Адам баласы тән мен жаннан тұрады. Тәнімізге, яғни ағзаның қалыпты жұмыс жасауы үшін ауа, су, тамақ және тұрмыстық дүниелер қажет болса, жанның азығы — рухани байлық. Жан дүниесі жұтаң адам өзіне де өзгеге де, жалпы қоғамға да пайдасы жоқ. Жаһандану заманында рухани құндылықтардан қол үзбесек, өркениет өресіне нық қадаммен аяқ басарымыз анық.
Жуырда Талғар қаласындағы медициналық колледжінің жиынжайында аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру және діни сенім» тақырыбында студент жастармен кездесу болып өтті. Жастар алдында алғашқы болып сөз алған облыстық ақпараттық- түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы маман Тимур Нүсіпханов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының мәні мен маңыздылығына тоқтала келіп, еліміздің баянды болашағына жету үшін санамыз ісімізден озып жүруі, керектігін түсіндірді. Бұл ойды Елбасы да айтқан еді. Адам баласының сана-сезімі мен рухани дүниесіне ықпал ететін бірден-бір күш-ол діни сенім екенін алға тарта отырып, дін мен дәстүр, ұлттық мәдениет тақырыптарын үйлестіре жеткізген білікті маман ислам дінінің құндылықтары жайында кеңінен сөз қозғады. Өрелі ой-пікірлерін қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінен мысалдар келтіре отырып, дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығын түсіндірді. Ата-ананы, ұстазды құрметтеу, оқу-білімге ынталы болу, мейрімділік пен адамгершілікті сіңіріп өсу, үлкен күнә саналатын жиіркенішті іс-әрекеттерден бойды аулақ ұстау ата-бабаларымыздан келе жатқан тәлімді тәрбиенің негізгі талаптары.Шариғат заңы да осыны көздейтінін айтқан Т.Нүсіпханов дінге толық таныммен, түсінік-пайыммен келмеу діни сауатсыздықтың, рухани адасудың басты көрінісі екенін жеткізді.
Осыдан кейін іс-шараның екінші бөліміне кезек берілді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева жастарды туған елін,жерін, ана тілін, ата салт, асыл дәстүрін, тағлымды тарихын қастерлеуге, сан ғасырдан бері атадан балаға мирас болып келе жатқан баға жетпес рухани, ұлттық құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтай білуге үндеді. Рухани тамырынан ажыраған, жеріген жан «ұшарын жел, қонарын сай білетін» бейнебір қаңбақ іспетті. Ол бос кеуде, өлген жанмен тең. Рухани жаңғыру – әрбір жеке тұлға үшін оның тәрбиесіне, ұлттық сана-сезіміне, ұлттық рухани тамырынан нәр алған құндылықтары мен пайым-парасатына, ар-намысына байланысты болатынын қадап айтты. Рухы биік халықтың мақсат-мұраты айқын, еңсесі биік, болашағы жарқын болатынын тебірене жеткізген ол, ұлттық өнерімізге кезек берілді. Данышпан Абай атамыз:«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, оның тәтті оралған мәні оятар», немесе «әннің де естісі бар, есері бар…» дегеніндей, бұл күні тыңдарман қауым талғамы биік, танымы кең, мәні терең есті әндерге қанықты. Сахна төріне шыққан Набат жыраудың жыршылық мектебінің жас өнерпаздары домбыраның қос ішегін күмбірлете Шынболат Ділдәбаевтың «Шындық туралы» термесін төгілдірді, осыдан соң көпшіліктің сұрауы бойынша «Іңкәр жүрек» әні әуеледі. Сазгер, әнші Мұратбек Сарыбасовтың «Ата-ана» әні, Тілек Шернияздың орындауындағы «Қазақ» термесі, сазгер-ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Д.Садықованың шырқауында Тұрманбеттің «Бісміллә» деп жаздым» термесі, жезтаңдай әнші Натхан Манайдың орындауында «Алладан басқа тәңір жоқ!», «Қазағым-ай» әндері жүректерді тебірентіп, көңіл күйін толқытты. Бұл күнгі іс-шараға жиналған жастар ерекше рухтанып, мол мәдени азық алып тарқасты.
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат