Ардақты ағайын! Құрметті аудан тұрғындары!

Ардақты ағайын! Құрметті аудан тұрғындары!

Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
«Самарқанның көк тасы – балқыған күн» демекші, дүниедегі тіршілік атаулының дүр сілкініп, күллі тіршілікке жан бітер шақ, мейірім мен имандылықтың, ырыc пен берекенің арқауын тасытқан Наурыз мейрамы — біздер үшін ұлы мереке.
Жыл сайын асыға күтетін бұл күні халқымыз, ақ дастарханын жайып, әрқашанда елінің тыныштығын, халықтың ынтымағын тілеген. Міне бүгінде сол ата-бабамыздың арман-тілегі орындалып, Тәуелсіз еліміз бірліктің берекелі бесігіне айналды.
2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз
«Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді.
Бас Ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3 мың жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын» мәлімдеді.
Ал біздер үшін Наурыз – Ұлы даланың парқы мен ата-бабамыздың даңқын дәріптеген дәстүрлі рәміз. «Білімге жүгінгеннің жүгі жеңіл, дәстүрге жүгінгеннің тұзы жеңіл» демекші бүгінгі биік рухымыздың да, өрелі мәдениетіміз бен өнеріміздің де өзегі осында.
Қазіргі уақытта аудан алдында бірқатар маңызды міндеттер тұр. Біз күш-жігерімізді экологияны сауықтыруға, аудан тұрғындарының өмір сүру ортасы мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағыттаймыз.
Биылғы жылы аудан көлемінде жаңа мектептердің құрылысын аяқтау, ауыз су, газ, электр желілерін тарту және жол және абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Біздің әрқайсымыздың тірлігіміз түзу болса, еліміздің іргесі кеңейіп, өркендей береді.
Ардақты ағайын!
Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін.
Еліміздегі тұрақтылық тұғыры бекемделіп, бақ-берекеміз арта берсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын!

Т. Айдарбеков
Талғар ауданының әкімі