Наурыз жаңаша форматта тойлануда

Наурыз жаңаша форматта тойлануда

Мәдениет және ақпарат министрлігі Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тәсілі туралы айтты. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев: «2024 жылдан бастап Қазақстан бойынша Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланатын болады. Оның мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жариялау ұсынылды. Мұнымен қатар, Наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймағына жолданды» – деді Сәбит Барлыбаев.

14 наурыз — Көрісу күні — Амал мерекесі. Бұл дәстүр негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Қазір бұл мерекені барлық аймақта тойлау ұсынылды. 15 наурыз — Қайырымдылық күні. Бұл күнді ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арнамақ. 16 наурыз — Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналып, республика бойынша түрлі іс-шараларды өткізу жоспарланып жатыр. 17 наурыз – «Шаңырақ күні». Осы күні отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді. 18 наурыз — Ұлттық киімдер күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шара өткізу ұсынылып отыр. 19 наурыз — Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды. 20 наурыз — Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. 21 наурызды — Ынтымақ күні. Оның басты мақсаты — жалпы халық арасында бір-біріне деген сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау. 22 наурыз — Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылады. 14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өтеді. 23 наурыз — Тазару күні. Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жарияланады. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді. Талғар халқы Наурыз мерекесін жылда кең көлемде атап өтеді. Осы жылы да 22 наурыз күні мерекелік шара жоғары деңгейде өткізілмек.
Наурыз – жер бетіндегі ең көне мейрамдардың бірі ғана емес, әлем бойынша кең көлемде аталып өтілетін мерекелердің бірі. Бес мың жылдық тарихы бар бұл мейрам Мексика, Иран,
Ауғанстан, Бирма секілді елдерде жоғары деңгейде аталып өтілсе, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Албания, Қырғызстан, Моңғолия, Македония және Түркия елдерінде мемлекеттік мереке ретінде тойланады. Наурыз — тарихы терең, тағылымы мол мейрам. Шежіресі Ежелгі грек, Рим, тіпті Ежелгі Руське жалғасқан. Мұның сыры – жыл басы болғанында. Әрине, бүгінде жыл санағы бойынша өзгеше аталып өтеді. Дегенмен, көктем келісімен дүние түлейтінін табиғат та, ғылым да дәлелдеп берді. Наурыз – ескіден келе жатқан есті мейрам. Мыңдаған жылдық мәні, өзге мерекелерге ұқсамайтын сәні мен әні бар. Бұл күнді Орталық Азия мен Шығыс халықтары атап өтеді. Негізінде оның шежіресінің шеті жоқ. Өйткені көктем – жыл басы. Мұны табиғатпен үндес көшпелілер ғана емес, Батыс пен Американың бірқатар жергілікті халықтары да мойындайды. Әрине, жаңа жыл, жаңару күні – нағыз мереке. Айқай-шудың емес, кісілік пен кішіліктің көрініс табатын күні. Бірақ әз-Наурызымыздың мәзі кете жаздаған кезі болды. Кеңестік тоталитарлық жүйе думанды тойға 1926 жылдан бастап тоқтау салды. Дәстүрінен бөліп, дүмшелікке итермеледі. Дегенмен, тілегін тілімен емес, жүрегімен айтатын жұрт 1988 жылы мейрамға қайта қауышты.
Мерекенің атауы әр елде әртүрлі. Ирандықтар — навруз, Тәжік халқы бәйшешек немесе гүлгардон дейді. Ал татарлар – нардуган, бирмалықтар – су мейрамы, өзбектер наусарджи деп атайды. Тек қазақтар Ұлыстың ұлы күні деп айрықша бағалаған. Тәуелсіздік алғаннан бері Наурыз жылдан-жылға жаңғырып келе жатыр. Ұлттық киімдер мен ұлттық дәстүрді жаңғыртып жатырмыз. Наурыз күн мен түнді теңестіріп қана қоймайды, халықтың басын бір арнаға тоғыстырады. Әлсізге демеу, жүдеуге жәрдем, жәбірленушіге медеу етеді. Демек, берекелі өтетін мереке.
Зерттеушілердің көбі Наурыз мейрамын адам баласы бес мың жылдан бері тойлап келе жатқанын айтады. Алайда бегілі тарихшы Жамбыл Артықбаев Наурыз мейрамының тарихы тым әріде жатқанын – кемі он мың жыл болатынын айтады: «Мен Наурыз мейрамы Еуразия даласында екі-үш мың жыл емес, он екі-он үш мың жыл бұрын тойлана бастады деген пікірдемін. қазақтың әңгімелері Наурызды Нұқ пайғамбардың заманымен байланыстырады. Жер бетін топан су басқан оқиға оқырманның бәріне де белгілі. Нұқтың жанында Құдайға сенген сексен адам бар, үш ұл, үш келіні бар алты ай он күн су бетінде қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтапты дейді. Біреуі ата-анасынан, біреуі баласынан айрылған, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Нұқтың әңгімесін баяндай келе «Кемe Қазығұрттың басына тоқтаған күн қасиетті
Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебімен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні» дейді.
Арабтың календары ай есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деп құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ Хамал қазіргі уақытта Тоқты аталады және мартқа сәйкеседі. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Хамалдан» шығады. Еуразия халықтарының көпшілігінде жаңа санат (григориан) календары кіргенге дейін жыл басы Наурыз болды. Қалай болғанда да Нұқ пайғамбардың кемесі тура
Наурызда Қазығұртқа тоқтаған болып отыр. Осыдан кейін Топан су қай заманда болған деген сұрақ туындауы заңды, қазіргі кешенді ғылыми зерттеулер жер бетінде соңғы топан судың біздің жыл санауымызға дейінгі 12-13 мың жылдар бұрын болғанын айтады», – деп атап өткен.
Наурыз мерекесі жақындаған сайын әрбір отбасы Наурыз көже жасауды міндет деп санайды. Дәстүрі бойынша Наурыз көже 7 түрлі дәмнен дайындалады. Оған бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар міндетті түрде қосылуы тиіс. Тақ санын сақтап, мұндай заттар көбейтіле беріледі. Соғымнан арнайы сақталған қазы, қарта, шұжық, т.б. қосылады. Ол негізінен бидай көже, тары көже секілді әзірленген (қысқаша Көже). Наурыз көжені халық арасында «тілеу көже», «көп көже» деп те атай береді. Наурыз көжеге, наурызға арналып сойылған малдың кәделі асына Наурыз бата берілген соң, жиналған халық: «ақ мол болсын»деген тілек айтып тарқасады, деп жазады. Ол үшін ең алдымен қазан толы сүтіңізді қайнатып, сүт піскеннен кейін оның бетіндегі қаймағын қалқып алып тастайсыз.Сүт әбден пісуге тақаған кезде, қыс бойы сақтаған сүріңізді салып жіберіп, 15 минуттай бетін жауып қоясыз. Аталған уақыт өткеннен кейін жеке ыдысқа пісіріп алған бидай, жүгері, тары, асбұршақ, күріш тәрізді қоректік заттардың жеті түрін сүт пен етке араластырып тағы бір қайнатып аласыз. Осылай бабымен жасалған көженің дәмі таңдайыңыздан кетпесі анық. Жақсылыққа, үмітке толы көктем мерекесі тірлік пен бірліктің бастауы. Жаңа жыл баршамызды жарылқап, ескі жыл есіркесін. Ұлу жылы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын.

Зорагүл Әбдіқадір