ЖУСАН ИІСІ
Апырай, бұл көктем бе елім күткен,
Ақпан ішке тартуда демін біткен.
Ақсақал күн нұрына қыздырынып,
Шаруа қайта қауышар егіндікпен.
Бəйшешек пен жауқазын қырқаларда,
Сүйсініп қарайтындай жұрт оларға.
Енді бізге нұр жауам деп келеді,
Таудың арғы жағынан бұлт ауарда.
Даланың ешкіменен көп қой сəні,
Бытырлатып үзіп жүр көкмайсаны.
Бу бұрқырап ерекше күй басталар,
Ошақтардың астына от қойса əлі.
Осындай ақ мекенде тусаң артық,
Ішкен ағың көңілді жүрсе ағартып.
Көктем бізге осылай келіп жетті,
Жүрегінің түбінен жусан аңқып.
ЖҮРЕГІМДЕ
Сенің сұлу көркіңе боянбаған,
Жан жоқ шығар сезімі оянбаған.
Мен де соның бірімін күнде-күнде,
Келбетіңе тамсанып тоя алмаған.
Күрсініп ойламаймыз күзде нені,
Белгісіз жолаушымыз біз дерегі.
Сен жүретін көшенің қайыңдары,
Жақсылықтан «үмітті үзбе» деді.
Құры жүрмей арманды іздеп қыдыр,
Қай ғашықтың жүзінде жүзбепті нұр,
Сен жайлы ойлануым ауыр маған,
Үміттеніп үмітті үзбек түгіл.
Еркелеп көз алдымда жүр, күлімде,
Сезімімді болмайды білдіруге.
Білмеймін маған келе жатқаныңда,
Иісің қалып қойғандай қыр гүлінде.
Сен үшін сезімімнің мәні бар ма?
Өзіңе жетелейтін жарық алда.
Білемін менен теріс айналасың,
Кеудемдегі сезімді танығанда.
СЕН ҮШІН
Сен үшін ақпанмын мен
Саған ғана сырымды ақтардым мен
Сәлем беріп келемін атқан күнмен
Қоштасып кете берем батқан күнмен
Сен үшін сәуірмін мен,
Сезесің бе сенімен ауырдым мен.
Басқа жанды сүймейді жаным мүлдем,
Кімнен нашар екенмін, тәуір кімнен? !
Сен үшін маусыммын мен,
Сағынамын деп жүріп таусылдым мен.
Әлсін жылап кей кезде әлсін күлгем,
Кейде шықпай қалады даусым мүлдем.
Сен үшін қарашамын,
Менің де бар шығар-ау алашағым.
Бәрін көргім келеді тамашаның,
Бақыт үшін күресем, таласамын!
Айбек БЕСТЕНҚҰЛОВ
Талғар ауданының тұрғыны