Жуырда Талғар аудандық мәдениет үйінде ақын, драматург ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Иран-Ғайып Оразбаевпен «Аспанмен ойша тілдестім» атты кездесу өтті.Шараға өз заманының тұлғасы бола білген қаламгердің замандас достары, оқырмандары және өнер десе ішкен асын жерге қоятын жас ақындар жиналды.
Әдеби-сазды кешті Алматы облыстық «Қобыз сарыны» ансамблі күмбірлеген күймен ашып берді. Талантына таңдай қаққан ел-жұрты бір туар өнер иесін көруге асыққан сыңайлы. Жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Талғар аудандық мәдениет , тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева Алаштың аяулы ақынын Талғар жеріне келуімен құттықтап: «Қорқыттың қобыз үнімен тербелген қасиетті мекенде өмірге келген Иран-Ғайып Оразбаев – күллі қазақтың бетке ұстар азаматы. Дәм-тұз бұйырып қонағымыз болғаныңыз біз үшін зор мәртебе. Иран-Ғайып шығармашылығының ерекшелігі – лирикалық туындыларында бүкпесіз ақтарыла жазып, өзіне шүбәсіз сендіре білуінде. Ол өнердегі тазалықты, ақиқатты қалайтын ақын. Қаламгердің тыныс-тіршілігі, болмысы арман-тілегі әр өлеңінде көрініс тапқан. Өлмес туындыларымен ел жүрегінен орын алған азамат жас ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз», – деп атап өтті.
Ел алдында жырларын жатқа оқығанды жаны сүйетін қаламгер әзіл әңгімелер айта отырып өлең шумақтарын арнады. Мектеп оқушылары ақынның өлеңін оқып, мәдениет үйінің дәстүрлі әншілері Сыр мақамымен терме-толғау орындады. Жетісу жыр мектебінің түлегі Серік Сүйіндікұлы ақынға арнау жырын тарту етті. Осы кешті ұйымдастыруға себепкер болған ақынның досы, мәдениет ардагері Ханым Шотбайқызы, ақын бауырлары Камнұр Тәлімұлы мен Аманжол Қорғанбек ақын поэзиясының көркемдігі тігісі жатық сөздер мен сөз тіркестерін ұтымды қолдануынан айқын аңғарылатынын жеткізді. Өлеңдерінің айтылу сазы, ырғақты әуені оның өзіне ғана тән бөлек болмысын айқындайтынын атап өтті. Төрт жасынан атқа мініп, бәйгеге шапқан бала кезін еске алған ол жаз жайлауының салтанаты өміріне үлкен сабақ болғанын да жасырмады. Тұп-тұнық жырларыныа шөлдеген халықы ғибратты өлеңдерінен ой түйіп, риза көңілмен тарқады.
Зорагүл Әбдіқадір