Жуырда Талғар қаласының орталық кітапханасында «Қазақстан оқу- ағарту ісінің үздігі», «Еңбек ардагері» медалінің иегері, ұлағатты ұстаз Малдыбеков Мұқаметқали Әбдірейімұлының әдеби- шығармашылық кеші болып өтті.
Кешке құрметті қонақ ретінде қаламгерлер- Тұрдақын Жексенбай, Молдасан Шапиұлы, Қанат Әбілқайыр, Мұхтархан Қалиұлы, Болат Құрманжанұлы, Даубай Әлқожаұлы, Жексен Алпартегі, Шеризат Сарсенбайұлы, Даубай Мамытұлы, Айбек Ережеп бастаған ақын, жазушылар мен Талғар аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы- Фарида Бегенбаева, Талғар аудандық «Халықаралық қазақ тілі қоғамының» төрайымы- Рая Байшықова, кітапхана директоры- Махамбет Хармысов, ұстаздың бауырлары, әріптестері, шәкірттері және журналистер қатысты.
Суретшілік сиқырлы да сырлы өнер. Әйгілі Италияндық ұлы суретші Леонардо да Винчи бір қолымен сурет салып тұрып, екінші қолымен жаза алатын қасиетке ие болған екен. Ұстаздық ұлы мамандық, ақын, жазушы болу Алладан десек те, бұл күнде 88 жасқа қадам басқан Мұқаметқали ұстаз:
Қарындаш пен өшіргіш босатпасын қолымды,
Кедергілер тоспаса екен жолымды.
Тоқсанымда толымды сөз айта алсам,
Іс тындырған болар едім орынды!- деп қыл қалам мен сия қаламды қатар ұстаған, суретшілік өнер мен шығармашылықты қатар меңгерген сегіз қырлы, бір сырлы ерекше талант иесі. Кештің ашылу салтанатынан соң, көрермендерді кітапхана фоэсіне қойылған Мұқаметқали Әбдірейімұлының сурет көрмесімен ұстаздың ұлы, мектеп директоры Бақытжан Мұқаметқалиұлы таныстырды. Ұстаздың, «Сөздің мәні-оның жаны. Жаны бар сөздің күші бар. Күші бар сөздің тындырар ісі бар»- деген философиялық ой-толғамын қызыға оқыған бүгінгі жас ұрпақ, мектеп оқушылары кешті аталарының өлеңдерін оқумен жалғастырды. «Қалаған жақсы ісін істеуге мүмкіндік туғанда, адам өзін бақытты сезінеді»,- деген ұлағатты ұстаздың бақытты сәті әрі қарай оқырмандар залында жалғасты.
Балалығым өткен жер,
Жігіттікке жеткен жер!
Құлжа, Сүйдін, Көкдала,
Көкейімнен кетпес жер!
Жігіттігім өткен жер,
Егделікке жеткен жер!
Қарасаз бен Шәлкөде,
Ерінбей еңбек еткен жер!
Егделігім өткен жер,
Кәрілікке жеткен жер!
Талдыбұлақ, Талғарым- деп жырлаған Мұқаметқали Әбдірейімұлы 1936 жылы 24 ақпанда Қытай Халық Республикасында дүниеге келген. 1956 жылы Құлжа қаласындағы Ахметжан Қасыми атындағы педагогикалық училищесін жақсы бітіріп, сонда 1959 жылға дейін химия-биология пәндерінен дәріс берген. 1959 жылы тарихи отанына оралған соң 1962-1983 жылдары Райымбек (Нарынқол) ауданы Қарасаз ауылындағы Энгельс орта мектебінде, 1983-1994 жылдары Талғар ауданы, Талдыбұлақ ауылындағы № 34-мектепте ұстаздық қызмет атқарды. 1970 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітірді. Мұхаметқали ақсақал бұл күнде жұбайы ардагер ұстаз Қонайқызы Биғайша апайымызбен бірге 5 қыз, 2 ұл, 20 немере, 12 шөбере сүйген ақ баталы ата, ақылшы ақ әже болып Талғар ауданының, Талдыбұлақ ауылында бақуатты ғұмыр кешуде.
«Жас кезіңде бейнет көр, қартайғанда зейнет көр» дегендей жас кезде көптеген қиындықтарды бастан өткердіңіз. Ұлағатты ұстаз, шебер суретші атандыңыз, енді жазбаша шығармашылыққа қалай келдіңіз?- деген сұрағыма, өзінің жас кезінен күнделік жазатынын, сол күнделіктер мен өмірден көріп, көңілге түйгендерін қағазға түсіре отырып 80 жаста «Қазақ- Қүнби» атты алғашқы кітабын шығарғанын, одан бері «Жан сыры», «Өмір- заман», «Арғы атамыз- Алаш» кітаптарын «Аннұр Сапа» баспасынан шығарғанын тілге тиек етіп, тұщымды жауап қайтарды.
Бір ұядан ұшып ек,
Әр бұтаққа қоныппыз.
Тезіне өмір түсіп ек,
Әр «әуенге» салыппыз.
Сексен бестен асып ек,
Қалжырап енді қалыппыз- деген өлең жолдарын арнаған ұстазымыздың сыныптасы «Бүркіт», «Тау хикаялары», «Азулылар айқасы» сияқты кесек туындылар жазған қарымды қаламгер Тұрдақын Жексенбай мырза мен Жетісу әншілік мектебінің көрнекті өкілі Садықожа Мошанұлының «Сарыбидай» әнін рухани қазынамызға қосқан әнші әрі қаламгер Молдасан Шәпиұлы мырзалар ұстаз шығармашылығына терең талдаулар жасаса, Жазушылар Одағы Алматы облыстық филиалының директоры- Қанат Әбілқайыр, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы- Фарида Мамырбекқызы мен қазақ тілі қоғамының төрайымы- Байшықова Рая ханымдар өз сөздерінде аудандағы қарт ұстаздың шығармашылығын өте жоғары бағалап, сәттілік тілеп, алғыс хаттар мен марапаттарын табыстады.
Кітап- ау, кітап өмірге аттан,
Көрінбей жанға көміліп жатпа.
Сөз теңізіне тамшы боп там да,
Толқында жүзген кеме боп заула.
Көк жүзінде жарқырап жан да,
Зымыран болып, Ғарышқа самға!- деп өзінің бар саналы ғұмырындағы тәжірибиесі мен білімін, философиялық ой- толғамдары мен зерттеулерін топтастырған «Аннұр Сапа» баспасынан басылып шыққан үш кітабының тұсауын қаламдастары, әріптестері, шәкірттері атынан Тұрдақын Жексенбай, Жеңіс Мұхамедиұлы, Даубай Әлқожаұлы,
Секер Айтбайқызы, Фарида Мамырбекқызы, Болат Құрманжанұлы, Әніз Әлдибекұлы, Құрманғазы Жекенұлы, Баққожа Әлдібайұлы сияқты азаматтар кесіп, «Алатау ардагерлері» қоғамының мүшесі Ауған Нүсіпжанұлы ақ батасын берді. Келесі кезекте сөз алған бауыры Мұхаедиев Жеңіс, жазушы Болат Құрманжанұлы, мәдениет қызметкері Махамбет Қасымханұлы өз сөздерімен «ағаның алды ақ жайлау» екенін тағы да бір дәлелдеп тастады.
Ұжымағым сая бағым,
Пір тұтар даналарым.
Ғұмырың жүзге жетсін,
Ақсұңқар ағаларым,- деп іс- шара барысында ағамыздың құрметіне Молдажан Үсенбаев, Тұрғанбай Малдыбеков, Берік Рахымбаев, Натқан Манай және Ермек Рахыбаевтардың орындауында ән шашулар шашылды.
Шәкіртке берген керегін,
Жайқалған бәйтерегім,
Құрметті адам кім десең,
ұстазым менің дер едім,- деп
Бексұлтан ақын айтқандай, шәкірттеріңіз туралы есте қалар бір естелік айта аласыз ба? Келер күндерден не күтесіз, қандай арманыңыз бар?,- деген сұрағыма ұстаз, сабаққа кіргенде оқушыларға «орындарыңнан тұрыңдар» деп айтушы едім, бүгін де солай айтайын, — дегенде кешке қатысып отырған оншақты шәкірттері орындарынан көтерілді. 1969 жылы Қарасазда химия пәнінен ашық сабақ өткіздім сол сабақта химия ғылымы туралы екі оқушы өлең жазған еді, екеуі де бүгін мықты ақын, арамызда отыр. Сол өлеңдерін өздеріне тапсырамын,- деп Шеризат пен Мұхтарханға оқушы дәптерінің парағына сия қаламмен жазған өз өлеңдерін 54 жылдан кейін тапсырғанда ұстаздың ұқыптылығына таңқалмаған адам қалмады. Ұстаздың құрметіне шәкірттері Құрманғазы Жекенұлы, Жексен Алпартегі, Шеризат Сәрсенбайұлы, Мұхтархан Қалиұлы, Даубай Мамытұлы, Қауия Ахметқалиқызы жырдан шашу шашып, иығына шапан жауып, жүрекжарды ыстық лебіздерін білдірді. Кешті Мұкаметқали ұстаз бен жұбайы Биғайша апай қорытындылап, келген қонақтар мен оқырмандарға алғыс айтты.
Иә, біздің ұстаз осындай өте ұқыпты, таза әрі тақуа жан. Біздің бала кезімізде, 1964- 1965 ші жылдары Мұқаметқали ағай қазіргі Қарасазда саман кірпіштен жаңа үй салды. Үйдің сыртқы қабыргасына маралды қуып бара жатқан арыстанның барорельеф- суретін сазбалшықтан сылап жасады. Арада алпыс жылға жуық уақыт өтсе де, сурет сол қалпында сақталған. Ешқандай суретшілер даярлайтын оқу орнында оқымаса да, табиғи талантымен танылған Мұқаметқали ағайдың «Нұрлы дүние», «Алатаудың ақ барысы», «Жайлауда» сияқты майлы бояумен және «Қажымұқан», «Дінмұхамед Қонаев» сияқты қарындашпен салған жүздеген графикалық туындылары бар. Тоқсан жасқа қадам басқан химик әрі биолог Мұқаметқали Әбдрейімұлы ұстаздық мамандықтың білгірі болуымен қатар сурет салумен, өлең, әңгіме, эссе, философиялық ой толғамдар жазумен айланысатын және оны халыққа жеткізе білетін, таза ауада серуендеп, салқын сумен жуынуды ұнататын, салауатты өмір салтын ұстанатын нағыз абыз ақсақал десек болғандай. Тоқсан жасқа толған мерейтойыңызда тағы бір кітабыңыздың тұсауын кесіп, шығармашылық кешіңізді өткізуді Алла бізге нәсіп етсін ұлағатты ұстаз!..
Елеусіз Ахметкерімұлы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Райымбек ауданының
Құрметті азаматы