Президентіміз Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік сала. Осы сала бойынша «Аяла» Талғар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2021 жылдан бастап қызмет атқарамын. Орталық ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналып 1965 жылы құрылған. Орталықтың негізгі мақсаты мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамға бейімделуіне барлық мүмкіндікті жасау болып табылады.
Стационарлы жағдайда 70 төсек-орын — психоневрологиялық ауытқулары бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған үш жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, күндізгі болу жағдайында 40 орындық оңалту бөлімшесі – психоневрологиялық ауытқулары бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар қызмет алады. Орталықта қазіргі таңда мекеме директоры Бақыт Тимур Бақытұлының басшылығымен ауқымды жұмыстар жүргізілуде, мекеме басшысының балаларға қолайлы жағдай жасауына, орталықтың дамуына, заман талабына сай өзгеруіне тигізген үлесі өте зор.
«Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез-келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» — деп, Жүсіпбек Аймауытов атамыз айтқандай – қоғаммен байланыс саласындағы ұйымның саясатын және оның жекелеген кезеңдерін іске асыру бойынша жұмыстарды атқарамын. Ақпараттық-жарнамалық сипаттағы іс-шараларды дайындауға және өткізуге қатысу, ақпараттық материалдарды жинау, сақтау, әлеуметтік желілерге насихаттау, балаларға арнап ұйымдастырылған мәдени іс-шараларға атсалысу, қорытынды есептерін жасау, орталықтың әлеуметтік желілеріне уақытында жүктеп отыру басты жұмыстардың бірі.
Орталықта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және ата-аналармен үздіксіз қарым-қатынаста болу үшін бейнебақылау камералары орналасқан. Бейнебақылаудың үздіксіз қаралуын қамтамасыз етіп отырамыз.
Қорытындылай келе, жұртшылықпен жұмыс жөніндегі маман – болашағы бар мамандықтың бірі. Себебі, XXI ғасыр – ақпараттық-цифрландыру технологияларының дәуірі. Ал бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет сауаттылығы қазіргі қоғамға өте қажет.
Жанерке Төлегенқызы,
«Аяла» Талғар арнаулы
әлеуметтік қызмет көрсету
орталығы» КММ қызметкері