Жыраулар мен хандар – ел бірлігінің тарихи тұғыры

Жыраулар мен хандар – ел бірлігінің тарихи тұғыры

Жуырда Талғар қаласындағы №25 мектеп-гимназиясында 7 «А», 7 «Ә» және 7 «Б» сынып оқушылары арасында «Жыраулар мен хандар – ел бірлігінің тірегі» тақырыбында тарихи-әдеби сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды түрде өткізілді. Танымдық шараны тарих пәні мұғалімі Мукашева М.Т. және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әкімбек Г.А. бірлесе отырып өткізді. Сайыстың басты мақсаты – қазақ хандары мен жырауларының ел тарихындағы айрықша рөлін жан-жақты таныту, жас ұрпақ санасына ел бірлігі мен ұлттық құндылықтардың маңызын сіңіру, сондай-ақ оқушылардың тарихи-әдеби білімдерін тереңдету болды.

Іс-шара барысында оқушылардың сыни ойлау, салыстыру, талдау жасау және өз ойын еркін жеткізу дағдыларын дамытуға ерекше мән берілді. Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде әр топ өздерін таныстырып, шығармашылық бағыттағы таныстырылымдарын ұсынды. Кейінгі кезеңдерде хан мен жыраудың қоғамдағы қызметі салыстырылып, олардың ел басқару мен халықты ұйыстырудағы тарихи миссиясы жан-жақты талқыланды.

Әдеби кезеңде оқушылар қазақ әдебиетінен берілген үзінділер бойынша шығарманың авторын анықтап, мазмұны мен тәрбиелік мәнін ашты. Сонымен қатар «Қазақ хандығы», «Көшпенділер» фильмдерінен ұсынылған көріністерге тарихи талдау жасалып, оқушылар өз ой-пікірлерін нақты деректермен дәлелдей білді.

Үй тапсырмасы ретінде дайындалған тарихи тұлғалар мен маңызды оқиғаларға байланысты суреттер қорғалып, әр топ өз жұмыстарының мазмұнын жан-жақты түсіндіріп, шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Іс-шара барысында оқушылардың белсенділігі жоғары болып, олардың ұлттық тарихқа деген қызығушылығы мен білім деңгейі айқын байқалды. Сайыс жас ұрпақтың елдік рухын нығайтып, бірлік пен отансүйгіштік құндылықтарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.

Тарих пен әдебиетті ұштастыра отырып ұйымдастырылған бұл танымдық сайыс қойылған мақсат-міндеттерді толық орындап, мазмұнды әрі тәрбиелік мәні жоғары іс-шара ретінде өз деңгейінде өтті.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі – Г.Ә. Әкімбек
Тарих пәні мұғалімі – М.Т. Мукашева