Дәнеш Рақышев – дәстүрлі ән өнерінің дара тұлғасы

Дәнеш Рақышев – дәстүрлі ән өнерінің дара тұлғасы

Қазақтың дәстүрлі ән өнерінде өзіндік орны бар Дәнеш Рақышев – халық әндерін жаңғыртып, орындаушылық мәдениетті жаңа деңгейге көтерген өнер иесі. Оның орындауындағы шығармалар кең тынысты, әуезділігімен ерекшеленеді. Әнші тек орындаушы ғана емес, сонымен қатар сазгер ретінде де танылып, ұлттық музыка қорына көптеген туынды қосты. Дәнеш Рақышевтың шығармашылығы қазақтың классикалық дәстүрлі ән мектебін жалғастырып, кейінгі буынға бағыт-бағдар берді. Оның әндері бүгінгі күні де концерттік бағдарламаларда, республикалық байқауларда жиі орындалады. 10 сәуір күні Тұздыбастау ауылдық мәдениет үйі сахнасында оқушылар арасында «Саясында алманың» атты дәстүрлі ән байқауы өтеді. Шара Қазақстан Республикасының халық әртісі, әнші, сазгер Дәнеш Рақышевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Бұл мәдени іс-шара жас буынға ұлттық ән өнерін дәріптеп, қазақтың дәстүрлі орындаушылық мектебін насихаттауды мақсат етті.
Дәстүрлі ән – қазақ халқының рухани мұрасының алтын қазығы. Халықтың тарихы, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен болмысы осы әндер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Осындай асыл мұраны жас буын санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылып отырған «Саясында алманың» байқауы – ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени жоба. Байқау аясында қатысушылар қазақтың дәстүрлі ән орындау мәдениетін көрсетіп қана қоймай, көрерменге рухани тағылым сыйлады. Әсіресе, Дәнеш Рақышевтың шығармашылығын насихаттау – шараның негізгі өзегі болды. Оның әндері ұлттық нақышымен, кең диапазонымен және орындаушылық ерекшелігімен дараланып, қазақтың дәстүрлі ән мектебінде ерекше орын алады. Дәнеш Рақышев ән айту мен домбырада ойнауды ата-анасынан үйренеді. Оның әкесі — әнші, домбырашы, сырнайшы болған. Д. Рақышев әнші ақындар Әсет, Шашубаймен кездесіп, Шығыс Түркістандық жас қазақ әншілерінің сайысына қатысып, өз өнерін шыңдайды. Құлжадағы ұйғыр-қазақ драма театрында жұмыс істей жүріп, Б. Майлиннің «Шұға» спектакльдеріндегі Әбдірахман, М. Әуезовтың «Еңлік-Кебегіндегі», Жапал, Қалқаманның бейнелерін жасады. 1959 жылы Қазақстанға келген соң Талдықорған халық театрына басшылық жасайды. 1968 жылдан Талдықорған облыстық филармониясының солисі. Оның репертуарында қазақ, ұйғыр, қырғыз, өзбек, татар әндері бар. М.Ержанов, Ж.Елебеков сияқты әншілердің орындаушылық дәстүрін жалғастырды. Оның репертуарында Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні», Әсеттің «Ардақ», «Мақпал», «Атым Әсет», «Хысмет», «Аха-ау, жалған», «Жайқоңыр» әндері, қазіргі қазақ композиторларының әндері болған. Р. «Шаттық толқыны», «Мақтанышты елім бар», «Жас қайрат», «Жер сұлуы Жетісу», «Комсомол», «Саясында алманың», «Жеңеше», «Туған жер», «Алматым», т.б. әндерін шығарған.
Дәнеш Рақышевтың 100 жылдығына арналған бұл байқау – ұлт мәдениетін ұлықтаудың бір көрінісі. «Саясында алманың» дәстүрлі ән байқауының басты мақсаты – ұлттық өнерді жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау және дәстүрлі ән орындаушылық мектебін дамыту болды. Дәнеш Рақышевтың шығармаларын кеңінен таныту, қушылар арасында дәстүрлі әнге деген қызығушылықты арттыру, жас орындаушылардың сахналық мәдениетін қалыптастыру шараның мақсатының бірі болды. Дарынды балаларды анықтап, шығармашылық тұрғыдан қолдау қазақтың дәстүрлі ән мұрасын сақтау және дамытуға тікелей әсер ететіндігі анық
Байқауға қатысушылар Дәнеш Рақышевтың авторлық әндерін және оның репертуарындағы халық әндерін орындады. Бұл талап қатысушылардың дәстүрлі орындаушылық ерекшеліктерін меңгеруіне мүмкіндік берді. Жас әншілердің сахнада өнер көрсетуі олардың шығармашылық қабілетін шыңдап, кәсіби деңгейін арттыруға жол ашты. Мұндай байқаулар тәжірибе алмасуға, орындаушылық мәдениетті дамытуға үлкен әсер етеді. Қатысушылардың орындау шеберлігі, дауыс мүмкіндігі, сахна мәдениеті, музыкалық нақышты жеткізуі сияқты критерийлер бойынша бағаланды. Бұл талаптар байқаудың әділ әрі кәсіби деңгейде өтуіне ықпал етті.
Байқаудың әділқазылар алқасына Дәнеш Рақышевтың шәкірттері шақырылды. Олардың қатарында Абылай Қармысов, Нұржан Жанпейісов және Төлеужан Ғұмаров бар. Бұл өнерпаздар дәстүрлі ән мектебінің көрнекті өкілдері ретінде қатысушылардың өнеріне кәсіби тұрғыдан баға берді. Қазылар алқасының тәжірибесі байқаудың сапалы өтуіне және дарынды орындаушыларды анықтауға мүмкіндік берді.
Байқау қорытындысы бойынша үздік қатысушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар, үздік орындаушыларға болашақта үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік беретін ұсыныстар жасалды. Мұндай марапаттау жүйесі қатысушыларды ынталандырып, олардың өнерге деген қызығушылығын арттырмақ. Жас таланттарды қолдау ұлттық мәдениеттің дамуына ықпал етеді.
Ұлттық өнерді насихаттаудың маңызы
Қазіргі заманда дәстүрлі ән өнерін насихаттау – маңызды міндеттердің бірі. Жастардың ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыру арқылы рухани құндылықтарды сақтауға болады. «Саясында алманың» байқауы осы бағыттағы игі бастамалардың бірі болып табылады. Мұндай шаралар ауылдық жерлерде ұйымдастырылуы мәдени өмірдің жандануына да әсер етеді. Жергілікті өнерпаздар мен оқушылардың басын қосқан байқау мәдени байланысты нығайтып, ұлттық бірегейлікті сақтауға ықпал етеді.
Шараны «Талғар ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табады. Дәстүрлі ән өнерін жүйелі түрде дамыту және жас таланттарды қолдау халықтың рухани өмірін байыту мен қазақ өнері үшін аса маңызды.
«Саясында алманың» атты дәстүрлі ән байқауы – ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени шара. Дәнеш Рақышевтың 100 жылдығына арналған бұл байқау жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттырып, дәстүрлі ән мұрасын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Тұздыбастау ауылдық мәдениет үйінде өтетін бұл байқау өнерсүйер қауым үшін тағылымды әрі мазмұнды шара болмақ. Жас орындаушылардың өнері арқылы ұлттық ән дәстүрі жаңғырып, қазақтың рухани қазынасы келер ұрпаққа аманат ретінде жалғасын табады.
Г.Тұрлыбекова