Өзекті мәселелер талқыланды

Өзекті мәселелер талқыланды

Талғар ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Алматы облыстық мәслихатының «Индустриялық-инновациялық, кіші және орта кәсіпкерлікті, туризмді дамыту мәселелері бойынша» және «Дін, тіл, этносаралық қатынастар, ішкі саясат мәселелері бойынша» тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Оны осы комиссиялардың төрағалары Әсел ­Төлепбергенова және Сұлтан Нұрдәулетов жүргізіп, отырыста жеті мәселе қаралды.

Бірлескен отырыстың жұмысына Алматы облысының туризм, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшылары, ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары мен дін істері басқармасының бөлім басшысы, Алатау қаласы және Іле, Талғар аудандарының мәслихат төрағалары мен депутаттары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалдарының басшылары, Алматы облысының өңірлік даму орталығы директорының орынбасары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан облыстық мәслихаттың «Дін, тіл, этносаралық қатынастар, ішкі саясат мәселелері бойынша» тұрақты комиссиясының төрағасы Сұлтан Нұрдаулетов ең алдымен Алматы облыстық мәслихатының атынан аймақтағы БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелкерімен құттықтап, бірнеше әріптесімізге Дипломдар мен Алғыс хаттар табыстады.
Күн тәртібіндегі алғашқы сөз ­«Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын жүзеге асыру барысы туралы» деген бірінші мәселе бойынша облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Медғат ­Қабдылқаировқа берілді.
– Алматы облысы – еліміздегі этнос өкілдері ең тығыз қоныстанған аймақ. Бүгінде өңірде 105 этнос өкілі тұрады. Барлығы 26 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Оның 18-і ресми тіркеуден өткен және толыққанды этномәдени бірлестік ретінде қызмет атқарады. Бүгінде этномәдени бірлестіктердің жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 2023 жылы облыстың этномәдени бірлестіктерімен қатынасты нығайту және Ассамблеяның қоғамдық институттары – ақсақалдар, аналар кеңестері, этномедиация, Ассамблея жастарымен жұмыстарды жүргізу үшін облыстық «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ қайта құрылып, штат бойынша 56 адам жұмыс атқарады. Өткен жылы этностар тығыз орналасқан: Іле, Қарасай, Жамбыл, Талғар, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында этносаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында филиалдар ашылды.
Ассамблеяның ұйытқы болуымен биылғы жарты жылда өңіріміздегі бейбітшілік пен достықты насихаттау бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Жарты жылда бірлік пен келісім құндылықтарын насихаттайтын 200-ден астам шара ұйымдастырылды. Осы уақыт аралығында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі туралы ­«Жетісу»­­ телеарнасында 2 сұхбат беріліп, 127 телесюжет көрсетілді. Жергілікті және республикалық газеттерде 75 мақала, әлеуметтік желілерде 800-ден астам ақпарат жарияланды. Ассамблея жұмысын ақпараттық-насихаттық іс-шаралар арқылы жүргізу үлкен маңызға ие. Осыған орай Ассамблея арнайы медиа жобаларды іске асыруда. Басты мақсат – өңірдегі этносаралық қатынасты дамытуға ұйытқы болып, қоғамдық келісімді сақтауға елеулі үлес қосып жүрген тұлғаларды дәріптеу. Біз отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеп насихаттауымыз керек. Бұл – мемлекеттің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ міндеті, – деді Медғат Қабдылқаиров.
Оның сөзін мұқият тыңдаған депутаттар қосымша сұрақтар қойып, құрғақ баяндама, жалаң сандар ештеңе бермейтінін қатаң ескертті. Атап айтқанда нақты қандай нәтижелерге қол жеткізілгенін, қандай түйткілдер мен ұсыныс-тілектер бар екенін айту қажеттігін және осының бәрін нақтылап, жазба түрде тапсыру қажет деп шешті.
Күн тәртібіндегі «Діни эктремистік идеологияны ұстанушы азаматтарды оңалту бойынша жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, жұмысты жетілдіру туралы» екінші мәселе бойынша Алматы облысының дін істері басқармасының бөлім басшысы Жандос Ескендіров баяндама жасады.
Ол мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыру және өңірдегі діни ахуалды тұрақты ұстау басқарма және оған қарасты құрылымдық екі орталықтың негізгі қызметі екенін жеткізді. Ал діни ахуалдың тұрақтылығын сақтаумен байланысты аспектілердің бірі – облыс тұрғындары арасында дес­труктивті діни идеологиялардың таралуына қарсы іс-қимыл жасау деді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыста салафизм, таблиғи жамағат, хизбут-тахрир ағымдарының жақтастары бар екендігі анықталған. Осы деструктивті діни идеологиялардың ықпалына түскен азаматтар облыстың тығыз қоныстанған және экономикалық дамыған 5 ауданында көп мөлшерде шоғырланған. Осыған байланысты 2020 жылы Алматы өңірі бойынша, сонымен қатар аталған деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың көп шоғырлануына байланысты Қарасай ауданында діни ахуалды қадағалауда ұстап, оңалту жұмыстарында жедел әрекет ету үшін арнайы секторлар құрылған. Сонымен бірге облыстың шалғай нүктелері мен ауылдық округтерінде оңалту жұмыстарын жүргізетін теологтарға шұғыл шығуға мүмкіндік беретін, нүктелі ақпараттық-түсіндіру, оңалту және психокоррекциялық жұмыстарды жүргізу үшін арнайы жабдықталған PePeaмобиль қолданылады. Қазіргі кезде облыс бойынша оңалту жұмыстарын басқармаға қарасты Оңалту орталығының 17 теологы, арнайы бекітілген 10 имам және «Ақниет» қоғамдық қорының 3 теологы жүзеге асырады.


– Оңалтудың теологиялық білім беру бөлігінде, Дәстүрлі дінге бейімдеу үшін аталған азаматтарға «Фикх», «Сира», «Мазхабтар тарихы», «Ақида» т.б. тақырыптармен байланысты жеке онлайн және оффлайн форматта әңгімелесулер жүргізіледі. Қосымша ханафи мазхабының діни көз қарасын қалыптастыру үшін араб грамматикасы бойынша тегін курстар ұйымдастырылған. Сабақты білікті теолог мамандар мен ҚМДБ имамдары өткізеді. Сонымен қатар, Басқарма міндетіне облыс аумағында жұмыс істейтін 5 түзеу мекемесінде оңалту жұмыстарын жүргізу кіреді. Бекітілген кестеге сәйкес, сотталғандарды тұрақты негізде оңалту үшін орталықтың 4 теологы, 1 психологы және ҚМДБ-ның 4 имамы жеке және топтық кездесулер, тренингтер өткізеді. Оң психологиялық ахуалды қалыптастыру мақсатында түрлі спорттық жарыстар, конкурстар жүргізіліп, театрлық қойылымдар ұйымдастырылады. Нақты мысал келтірсек, Заречное ауылының түзеу мекемелерінде және Жауғашты ауылының әйелдер колониясында сотталған азаматтармен рамазан айының құрметіне «ауызашар» ұйымдастырылды. Іс-шараға жазасын өтеп жатқан 800-ден астам адам қатысты. Оңалтудың жанама әдістері ретінде түзеу мекемелерінде дін саласындағы мемлекеттік саясатты насихаттайтын және діни радикалды идеологияның беделін түсіруге бағытталған бейнефильмдер мен роликтер көрсетілуде. Сонымен қатар, 5 түзеу мекемесінің кітапхана қорын толықтыру мақсатында ҚАЖ департаментіне діни сауаттылықты арттыруға және деструктивті діни идеологияның беделін түсіруге бағытталған 139 кітап берілді.
Жалпы Басқарма тарапынан есептік кезеңде 1129 деструктивті діни идеологиялардың ықпалына түскен ұстанушылармен жеке оңалту жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 537 адам Қазақстан қоғамының құндылықтарына бейімделді. Сондай-ақ Дін істері басқармасы тарапынан қылмыстық атқару жүйесінің түзету мекемелерінде оңалту субъектілерімен деструктивті діни идеологиялардың ықпалына түскен 33 ұстанушысы қамтылды. Нәтижесінде 12 адам ­Қазақстан қоғамның құндылықтарына, 6 адам дәстүрлі ислам нормаларына бейімделді, – деді Жандос Ескендіров.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №918 қаулысымен бекітілген Қазақстан ­Республикасының жастарын қолдау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының» және «Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының Алматы облысында орындалу барысы туралы» үшінші, төртінші мәселелер бойынша Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Ахметов баяндама жасады.
Үкіметтің 2023 жылғы 28 наурызда қабылданған №247 қаулысына орай, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізінде 2029 жылға қарай тұжырымдамадан:
1. Жастардың мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар болу деңгейін 90%-ға дейін арттыру;
2. Еліміздегі жастар саясатына қанағаттанатын жастардың үлесін 70%-ға дейін ұлғайту;
З. Жұмыспен қамтылған жастар санын 2,3 млн. адамға дейін ұлғайту;
4. Жас кәсіпкерлердің үлесін 20%-ға дейін ұлғайту күтілетін 4 нәтижеге қол жеткізу айқындалғанын айтқан облыс жастарының көшбасшысы алдыңғы ағаларына қарағанда өзі басқаратын мемлекеттік мекеме алдындағы мәселелерді анағұрлым тартымды, нақты және қарапайым да түсінікті жеткізді. Сонысымен отырыс қатысушыларының, әсіре келешегінен көп үміт күттіретін жас жетекші ретінде БАҚ өкілдерінің сүйспеншілігіне бөленді десем, артық айтқандық болмас. Келешекте өз жұмысын жақсы білетін, туған тілінде таза да шешен сөйлеп, жастарды, сол арқылы қоғамды оң бағытта ізінен ерте білетін көшбасшылар көбейсе, қоғамның билікке деген сенімі мен жоғары адамгершілікті, әділетті құқықтық мемлекет құруға деген құлшынысы арта түсер еді деген үкілі үміт те санамызда ұнамды мағынасында селт еткізді.
Ол келтірген деректерге қарағанда, тұжырымдаманы іске асыруға бағытталған: Азаматтық қатысу және шешім қабылдауға қатысу/Шешім қабылдау процесіне жастарды тарту үшін жағдай жасау; Әлеуетті іске асыру және кәсіпкерлік; Жас мамандардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін жағдай жасау; Жаңа білім беру кеңістігін қалыптастыру; Жастардың мәдени даму мүмкіндіктерін кеңейту; Ұлттық құндылықтар және патриоттық тәрбие – ақпараттық кеңістік, салауатты өмір салты, жастар және ауыл атты жеті бағытта нәтижелі жұмыс жүргізу арқалы 2023 – 2029 жылдары 12 нысаналы индикаторға қол жеткізу көзделген. Олардың арасында – Орталық және жергілікті деңгейдегі Қоғамдық кеңес құрамында жастар квотасын ұлғайту, NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету, жастардың жұмыспен қамтылу үлесін арттыру, мемлекеттік қызметшілер арасында жастардың үлесін арттыру, жоғары біліммен қамтылған жастар және дарынды жастар санының артуы, волонтерлік және қайырымдылық жобаларына, оның ішінде экологиялық бастамаларға тартылған жастардың үлесін ұлғайту, әскери-патриоттық тәрбиемен қамтылған жастар санын, оның ішінде әскери-спорттық іс-шаралар арқылы ұлғайту, жастар үшін цифрлық және ақпараттық кедергілерді азайту/Eljastary.kz инфонавигаторға қатысу деңгейі, Жастар денсаулық орталықтарында психикалық және репродуктивтік денсаулықты сақтау қызметтерімен қамтуды арттыру, цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша оқудан өткен өңірлік жастардың үлесін ұлғайту сияқты өскелең ұрпақты өрге сүйреп, келешекте еліміздің өркениетті даму бағыттарын айқындайтын маңызды мәселелер бар.
– Аталған индикаторларға қол жеткізу мақсатында Алматы облысында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысында 11 бағытқа арналған 73 тармақтан тұратын 2024 жылғы іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазір облыста 14 жастан 35 жасқа дейін жастар саны – 426 117 адам. Басқармада жалпы штат саны 75 адам болатын «Жастар ресурстық орталығы», оның 4 бөлімі қызмет атқарады. Облыстық орталықтың штат саны – 24 болса, 9 аудандық жастар ресурстық орталықтарында – 51 адам жұмыс істейді, 136 ауылдық округте әдіскер нұсқау­шы жастар саясатын жүзеге асыру бойынша қызмет етеді, – деді Мәди Ахметов.
Ол сондай-ақ Жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлерінің жалақысына үстемақылар тағайындалып, әлдеқашан қаулысы шыққанмен, әлі күнге іс жүзінде берілмей жатқанын, жастарды бюджеттік кредиттеумен «Alatau Jastary» атты өңірлік бағдарламаға қаражат бөлінгенмен, ол да бюджетті нақтылау барысында облыс есебіне қайтарылғанын айтты.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы Алматы облысында туризмді дамыту, оның ішінде – Алматы облысында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жолдарды туристификациялау, Турис­терге қолайлы жағдайлар жасау, сервис сапасын арттыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрландыруды дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Оның мәлімдеуінше, 2023 жыл ­Алматы облыстық туристік кластерін қалыптастыруға, ішкі және сыртқы туристік нарыққа оның имиджін қалыптастыруға, инфрақұрылымды дамтуға және туризм саласында көрсететін қызмет сапасын артыруға бағытталған бірқатар іс-шараларалар ұйымдастырылып, жүзеге асырылған. Соның ішінде «Visit Alatau» жаңа туристік бренді қабылданып, бекітілген. Жаңа концептуалды туристік өнімдерді қалыптастыруға, елдегі және әлемдегі туристік нарықтың тенденцияларын жан-жақты зерделеуге ерекше назар аударылып, Алматы облысының туристік саласын дамытудың 2023-2026 жылдарға арналған Мастер-жоспары әзірленген. Туристік бірлестіктердің ұсыныстары ескеріліп, таулы соқпақтарда жайлы жағдай жасау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыста алғаш рет 300 шақырымнан астам жаяу жүргіншілер жолы мен туристік маршруттар жетілдірілген. Көлсай көлі мен Іле өзенінің бойындағы Таңбалы тас шатқалында пирстер орнатылған. Таңбалы қорық-мұражайында петроглифтерді түнгі жарықтандыру жүзеге асырылып, фотозонасы бар шолу алаңдары, ақпараттық тақталар, жаяу жүргіншілер көпірлері, беседкалар, орындықтар қойылған.
Қонаев қаласының орталық көшелерінде,Түрген, Талғар, Саты, Қара, шатқалдарын қоса алғанда, Есік, ­Көлсай, Қайыңды, сондай-ақ Қапшағай су қоймасының жағалауында туристік орындарға апаратын тас жолдардың бойында 40-тан астам туристік навигация жүйесі орнатылыпты. Маркетинг, цифрландыру, туристік өнімдерді ішкі және сыртқы нарықта ілгерілету бойынша шаралар қабылданған, іс-шара туризміне көп көңіл бөлінген. Мысалы, Қонаев қаласында «Qonaev international balloon fest», «Oceanman», «Tengri ultra» ұлы дала марафоны, 100 мыңнан аса адам қатысқан Іле-Балқаш регатасы сияқты ірі халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылған.
– Мемлекет басшысының биыл 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әлеуетті инвесторларға салықтық және әкімшілік жеңілдіктер ұсынылатын туризм саласына инвестиция тарту бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде. Преференциялар, басым туристік бағыттар бойынша орналастыру объектілерін салу кезінде шығындардың бір бөлігін субсидиялау және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде өзара іс-қимыл жасау ұсынылады.
2023 жылы облыста жеке инвестициялар есебінен 8,3 млрд. теңге сомасына 12 жоба іске асырылды. Оның ішінде «Golden beach Kapshagai», «Makao Luxury Village» кешендері, «Көк тау» тау шаңғысы курорты және басқалары бар. Ал биыл Алматы облысының әкімдігі мен «Oi-Qaragai» инвестициялық тобы арасында Ақтас үстіртіндегі «Oi-Qaragai» тау курортын кеңейту жөніндегі инвес­тициялық жобаны іске асыру шеңберінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Соған сәйкес міндеттемелер орындағаннан кейін «Oi-Qaragai» инвестициялық тобы курортты дамыту үшін 550 жұмыс орнын құра отырып, 2028 жылға қарай 58,7 млрд. теңге, соның ішінде 2024 жылы 18,3 млрд. теңге инвестициялауды жоспарлап отыр.
Туризм және спорт министрлігімен ҚХР-да Қазақстанның туризм жылын дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақстанның ҚХР-дағы туризм жылы аясында әкімдік Қытайдың 2 ірі қаласында (Шанхай, Нанкин) туристік әлеуетті таныстырумен және ҚХР стейкхолдерлерімен ынтымақтастықты дамытумен кемінде 2 роуд-шоу, В2В кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Бұл іс-шара инвестициялар мен шетелдік туристерді тарту үшін үлкен маңызға ие. Орталық деңгейде туристер үшін маршруттар мен турис­тік өнімдерді құра отырып, Нарынқол ауылында жаңа өткел ашу бойынша ҚХР-мен жұмыстар жүргізілуде.
Алматы агломерациясын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде облыстың туристік орындарында 2027 жылға дейін 100 санитарлық-гигиеналық торап орнатуды жоспарлап отырмыз, оның ішінде ағымдағы жылы 25 бірлік. Осылайша, екі жыл ішінде біз облыстың туристік орындарының санитарлық-гигиеналық қажеттіліктерін толығымен жабамыз.
Жалпы, ұлттық парктердегі туристік объектілерге апаратын 75 км автожол салуға алдын ала есептеулер бойынша шамамен 50 млрд.теңге қажет. Республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Облыс әкімдігі қажетті жобалық құжаттамаларды әзірлеуге дайын. Орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, қолданыстағы заңнама шеңберінде субсидия пайызын қайта қарауды және 50%-ға, тіпті 70%-ға дейін жеткізуді сұраймыз, – деді баяндамашы.
Депутаттар туризмді дамыту мәселесі бойынша да біраз пікірлерін айтып, ұсыныс-талаптарын жеткізді. Әсіресе жол бойындағы санитарлық-гигиеналық нысандардың талапқа сай жұмыс істеуі үшін олардың жанынан шайхана, дәмхана сияқты кәсіпкерлік насындарын ашып, саяхатшылар мен жолаушылар тынығып дем алатын орындардың болуы маңызды екенін баса айтты. Бұл туризмнің дамуы тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге жаңа жұмыс орындары құрылып, экологиялық тазалық, саяхат мәдениетін қалыптастыру тұрғысынан да маңызды екені атап көрсетілді.
Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында сондай-ақ «Алматы облысында кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы», «Алматы облысында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы» мәселелер де қаралды. Олар жөнінде де нақты ұсыныс-пікірлер айтылды.
Жалпы Алматы облыстық мәслихаты тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы жоғары деңгейде өтті. Біз депутаттардың белсенділігі мен қаралған мәселелер бойынша баяндамашыларға қойған батыл сұрақтарына, кейбір тұстарда олардың пікірлерімен келіспейтіндіктерін кесіп айтқан берік ұстанымдарына риза болдық. Мұның өзі бұрынғыдай айтылғанның бәрін құптап, қол көтере бермей, ел мүддесі үшін қызмет еткісі келетін депутатық корпустың қалыптасып келе жатқанын көрсететін ұнамды беталыс!

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ