«Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» дейтін қазақтың осы мәселеге келгендегі бүгінгі жайына көз жүгіртіп көрейікші. Жоо-жоқ, қазақта намыс қалмады деуден аулақпыз, тек «жүрекке әмір жүрмейді» дегенді желеу етіп, иттің құлы байқұтанға тұрмысқа шығып жатқан қазақ қыздарының көрінген көк аттының қанжығасында кетіп жатқанына назалымыз. Қыздың арын ұлттың намысы санайтын текті қазақтың кейбір дүбара көзқарастағыларының кесірінен үрдіске айналып бара жатқан осы жайт жанға батады.
Жақсы, демократиялық елміз, өз бостандығымыз өзімізде, не айтсақ та, не істесек те өз шаруамыз, жеке мәселеміз. Бірақ осынша мүмкіндікте қор қылып, «Туған жерге туыңды тік» дейтін тәмсілді әдірем қалдырғанымыз қалай? Ұлының ұяға, қызының қияға қонып, түтінінің түзу ұшуын қалайтын қазақтың ар-намысын ойламайтын намыссыз, арсыз ұл мен қыз қайдан шықты? Тышқақ лағының мұрны қанаса да жаны қалмайтын елдің ертеңін ойлауға тиісті ұрпақтың әркімнің жетегінде кетуі жаһандану деген жалпы үрдісті желеу еткені көзі ашық, көкірегі ояу әр қазақтың жүрегіне салмақ салары хақ.
Африкаға аттанып жатқанын мақтан тұтатын, қытайға тиіп жатқанына қуанатын, тағы кім бар еді құдай-ау т.б. қазаққа қатысы жоқ ұлттардың етегінен ұстап, отау көтергендерден елге қандай қайран бар? Ойлаудың өзі қорқынышты һәм жиіркенішті. Өз таңдауы, жүрек қалауы десек те қызыңдай қимасыңды алып кетіп жатқан жат жұрттықтарда алты аласа, бес бересеміз болмаса да, елін, жерін, туғанын тастап шекара асып жатқан қазақ қыздарынның қылығына ішіміз ашиды. Ең сорақысы сол – олардың күн санап жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптауы… Ой салатын, ойға алатын жайт.
Әлеуметтік желілердің әлеуеті артқалы бері жүректі сыздатар осындай жайттар кез келген жерден көзге түседі. Тіпті аққудай үлбіреген аппағын афроамерикандықтың қолына жетелеп апарып ұстатып, оған қуанып тұрған ата-аналарды көргенде соны көрген көзмізді кінәлайтын күйге жеткенімізді несін жасырайық?! Жазғырмаймыз, баласының бақытын тілеу әр ата-ананың парызы ғой, бірақ сондайларға куә болғанда «қазақ жігіт құрып қалды ма екен?» деген сұрақтың бірден көкейге кептелетіні шындық. «Жол мұраты жету, қыз мұраты кету» дегенде қазақ қызының қаңғырып кететінін айтпап еді ғой. Сондықтан бұл жерде баласын басқаға беру үшін өсірмесе де, менталитетімізге жат қылығына «тәйт» дей алмаған ата-
ананың да, жоқтан тапқандай кім-көрінгеннің жетегіне ерген ұрпақтың да кінәсі бар екенін ашық айтуымыз керек.
«Заң» газетінде жарық көрген «Қыздың намысы – елдің намысы» деген шағын мақалада мынадай статистика келтірілген: «Түркіменстан қызын алатын болсаңыз $ 50 мың, Өзбекстанда – $ 40 мың, Түркияда – $ 80 мың, Әзірбайжанда – $ 50 мың қазынасына құясыз. Жапония қыздары шетелдікке тисе, азаматтығынан шығарады, күйеуіне азаматтық бермейді, туған баласына да азаматтық берілмейді. Кореяда қыздарының шетелдіктерге тиюіне заңмен тыйым салған, некеге тіркемейді, күйеуіне азаматтық та бермейді. Мұсылман заңымен жүретін 22 араб елінде шетелдіктерге қызын да, азаматтығын да бермейді.
Израиль қыздарына қытай азаматтарына тиюге заңмен тыйым салған». Kazislam.kz порталында көрсетілген 2022 жылғы статистикалық мәліметтер бойынша «елімізде жыл сайын 100 мыңнан астам жұптың некесі қиылса, оның ішінде 20 мыңы аралас неке». Ал соңғы бес жылда еліміздегі неке санының 15,5 пайызын ұлтаралық некелер құрайтынын жариялаған Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметіне жүгінсек, әрбір алтыншы жұп аралас неке болса, ел бойынша басқа этнос өкілдерімен некеге тұрған ер азаматтардың саны: 2009 жыл – 4910, 2010 жыл – 5090, 2011 жыл – 5559, 2012 жыл – 5494 деп көрсетілген. Сондай-ақ осы жылдар аралығында қазақ қыздарының 2009 жыл – 4185, 2010 жыл, – 4246, 2011 жыл – 4578, 2012 жыл – 4591-і өзге ұлт өкілдерінің етегінкен ұстаған. Өкінішке қарай бұлардың жартысынан астамы ажырасып кеткен деген мәлімет бар. Бұл көрсеткіштің осыған дейін қанша өскенін кім білсін, бір анығы бұлардың көбінің (бәрінің деуге ауыз бармайды…) бақыт табамын деп «батпаққа батып қалғандардың» ұлт мұраты, ел намысы деген түсініктен ада, дүбаралар екендері. Ондайлардың бүгін біреуінен ажырасса, ертең сондайлардың тағы бірінің етегіне жармасып кете бермейтінініе еш кепілдік жоқ.
Осы орайда «ал біз не істеп отырмыз?» деген заңды сұрақ туады. Қайда кетсе де өзі біледі деп қарап отырғанымыз қалай? Арын да, барын да әйел арының биігімен өлшейтін ата-баба аманатына жасалған бұл қиянаттың орны немен, қашан, қалай толмақ? «Руымды сақтаймын десең, ұлыңа ие бол, елімді сақтаймын десең, қызыңа ие бол» деген аталы сөзді қалай ұмыт қалдырдық? Сай сүйекті сырқыратар осы сұрақтардың жауабын білгіміз келеді, бірақ оны кім береді?…
«Арсыз болмай – атақ жоқ», «Арын сатқан антұрғанның айтқан сөзі құрсын» деп Абай айтқан шындықтың әлі күнге дейін шырылдап жүргені өзегіңе өрт салмай ма? Бірақ «Шындық шырылдап жетемін дегенше, өтірік талай жерді өртейді» деп кеткен қазақтан сөз қалған ба мына жалғанда?! Қазақтың бәрі бұл мәселеде қаңтарылып қарап отыр демейміз, айтып-жазып жатқан аз ғана топтың үні естір құлақтарға жетсе деген ниетпен ойымыздың бір парасын хатқа түсіріп отырған жайымыз.. Қызының тәрбиесіне қырын қарамаған қазақтың бұл мәселені қаншасы көтеріп жүргені туарлы статистика жоқ болғандықтан, бәлен дей алмайтынымыз анық. Дегенмен бүгінгі күні «керемет трендке айналған» осы үрдістің тамырына балта шабу сіз бен біздің парызымыз екенін ұмытпайық. Өйткені мұның артында күллі қазақ халқының ар мен намысы, ертеңі тұр. Ендеше ой салу бізден, ойға алу сізден болсын, арда ағайын! Ай қарап, жұлдыз санамайық! «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді қара күңнен тыйым» дейтін ел едік қой…
Жанбота Сұлтанмұратқызы