ҚОҚЫСҚА «ТҰНШЫҚҚАН» МИЛЛИОНДАР

ҚОҚЫСҚА «ТҰНШЫҚҚАН» МИЛЛИОНДАР

Қай қоғамда да жетістік пен кемшіліктің, шешімдер мен проблеманың егіз қозыдай қатар жүретін әдеті. Бірінің бірісіз күні жоқ. Біріне бірі тәуелді. Мақтанамыз келіп: өзіміз аштан қырылып жатып, өзгеге бір үзім нан ұсынған ел едік; отырған жерімізден ысырылып, пана іздегенге орын берген жұрт едік; жерді теуіп қалсаң – Менделеевтің элементі атқылап шығатын мекенбіз, тағысын тағы тізбектеліп кете береді. Әсіресе, қазба байлықты көп айтамыз. Арыға кетсек – бұдан 3 мың жыл бұрын Атасу маңында мыс қорытатын пештер болыпты. Біз 1730-1740 жылдары жоңғармен арпалысамыз деп, аяғымыздың астына қарауға мұрша болмай жүргенде, Петер Симон деген зерттеуші келіп «Алтай тауларында қорғасын, күміс кендері сықап жатыр» деп тамсанып кетіпті. Беріде – болат пен хромит рудасын, қызыл мыс пен қорғасын өндіруді еселеп арттырдық. Ақыры Кеңес Одағы бойынша түсті металлургияның ірі базасына айналдық. Бұл экономикамызға оң ықпалын тигізді, өндірістің қазанынан от кетпеді. Алайда жағдайдың екінші бір қыры да бар екен. Қыр болғанда да сүйір қыр. Дұрыс пайдаланбасақ, әне-міне тиген жерін тіліп түскелі тұр. Өткір мәселе. 

Қалдық қайда жатыр?

Қазіргі тәуелсіз Қазақстанда да ауыр түс­ті металдар өндірісі лайықты дамып жа­тыр. Әсі­ресе, Жезқазған мен Балқаш кен-ме­тал­лур­гиялық комбинаттарында буда-буда мыс өн­дірілуде. Шығыс пен Оңтүстік өңір мы­рыш пен қорғасын өндіруді қамтамасыз етіп тұр. Былай қарағанда есеп түгел секілді. Ал, жо­ғарыда айтқан «қыр» – сол өндірістен ар­тылып қалатын қалдықтар жайында. Өн­ді­рістен ауысқан қалдықтар тау-тау үйіндіге ай­налған. Оларды өңдеп келіп жіберсе, тағы қан­шама металдың сауабын алуға болар­лық­тай. Біріншіден – қоқыс босқа жатпайды, кә­деге асады. Екіншіден – құр жатқан қал­дық­тардан зиянды у тарап, табиғатқа залал кел­тірмес еді.
Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі бо­лып, экономикаға бір бүйрегі бұрғандық­тан ба, Мәжіліс депутаты Дания Еспаева тү­неугүні осы тақырыпты көтерген. Инвес­ти­циялар және даму министрі Жеңіс Қасым­бек­ке сауал жолдаған депутат бизнеске қал­дықтардан құнды металдар алу мүм­кін­ді­гін беруіміз керек дейді. Оның сөзінше, қа­зіргі кезде кен өндіру орындарынан шық­қан тонналаған қалдықтар қоршаған ор­та­ның басына қара бұлт үйіріп тұр.
– Қазір елімізде жедел түрде өңдеуді қа­жет ететін шамамен 40 миллиард тоннадан ас­там техногенді минералды қалдықтар (ТМҚ) жиналып қалды. Құрамында құнды және сирек кездесетін металдар көп бол­ғандықтан, олар экономиканың дамуына үл­кен әсерін тигізеді. Заманауи технология­лар­дың көмегімен оларды айырып алу деңгейін жоғарылатуға болушы еді. Осындай қалдықтарды бизнес кәдесіне жаратса, жаңа жұмыс орындары ашылады, бюджеттің де қа­з­аны молаяды, – деді депутат.
Еспаеваның айтуынша, техногенді ми­нералды қалдықтарды өңдеу бойынша жұ­мыс істейтін компаниялар жоқ емес. Де­генмен сол компаниялардың ТМҚ базасына кіру мүмкіндіктері төмен екен. Бұған енді тікелей министрлік жауап беретіні анық. Біз өз әлеуетіміз жеткенше, қазба байлықтан артылып күлге айналған қалдықтар тура­сында толғанайық. Пайдаға жарайтын мил­лиондаған тонна ресурстар, әрі-беріден соң буат-буат миллиондаған ақшалар неге қал­дық күйінде жиналып жатыр?

Ол неге қымбат?
Алдымен, «техногенді қалдық деген не өзі?» деген сауалға жауап берелік. Маманнан естіп алғаным бойынша айтар болсам, кеннің құрамында түсті металл, бағалы алтын аз болады. Металлургтар оны мүмкіндігінше байытып, концентрат алады. Концентратқа кетпегені қалдыққа айналады. Есептеп қарасақ, түсті металлургияда өндірген кеннің 70-80 пайызы қалдыққа, 10-15 пайызы зауытқа кетеді екен. Қалғаны металлургияда үйіліп-үйіліп қалады. Қалдық дегеніміз – осы. Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Әділхан Байбатшаның айтуынша, біз әлі табиғи ресурстарды қома­ғай­лана пайдаланып, техногенді қалдықтарға бет бұра алмай жатырмыз.
– Қазір табиғи шикізатты өңдейміз, қажетсізін қалдыққа жібереміз. Қажетсіз ресурстар адам қолы тимеген күйі жата береді. Мәселен, Жезқазғанның өзінің қалдығы – бір миллиард тонна. Оның ішінде айырып алатын оншақты металл бар. Алдымен, кішкене ғылыми зерттеу жұмысын жүргізіп нақтыласа, сосын өндірісті бастаса, қаншама металл алуға болар еді. Айталық, Жезқазған металынан ауысқан қалдықтар құрамында 1 миллион тонна мыс бар. Басқа металдарды санамаған­ның өзінде. Бір тонна мыстың құны – 6 мың доллар екенін ескерсек, қалдықтар арасында 6 миллиард долларға тати­тын мыс жатқанын есептей аламыз. Эко­н­омикада сұраныс орасан. Бір алтынның пай­даланылатын 120 бағыты бар. Бір мыстың өзі өнеркәсіптің сан-саласында кәдеге асады, – дейді профессор.
Экономикамыздың 70-75 пайызы минералды шикізат есебінен шаруасын атқарып тұрғаны әмбеге аян. Оған қалдық­тарды өңдеу өндірісін қосақтасақ, табыстың әлдеқайда алға жылжитынын болжайтын­дай­мыз. Әділхан Бекділдәұлы айтып отырған қалдықта жатқан бір миллион тонна мысты қайдан табамыз? Қазір мыс десе, Жезқазған мен Балқаштағы зауыт ауызға ілігеді. Бірақ олардың өзі қосылып 200 мың тоннаны әрең өндіреді.
– Жезқазған, Балқаштағы қалдық­тар­дың құрамын қарастырдық. Жатқан қал­дықтардың ішіндегі мыс болсын, алтын бол­сын – минералдардың құрамында бола­ды. Солардың құрамына үңіліп, металдың қандай минералды күйде болаты­нын зерт­тедік. Металдың түр-сипатын түйіршік­тер­дің ішінен айырып анықтау, алу оңай емес. Сол себепті, ондай дүниені технологтар байқай алмайды. Біз көзін ашып көрсетеміз: металл мынандай жерде тұр, соған қалай жетесіңдер деп. Сосын олар жету техноло­гия­сын таңдай бастайды. Құрамына қарай қалай айырып алу тәсілдеріне біз жол ашамыз, – дейді Әділхан Байбатша.

Шетел шешімі не дейді?
Шетел тәжірибесімен салыстыратын болсақ, бұл шаруаны АҚШ, Канада, Австралия, Қытай қолға алған. Оларда табиғи кеннің қоры сарқылып бітуге таяу, сондықтан да қалдық арасынан қаржы іздеп жанталасып жатыр. Біз жердің асты мен үстін ен жайлаған ресурстарды тауысып бітпей, қалдық атаулыға мұрын шүйіргеніміз – шүйірген-ау. Мәселен, Жапонияда жыл сайын 50 миллион тонна тұрмыстық және 400 миллион тонна өндіріс­тік қалдық жиналады. 2000 жылы елде қабыл­дан­ған шикізат пайдалануды жеделдету тура­лы заңға сәйкес, барлық тұрмыстық және өнді­рістік қалдықтардың 50 пайызын игеру мүм­кін болады. Заң аясында екі мыңға жуық қалдықты жағып жіберуден энергия өндіретін және тұрмыстық техникаларды, жиһаздарды бөл­шектеп, төмен бағамен сатылымға шығаратын арнайы кәсіпорындар ашылған. Қалдықтарды өңдеумен айналысатын орын­дар­дағы барлық жұмыс автоматтан­ды­рыл­ған, соған сәйкес алыстан басқарыла береді. Тағы бір мысал – Doduco атаулы неміс компаниясы жыл сайын қалдық арасынан 400 тонна құнды металл өндіреді. Бұрын өз қызметіне аса кірпияз қараған компания, қазір құра­мын­да 1 пайыз ғана бағалы металл болса да қалдықтарды қабылдай береді. Қиыр шығыс федералдық университетіндегі ғалымдар тобы көмір электр стансаларындағы техно­ло­гия­ларды өңдеу әдісін зерделепті. Тәсіл бойынша қайта өңделген қалдықтан алтын, пла­тина, тіпті құрылыс материалдарын да алуға болады. Ғылыми топтың мәлімдеуінше, орташа әр тоннада 2,5 грамм көлемінде алтын сақталған.
Инвестициялар және даму министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің мәліметі бойынша біздің елде техногенді қалдықтар пайда болатын 1370 нысан бар. Олардың 450-і – аралас нысандар. «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңға сәйкес, техногенді минералды қалдықтардың құқығы келісімшарт біткенше жер қойнауын пай­да­ла­ну­шының еншісінде қалады. Депутаттың ұсынысы да осы жерден шығып отыр.
Кәдімгі үйімізде сәуле шашып тұратын жарық лампаларын білеміз ғой. Екі күннің бірінде күйіп кетіп жатады. Сол күйіп кеткен лампада – 10 миллиграм вольфрам болады екен. Миллион лампа күйсе – 10 келі вольфрам. Осы 10 келіні өндіру үшін зауыттар қаншама металдың шаңын қағады. Вольфрам дегеніңіз – ең қиын балқитын металл. Өнеркәсіптің әр саласы «маған бер» деп сұрап тұра­тын зат. Бұл – қарапайым, керексіз лампаның сыйлайтын пайдасы. Бойына алтын мен күмісті жиған тонналаған темір қалдықтың пайдасын елестетіп көріңіз. Желге ұшып, ауаға тарап, ақыры денсаулыққа зиян келтіріп жатқан осынау өндірістік қалдық әлеміне де назар аударып қоятын кез жеткен сыңайлы.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Материал «АЙҚЫН» сайтынан алынды