5 Кәсіби деңгей. Бұл жерде бағдарламалау қабілетін және бағдарламалауға байланысты шешімдер. Өз еркімен құра білу қабілетін атауға болады», — деп мәлімдеді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, қазіргі таңдағы бағалауға байланысты ел тұрғындарының цифрлық сауаттылығының базалық деңгейі 77 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 78,5 пайызға ұлғайтуды жоспарлап отыр.

«Осы мақсатта бірқатар жұмыстар атқарылады. Бірінші цифрлық сауаттылықты оқыту жөніндегі методикалық ұсыныстар дайындалды, халықта цифрлық сауаттылыққа баулитын оқыту формасы мен категориялауға байланысты талаптар қойылды. Екінші, базалық бағыттағы білім беру бойынша төрт бағдарлама әзірленді.

Қазіргі уақытта халықтың цифрлық сауаттылығын артыруға байланысты екі бағыт белгіленді: орталық мемлекеттік органдар халық пен кәсіби мамандарға осы салалар бойынша жан-жақты білім береді, ал екінші бағыт бойынша, ел тұрғындарын жергілікті атқарушы органдар оқытады. Бірінші бағыттың аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі мен Ауылшаруашылық министрлігі жауапты мемлекеттік органдар ретінде қатысады. Аталған мемлекеттік органдар цифрлық сауаттылыққа байланысты қосымша білім беруге атсалысатын болады», — деп министр жауапты органдарды атап өтті.

Талғар-ақпарат