Алаш арыстарының идеяларын мектеп форматына трансформациялау мақсатында Қаскелең қаласындағы В.Белинский атындағы орта мектепте «Жаңа қазақ зиялылары: ар-намыс, ұлттық мүдде, талап, еңбек, терең ой» атты облыстық форум өтті. Тың идеялар ортаға салынған бұл бастама аудандық білім бөлімі мен «Ұлттық құндылықтар академиясының» арасында жасалған меморандумның іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асты.
Аталған білім ошағы ұжымының ұтымды ұйымдастырған шарасына құрметті қонақ әрі сарапшы ретінде ардагер-ұстаз Ұлтусын Бархинова және аудан аумағындағы мектептердің басшылары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар қауымы, мұғалімдер, жалпы алғанда 200-ден астам адам қатысты. Сонымен қатар, тағылымға толы форумды онлайн форматта 4000-ға жуық ұстаз тамашалады.
Шараға қатысушылар алдымен «Жаңа қазақ зиялылары» деп аталған көрмені тамашалап, мектептің акт залында бас қосты. Мұнда форумның ашылу салтанаты өтіп, мектеп оқушылары «Ғасырлар жырлайды…» атты әдеби-тарихи қойылымды сахналады. Оның барысында әл-Фарабидің даналығы дәріптеліп, Абайдың айшықты ойлары айтылды. Одан бөлек Алаш арыстарының заманы сахналанып, мемлекет болып қалыптасудың қиын жолдары көрсетілді. Осындай шағын қойылым форум қатысушыларының жүрегін тербеп, көңілге қонымды ой сала білді. Сахналық көріністің барысында Белинский мектебінің бірлескен еңбегінің нәтижесі көрініп, балалардың актерлік қырлары сәтті шыққаны байқалды.
Әсерлі қойылымнан кейін спикерлер өзекті тақырыптың айналасында ой бөлісті. Алдымен аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева сөз алып, Алаш азаматтарының ұлт жолында атқарған еңбектерін, олардың тәуекел еткен істерін айтты. Солардың кім болғанын бүгінгі жас ұрпақ түсіну үшін оқу бағдарламасында олардың өмірбаянын түсіндірумен шектелмей, елеулі еңбектерін, шығармаларын, мемлекет үшін қандай құрбандыққа барғанын жеткізу керектігін түсіндірді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы айтқан сүбелі сөзіне Белинский мектебінің директоры Тұрсын Сайбырова да қосылып, оқушылардың білім көкжиегін кеңейтуге қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, қазіргі таңда мектепті заманауи трендтер арқылы бренд қалыптастырмай басқару оңай емес. Өйткені бүгінгі балалар – жаһандану кезеңінің куәгерлері. Өзгерістер көп болғандықтан, мұғалімге де ізденіс өте қажет. Ал мықты ұстаздан танымал тұлға шығатыны анық. Осындай ой айтқан мектеп директоры инновациялық басқарудың тиімді тұстарын түсіндірді.
Ал профессор, Ы.Алтынсарин атындағы ҰҒА-ның мүшесі Берікжан Әлмұхамбетов ұстаздардың мәртебесі қашанда биік екенін айтып, оқушылардың тәрбиесіне тоқталды. Ғалымның айтуынша, тәрбие – білім маржаны. Сондықтан баланың тұлға болып қалыптасуына бей-жай қарамау керек. Одан бөлек ұлттық құндылықты үйретуді естен шығармай, жан-жақты білім беруді жоғары қою қажет. Форум аясында қазақ кәсіпкерлігінің қағидасы айтылды. Бұл тақырыптың айналасында белгілі меценат, «TAS GROUP» компаниялар тобының негізін қалаушы, Алматы қаласының мәслихат депутаты Дулат Тастекеев сөз қозғап, «рух», «бірлік», «сапа» деген ұғымдар табыс кілті болатынын түсіндірді.
Білім саласындағы маңызды нәрсенің тағы біріне «CES for you» білім беру орталығының, «QBIS» халықаралық мектебінің құрылтайшысы Айгүл Тәңірбергенова тоқталды. Спикер өз кезегінде жасанды жадының білім жүйесіндегі алар орны мен болашақтың технологиясы жайлы пайымды пікірін білдіріп, көпке қажетті ақпараттарымен бөлісті.
Сондай-ақ бұл форумдағы басқосуда «81 podcast» ютуб арнасының авторы Нұрғали Тұрымбетов, тарихшы-этнограф Данияр Бибатыр, Белинский мектебінің қамқоршылық кеңесінің төрағасы, халықаралық бизнес-тренер Арман Амангелді сияқты білімді азаматтар көрнекті ойларын білдіріп, жаңа ұрпақтың ұстаздары, заманауи қазақ мектебі жайлы сөз қозғады.
Жоғарыда аталған спикерлердің тың идеялары мен ақпараттары айтылған соң, форум шеңберінде мектеп қабырғасында шеберлік сабақтар көрсетілді. Одан кейін құрметті қонақтар өзара пікір алмасып, форумда талқыға түскен тақырыптың төңірегінде ойларын айтты. Жалпы мектеп ұстаздары
ұйымдастырған шара меймандардың көңілінен шықты. Әрбірі әсерлерімен бөлісіп, шараға ұйытқы болған Тұрсын Әділбекқызы бастаған ұжымға ризашылықтарын білдірді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ