Талдықорғанда «О, Ләйлә» фильмінің тұсаукесері өтті

Талдықорғанда «О, Ләйлә» фильмінің тұсаукесері өтті

Аталмыш фильм Талдықорған қаласында түсіріліп, екі жастың арасындағы махаббат хикаясын баяндайды. Туындының мақсаты осы ұлы сезім арқылы қаланың әдемі сәулет құрылысын  көрсете отырып, қазіргі таңда қоғамдағы маңызды мәселелердің бірін қозғау, деп хабарлайды ТалғарАқпарат Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

«2016 жылы түсірілген фильм Шора мен Ләйлә арасындағы ғашықтық сезімін басты нысанға алған. Аталмыш туындыға мемлекет тарапынан ешқандай қаражат кетпеді. Оған  «Жетісу» телеарнасы мен Алматы облысының ішкі саясат басқармасы қолдау көрсетті. Актерлік құрамға келетін болсақ, медиа саласындағы қызметкерлер мен қала тұрғындары, сондай-ақ,  Б.Римова атындағы драма театрының бірнеше өнер майталмандары киноға түсті», — дейді фильмінің режиссері Ушакпаев Ерлан.

Сонымен қатар, басты рөлді сомдаған Сатқұлов Бахтияр да түсірілім кезіндегі дайындығы жайлы айтып өтті.

— Киноға кәсіби актерлар түсірілмегендіктен және өзім де өнер саласына жақын болмағандықтан, берілген рөлді сомдау жеңіл болмады. Оған дайындалу үшін де бір айға жуық уақыт кетті. Алайда, жұмыс барысы өте қызықты болды. Өзімді жаңа қырынан таныдым десе де болады, — деді ол.

Фильм желісі бүгінгі таңдағы өзекті мәлелені алға тартады, яғни, қыздардың уақтылы отбасын құрмауы. Басты рөлдегі Ләйлә есімді қыздың тағдыр тартысы, оның ерлер қауымына өкпелеуі, күмәнді болуы бейнеленген. Осы жолда алдынан сенімді серігін кездестіріп, оны түрлі жолдармен сынау да бар.

Айта кету керек, туындының алғашқы көрсетілімі наурыздың 19-шы жұлдызында І.Жансүгіров атындағы мәдениет үйінде, сағат 19:00-де өтеді.

Талғар-ақпарат