Бүгінде қарызданып-қауғаланып той жасап, артынан кредит төлеп жүйкесі жұқарып, тиын табу үшін табанынан таусылып жүргендердің қарасы көп. Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге көз жүгіртсек несие алудан «қара жарысқа түскен» қазақстандықтар өзге елдермен салыстырғанда алдыңғы қатарға шыққан. Оның ішінде жаны қысылғанда мұқтаждықтан қарыз алғандарды қоспағанда, «мен анадан қалам ба?» деген соқыр санамен автонесие, ипотекалық кредиттермен қатар, той жасау үшін ойланбастан белшесінен қарызға батқандар саны күн санап артқаны жайлы түрлі БАҚ-тарда жиі айтылады.
Пайызы жоғары болса да қалтасын қағып қарыз алғанға еті үйреніп кеткен көп қазақстандықтың ішінде кредитті кредитпен жауып, соңында алған үйі мен машинасынан да айырылып, ақыры бармағын тістеп далада қалғандарды санап жатқан кім бар дейсің?… Үрерге иті, сығарға биті қалмаса да айналасындағылардың айтар өсегіне қалмас үшін қарманып, қары талғанына қарамай қара жарысқа түсетіндерге тоқтам болуға «қауқары жоқ» қарыз деген бәленің қамытын кигендерге жаны ашып жатқан ешкімнің жоғы да әмбеге аян. Ал ауыл-үй арасындағы ағайын-туыстың ғана арасында атап өтуге болатын шілдехана, бесік той, тұсау кесер, сүндет той, тілашардан бастап даталы мерейтойлар т.б. үшін де құрығына бір ілсе құтқармайтын банктердің қармағына ілініп жүргендер қаншама?! Жо-жоооқ, дұрыс түсініңіз, қуанышқа қарсылығымыз жоқ. Десе де көрпесіне қарай көсілетін қазақтың осынша дарақтауына не себеп болғанын білгіміз келіп көкейдегі көп сұрақтың жауабын іздеп отырған жайымыз бар. Иә, малын баласы үшін жиып, барын сол үшін шашатын қазақтың түсінігіндегі парыз бен қарыздың осыншалықты егіз ұғымға айналарын кім білген? Шығындалса да шырылдап жүріп бәлен адам шақырып, түген тойды атқарып алған соң артынан сол қарызды өтеу үшін ұйқысыз жүгіретін күндердің күтіп тұрғанын білсе де, парызын өтеу үшін «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтыптың» кебін кигендердің шықпа жаным, шықпа деп отырғанын көргенде «қарызданып той жасау қаншалықты қажет?» деген ойға қаласың. Ал сөйтіп жанын шүберекке түйіп, басы бәйгеге тігіп жүріп үйлендірген ұлы мен келіннің болмайтын бірдеңеге ренжісіп, екі жаққа кеткенін көргенде төлейтін қарызы қабырғасын қайыстырып, ұл мен келіннің қылығы тамағынан тірелгенде басын тауға да, тасқа да соғып, кімді кінәларын білмей пұшайман боп отырғандар кімді кінәлайды? Көзімнің қарашығы деп жан ұшырып жүріп солардың айтқанын істеп, айдағанына көнген ата-ананың жайын кім ойлайды?
Қуанышты қызғанып отырған жайымыз жоқ, бар болса батып ішіп, тоқ болса үріп ішіп, шайқап төккенді кім жек көрсін?! Біздің айтып отырғанымыз тек аш отырса да алдына жан түсіргісі келмей жанталасатын көрсеқызарлардың қылығы ғой. «Той – құдайдың қазынасы» дейтін қазақтың қарызға батқандағы базынасы көбейген шақта «осынша шашылудың реті бар ма, жоқ па?» деген сұрақты қойғымыз келеді. Өйткені оңды-солды шашылып, орынсыз ысырап жасап той тойлап, жыр жырлап жүргенде, мына жағыңнан жағадан алатын қарыздың қысары тағы бар емес пе?… Ал бұған тойды ешкімдікінен кем қылмай өткізу үшін шақырылатын «жердің жасанды жұлдыздарын» қосыңыз. Ауыздарын ашқанына ақша сұрайтын әнші-күйші, биші қауымның да сені аяп жатпай-ақ, қарпып қалғысы келетін қомағай көмейін тойдыратын көмбеңнің болу, болмауы да шарт емес, тек айтқанын екі еткізбей алақандарына салсаң болғаны. «Іс бітті, қу кеттінің» күйін кешерің хақ.
«Бардың малын шашатын, жоқтың артын ашатын» өлім-жітімнің өзін кредитпен атқаратын халге жеткенімізді несіне жасырайық? «Адамнан жасырғанды құдайдан жасыра алмайсың» дейтін дана қазақ албаты дарақтағанды жаны сүймейтін халық еді. Бұл заман өзгерді ме, адам өзгерді ме кім білсін, қуса да жеткізбейтін қу дүниенің артына түскен алмағайып бір шақ болды… Даңғазалық пен даңғойлықтың көкесін көзіне көрсетін болғанымыздың бір айғағы ретінде қарға адым жерге салып тастаған, салынып жатқан қаптаған тойханаларды айтсақ та жетіп жатыр.
«Заң» газетінде мынадай ақпар айтылыпты: «Әлем халықтарының арасында әрбір 13 секунд сайын 1 жұп ажырасады екен. Бұл көрсеткіш біздің елімізді айналып өтеді деген сөз жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, орта есеппен жылына 140 мың отбасы шаңырақ көтерсе, оның 50 мыңы қайта ажырасуға өтініш береді. Демек, отыз пайызынан көбі көпке бармай шаңырағы шайқалып, керегесі сөгіледі-мыс. Былтыр 17,7 мың жас отбасы екі жаққа тарқасқан. Мамандар ажырасатын отбасылардың дені жаңадан көтерілген шаңырақ екендігін алдыға тартады». Қарңызшы, жүрек ауыртарлық көрсеткіштің қатарны толтыратындардың дені жас отбасылар екені жанға батады.
Жақсы, қарыз алды, парызын өтеді. Енді әлгі несиеге жасалған тойдың шығынын банкке өтеуге келгенде келіспеушіліктің басталатыны анық. Аз ғана уақытта өте шыққан тойдың «сен төле де мен төле» болатын төбелесі артында қалатыны өкінішті. Өйткені алдың ба, қаласаң да, қаламасаңда төлеуге міндеттелген банктік қарыздың салмағы қалтаға ғана емес, санаға да түсіп сандалтып жібертетін тұсы басым…
Басқа жерді айпай-ақ қояйық, тек Алматы маңындағы тас жолдардың бойындағы тойханаларды санап тауыса алмайсың. Бірінен-бірі өтетін салтанатты сарайлар көздің жауын алғанда «шіркін, осының бірінде дүркіретіп той жасасам ғой» демейтін қазақ жоқ шығар, сірә. «Той дегенде қу бас домалайды» дейтін қазақ тәмсілдің шығуы да тегін емес қой. Бірақ астарына үңілсең мағынасы терең, айтары бар осы сөздің шын мағынасын ұғып жатқан кім бар дейсің!… Жарлыны тойдырып, жақыбайдың жағасын бүтіндейтін кешегі қазақ тойынынң жөні жатыр емес пе астарында. Ал қазір ше? Қазір қайыршы келсе есігінен қаратпақ түгілі, тойдың сән-салтанатынына шіркеу болдың деп артына ит қосы пқуып, тойхананың маңына жолатпайтын астамшылықтың барын айтпай кетсек арымызға сын болар. Осындайда шешемнің айтатын: «Той-томалақта, топырақты өлімде есігіңнің алдына келген мүсәпірді тойдырып жібер. Мынаның ниеті қандай екен деп оларды Алла саған сынаққа жібереді. Жалғыз аяқ астан артылып кетер жерің жоқ, барыңды беріп шығарып сал!» дейтін аналық ақылы даналықтың өзіндей болып тұрады.
«Ебін тапқан екі асап», тойды керемет сауын сиырға айналдырып, бизнестің көзі қылып алғаны өтірік емес. Ал солардың құрығына ілініп, қарызға той жасап жүрген қазақтың қамын кім ойлайды? Әрине ешкім қысаған жоқ, әркім өзі біледі дейтін дайын уәж бар екені де белгілі. Бірақ сәттік күлкінің артында сан жылдардың қарызы мен жұқарған жүйкенің қалатыны кім кімді де ойландырса керек еді…
Ал той мәдениетінің қазіргі қалыбындағы дарақылық пен даңғойлықтың шеті мен шегін айтып тауыса алмаспыз. Осы орайда бір көрегінімізді де айта кетейік, есі бар есті асабалар келін мен ұлға ата-енесінің аузына қасықпен торт «тықтыратын» әдеттен аулақтай бастапты. Сосын бүкіл елдің көзінше қызды біреу алып қалатындай күйеу жігіттің көтере салып тұра жүгіретініне қарсылық күшейіпті. Дұрыс-ақ, қазақ салтының қаймағы бұзылмаса игі еді дейсің. Бізді мазалаған сұрақ ендігі жерде тек сол тойлар қарызсыз өтелетін парызға айналса қандай ғанибет болар еді деген игі тілек қой. Ал айтпағымыз «Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты» дейтін данышпан қазақтың асыл сөзінің астарын ақылы бар адамдар ұқса деген ниет қана. Әйтпесе біздің қалтамызға түсіп жатқан ешкім жоқ, тек елге болсын деген ақ көңілдің аңқылдап айтқаны деп түсініңіз. Әйтпесе «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенді біз де білеміз…
Жанбота Сұлтанмұратқызы