Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет. Кәсіби біліктілік пен адамгершілік қасиетке ие болуды, қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауды талап ететін мамандық иелерінің арқалаған жүгін ауыр әрі абыройлы. Белбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Сабалиев Абзал Тілеубердіұлы дәл осындай өз ісінің маманы, халыққа қызмет етуді бұлтарпас борышым деп білетін мемлекеттік қызметкер.
Талғар топырағына аунап өскен азаматтың арманы туған жерін көркейту, туған еліне қызмет ету. 2006-2009 жылдары Алматы қаласындағы Қонаев университетінің колледжінде салық ісі мамандығы бойынша білім алса, 2011-2014 жылдары аталған оқу орнында қаржыгер мамандығы бойынша білімін шыңдаған. Алматы қаласы Медеу ауданы департаментінде іс-тәжірибеден өткен жас маманның біліктілігі мен табандылығына тәнті болған басшылық оны жұмысқа қабылдайды. Өндірістік емес төлемдер бөлімінде он бір бас маманға көмекші болған жас маманның еңбекқорлығы болашағына жол ашқан. Кәсіпкерлік саласында да бағын сынап, логистика және құрылыс саласында табысты еңбек еткен. Халқына қызмет етуді естен шығармаған ол 2018 жылы мемлекеттік қызметке қайта оралады. Сол кезден бастап, қараша халықпен етене араласып, мұң-мұқтажына құлақ түріп келеді.
Абзал Тілеубердіұлының айтуынша, жергілікті атқарушы мемлекеттік мекемеде қызмет ететіндардің жалақысы халықтың төлеген салығынан келетіндіктен халық мемлекеттік қызметкерлердің тікелей жұмыс берушісі. Сондықтан жұмыс берушіге адал қызмет ету – адамдық парыз. Белбұлақ ауылдық округі Алматы сынды алып мегаполистің іргесінде болғандықтан халық саны жылдан жылға артып, ауыл кеңейіп келеді. Бір көшеге асфальт төселсе, тағы бір көше пайда болады. Ауылдық округтің жан саны өскен сайын ауыз судың, көгілдір отынның жетіспеуі, жолдардың қырық жамау болып жатаныны сынды мәселелер күн тәртібінен түспейді.
– Жұмысқа кіріскен кезден бастап ауылдардағы мәселелерге талдау жүргізіп, сараптама жасадық. Нақты қандай түйткілдер барын анықтадық. Сол бойынша бюджеттік өтінім беріп, жобалық-сметалық құжаттама жасап, қосымша қаржы да сұрадық. 2019 жылға дейін барлық бюджет ауданнан бөлінетін, сондықтан бұрынғы әкімдерде мүмкіндік аз болды. Ал қазір кіріс пен шығысты жергілікті атқарушы мекеме өзі басқаратындықтан түскен қаржыны қажетті жерге жұмсай аламыз. Десе де әкімнің қолынан келер қайран аз. Округ әкімінің өзге жұмыстардан қол босай бермейтіндіктен халық көбінде әкім орынбасарларын көреді. Сондықтан тұрғындардың әкімдерге өкпесі қара қазандай болып жүреді. Наразы халыққа жағдайды түсіндіру оңайға емес.. Оларды әне-міне болып қалады деп алдаусыратқанша ата Заңымыздың тармақтарына, баптарына сүйене отырып шындыққа көзін жеткізген абзал. Инвестиция тартып, кәсіпкерлерге жағдай жасау арқылы өзімізге демеуші таба аламыз. Сол арқылы біраз мәселені шешуге мүмкіндік аламыз», – деді А. Сабалиев.
Қарапайым отбасында өмірге келген азаматтың берік ұстанымы, биік мақсаты қамқор да талапшыл ата-ана тәрбиесінің жемісі дейді кейіпкеріміз.
– Кеңес үкіметі құлап, еліміз тәуелсіздік алар алдында ғана өмірге келдім. Жасыратыны жоқ, сол аумалы-төкпелі заманда ұлттық құндылық, қазақы тәрбие, патриотизм деген тақырыптар тым аз айтылатын. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» демекші, жақсы жұмыс, жақсы табыс әкеледі деген ниетпен мектепті орыс тілінде оқығандар көп болды. Алайда бүгін заман басқа. Әр сәби тәуелсіз елде өзінің құндылығымен сусындап, қазақ тілінде сабақ алып, өз елінің патриоты болып өсіп келе жатыр. Оларға қарап еліміздің болашағы жарқын болатынына сенемін. Көпбалалы әкемін. Әке ретінде Жапон елдеріндегідей балаларды еркін, өз көзқарасын, пікірін ашып айта алатын, қателеспейтін емес қателігінен сабақ ала алатын батыл етіп тәрбиелегенді жөн санаймын, –деді Абзал Тілеубердіұлы .
Кейіпкеріміз адам баласы мейлі қай жасқа келсе де өзін алға жетелейтін арманның жетегінде жүру керек деп есептейді. Елінің ықыласы азаматты көкке көтереді деп сенетін ол болашақта сенатор болуды армандайды. Жылдар бойы жиналған тәжірибесі мен қарым-қаблетіне сенімді. Біз де арманы асқақ, мұраты биік азаматтың әр қадамына сәттілік тіейміз. Алда келе жатқан мемлекеттік қызметкерлер күні құтты болсын. Елдің мұңын өз мұңым деп білетін азаматтар барда қараша халықтың еңсесі биік, берекесі бекем болары сөзсіз!
Зорагүл Әбдіқадір