Хас шебердің хаттай болған мұрасы

Хас шебердің хаттай  болған мұрасы

Әр жолы Ақши ауылдық округіндегі «Ұста Дәркембай атындағы облыстық қолөнер мұражайына» барғанымда ондағы әр жәдігерге жасырылған тылсым сырдың ұшқынын сезгендей боламын. Ондағы сан-алуан әсемдік әшекейлер мен қару-жарақтар Ұлы дала төсінде сан ғасырлар бойы салтанат құрған көшпелі өмірнің айбынын көз алдыңызға елестетеді. Сөйтіп, саф алтындай өнердің әлеміне сапар шегіп кете бересіз.

Аталған мұражайдың директоры, әке жолын қуған Дәулет Шоқпаров ондағы әр жәдігер туралы тереңнен сыр шертеді. «Ұста Дәркембай атындағы облыстық қолөнер мұражайынан» тері ыдыстардың алуан түрін жолықтырасыз. Оның кейбірі ғасырлық тарихқа ие. Онда сирек кездесетін тері ыдыстарды да кездестіруге болады. Сондай тері ыдыстардың бірін Дәулет ағамыз қауға деп таныстырды. Қауға – көбінде бие және сиыр саууға арналған ыдыс. Қауға өте жұмсақ болғандықтан сауған кезде малға жайлы сезім тудырады. Қауғамен сүт сауғанда мал екеш мал да алпыс екі тамырын иіп, сүт беретін көрінеді. Бұл, сірә, табиғатпен ғажап үйлесім тапқан өткен өмір салтымыздың бір үзігі ғана болса керек. Дәркембай Шоқпарұлы атындағы мұражайда 2400-ден аса жәдігер бар. Басым бөлігі ұстаның қолынан шыққан ерекше туындылар. Оған қоса, онда шебердің өзі қолданған ескі құрал-жабдықтары да бар. Дара тұлға Дәркембай Шоқпар- ұлының соңынан өшпейтұғын із қалды. Қайталанбас хас шебердің дарынды шәкірттерінің бірі – Ринат Мүлікбаев.Шәкірті бүгінде мұражайды насихаттап келеді. Өзі де қолы қалт етсе, ұстазы үйреткен тәсілмен теріні өңдейді. – Бала кезден сурет салуға жаным құштар еді. Сол себепті, сабақ барысында да сурет сызып отыратынмын. Сол бір ақ қағаз бетіне өрнек салатын өнерімді байқаса керек, 11 сынып оқып жүргенде ұстазым Күлпәш Жұмабайқызы мені болашақ жүрер жолымды нұсқады. Сөйітіп, ол кісі мені атақты ұста Дәркенбай Шоқпарұлына алдына алып барды. Сонымен, ондағы шеберлерге көмекші болып, ұсталық өнердің алғаш әліппесін үйрене бастадым. Кейн Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Сәндік өнер және дизайн» факультетінде «Металды көркемдеп өңдеу» мамандығында бойынша білім алдым. Дәркембай аға онда маған 3 жыл сабақ берді. Ұстаның шәкірттері өте көп болды. Ол әуелі шәкірттерінің шыдамдылығын сынайтын, жеңіл-желпі шаруаларға жұмсайтын. Ең бірінші құрал-саймандардың атауын дұрыс атауды үйретті. Содан кейін ғана жастарға қолөнер бұйымдарын жасауға рұқсат беретін. Ұсталық өнерді, зергерлікті жасына да, кәрісіне де үйрететін. «Ақиқатты білгің келсе, әліппеден баста» демекші, қазақтың киелі қолөнерін ұсталық жолдан бастаған. Ол кісі өнер атаулыға барынша сын көзбен қарайтын. Тым талапшыл болды. Үйрену мен жиренуді тәжірибеден өткізген ұстаздың өзіндік оқыту методикасы бар еді. Барлығын тәптіштеп түсіндіріп, ұқыптылықпен үйрететін. Бүгінде сол кісіден алған білімімізді кәдеге жаратып жүрміз. Ұлы ұстазымыздың ұсталық мектебін көрген шәкірті ретінде сол кісіден қалған көл-көсір мұраны көзіміздің қарашығындай қорғап келеміз. Қазір өзім де шәкірт тәрбиелей бастадым. Ұсталық – өмір бойы үйренетін өнер.Ұстазымның кісілік келбеті, еселі еңбегі мені сабырлы болуға тәрбиеледі. Кейде бұйымды жасау барысында металл икемге келмесе асығыстық жасамайтын. Келесі күнге қалдырып, сапалы дүниенің дайындалуына ерекше мән беретін, – дейді мұражай қызметкері Ринат Мүлікбаев.
Шоқтығы биік қолөнер шеберінен өрнегі бөлек зат та, жас ұрпаққа өмірлік азық болатын хат та қалды. Дәркембай Шоқпарұлының ғылыми-зерттеу, ғылыми-танымдық 200-ден астам мақаласы бар. 29 кітаптың және оқу құралдарының авторы. «Өрім өру» (1994), «Домбыра жасау» (1996), «Бесікке бөлеу» (2001), «Қазақтың қолданбалы өнері» (2007), «Қазақтың қолөнері» (2005) т.б. Ақын ретінде танылған «Ай-алқа», «Замана ағымы» атты кітабы бар. Онда қол­өнерге байланысты этнографиялық тақырыптағы, лирикалық т.б. өлеңдері жарияланған. «Қазақтың қолөнері» атты кітабы «Өнер» баспасынан 2005 жылы жарыққа шыққан. Кітапта автор алғыс сөзінде: Қолөнер ғасырлар бойы дамып, қалыптасып келе жатқан халық творчествосының сарқылмас қайнар көзі, халық мәде­ниетінің айнасы. Ол талай ғасырлар ке­зе­ңінен өтіп түрленіп, жаңарып келіп, атадан балаға мұра ретінде бізге жеткен дәстүрлі де қастерлі өнер» – деп жазады. Қандай халықтың қолөнері болса да оның тарихымен, қоғам­дық құрылысы, әдет-ғұрып, салт-санасымен аттасып, қатар өркендейді. Қолөнер адам баласының әсемдікке, нәзіктікке деген ұмтылысын, сол бағытта табиғатты өзінше таңбалап бедерлеуін, сұлулықты іздеуге құштарлығын танытады. Ол арқылы біз үлкен рухани-эстетикалық тәлім алып, өнер әлеміне сапар шегеміз. Ұлы ұста қазақтың қолеөер мектебін қайта жаңғыртып қойған жоқ, оны жүйелі оқытудың жаңа әдістемесін жасады. Бүгінде «Ұста Дәркембай атындағы облыстық қолөнер мұражайында» қор сақтаушы болып қызмет атқаратын Мақпал Бұтабаева хас шебердің қол жазбаларын беттегенін айтады. – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқып жүргенде Дәркенбай ағаның шаңырағында тұрдым. Ол кісі күндіз шәкірттеріне дәріс оқыса, түнде бар түйгенін ақ қағаз бетіне төгетін. Қолжазбаларын реттейтін. Шынымен де, ол кісінің жазғандары тым көп еді. Сондай кезде мен ағамызға көмекші болдым. Қолжазбаларды компютерде теріп, баспаға дайындадым. Дәркенбай аға, қазақтың ұсатлық мектебіндегі көптеген терминдердің ғылми айналымға түсуіне төр төкті. «Қазақтың қолөнері» атты кітабы «Өнер» баспасынан 2005 жылы жарыққа шыққан кезде қатты қуанды. Үйге келсем кітапті көкірегіне басып, қатты толқып отыр екен. Зердесіндегі зергерлік өнердің оқулық болып басылғаны ол кісі үшін үлкен сый болды. Мен Дәркенбай ағамен бірге көптеген қолжазбаларын реттедім. Ол кісі өзі жол нұсқап, бәрін жүйелеп отырды. Сол баспаға дайындаған кітаптарі әлі тұр», – деп Мақпал апай том-том болып баспаға дайыналған кітаптарды алдыма жайып салды. Міне, мынау «Теріден жасалатын бұйымдарды құрастыру технолгиясы» атты оқулық. Ал анау «Этнографикалық этюдтер» атты іргелі еңбек. Сонымен қоса, Ұ.Әбдіғапбаровамен бірігіп жазған «Ою-өрнек теориясы» атты кітабі бар екен. – Қазақтың ою-өрнектері әлі күнге толық зерттелмей келеді. Біздің көптеген оюларымызда мифологиямыз бен дүние танымыз жасырынған. Соның көзін ашу керек. Әкем марқұм қезінде қазақ қыздары сүйген жарына деген махаббатын, жат жұртқа кеткенде ата-анаға деген сағынышын, өзінің хал-жағдайын ақ шытқа салған ою-өрнекті кестемен жеткізіп отырған деп жиі айтатын. Демек біздің ыдыс-аяқтарымызда да бүгінгі тұманданған зердеміздің түбінде қалған қаншама сыр жасырынып жатыр. Бұның барлығы үлкен ғылыми тақырыптарға арқау болатын дүниелер, – дейді Дәулет Дәркембайұлы. Ойпырмай! Бұл сөз жоқ хас шебердің хат болып қалған мұрасы ғой. Әттеген-ай! Зердедегі зерлі өнерді айшықтайтын айырықша еңбектер, кермедегі жүйріктей қаңтарулы тұр.
Мақпал Бұтабаева – мұражайдың экспозициялық залын жасауға да еселі еңбек сіңірген маман. Білікті маманың сөзінше, мұражайдың экспозициялық зал көлемі – 210 шаршы метр. Ол Дәркембай Шоқпарұлының шығармашылық өмірі мен қызметі. «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Үй жиһаздары мен ыдыс-аяқ», «Халық саз аспаптары және зергерлік бұйымдар», «Саятшылық, аңшылық», «Ер-тұрман, қару-жарақ, құрал-сай­мандар», «Дәркембай Шоқпарұлының үй жиһаздары» деген алты көрме залдарынан тұрады. Салт-дәстүр – ғасырдан-ғасырға, атадан балаға жететін құндылыққа толы дүние.
Әлемнің бір қыдыру елінде өткен қолөнер көрмелеріне қатысқан Дәулет Шоқпаров шетелдіктер біздің қолөнерімізді жоғары бағалайтынын, қашанда таласа-тармаса сатып алатынын айтады. Сондықтан да бұл саланың нарыққа сұранып тұрғаны аян. «Шеберлікте шек жоқ» деген осы болар. Бүгінде Дәулет Шоқпаров мұражай маңынан шеберлер мектебін ашып, этноауыл құруды жоспарлауда. Егер жоба жүзеге асып жатса, ұсталары алуан өрнектен алтын-күміске зер салатын, әншілері алты қырдан асырып ән шырқайтын нағыз қазақ өнерінің кешенді орталығы қалыптаспақ. Аталған орталыққа ат басын бұрмайтын туристер де аз болмас деген ойдамыз. Қазақ өнерінің саф алтындай сарқылмас мұралары сақталған мұражай замана сұранысына сай, ұлт руханиятына қызмет ете бермек.

Ерзат АСЫЛ