«Еламанның» көрген азабы ауыз су ғана емес…

«Еламанның» көрген азабы ауыз су ғана емес…

Талғар ауданының бұрынғы әкімі Қайдар ­Әбдіхановтың биылғы жылғы наурыз айының 18 күнгі халық алдындағы есебінде «2021 жылы Еламан ауылында сумен жабдықтау жүйесін қайта құру мен салу жұмыстарын аяқтауға 124,3 млн теңге бөлінді» деген ақпар айтылған. Содан бері бақандай 2 жыл өтсе де әлі күнге дейін аяқталмай келе жатқан жобаның бүгін-ертең іске қосылатынына сену қиын. Өйткені жұмысты бастап, аяқсыз тастап кеткен мердігер компания – «Дәнекер» елдің көзінен бұлбұл ұшқан. Себебі мердігерді сотқа берген аудан әкімшілігі жеңіске жеттік дегенмен, жазаға тартылып, айы­бын өтеген «Дәнекер» жоқ.

Ел аман, жұрт тынышта ауыз су азабын тартып, кенезесі кепкен Еламан ауылы тұрғындарының мұңы бір басына жетерлік. Өркениет ғасырында ғаламдық жетістіктерді былай қойып, күнделікті қолданатын ауыз су азабын тартқаны аздай, қара жолға да жарымай отыр. Интернеттің өзіне енді ғана қолы жеткен ауыл жұрты балабақшамыз, ең болмаса фельдшерлік пунктіміз болса деп армандайды. «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» күйін кешкен жұрттың мұңын тыңдап қайттық. Өйткені ұрпағының ертеңіне алаңдаулы халық басы ауырып, балтыры сыздаса да Жалқамысқа жол тартып, сондағы амбулаторияны жағалауға мәжбүр. Жаның шығып кетпесе болғаны деп әзілдейтін тұрғындар ауыра қалса бір-біріне екпе салып, тамырына ине қойып машықтанып алғанын естігенде амалсыздың күніне таң қалмадық. Бүкіл ауыл тұрғындарын қарайтын жалғыз фельдшер Дидар Асанованың да отыратын тұрақты орны жоқ. Күн ұзаққа кім шақырады, соған барып, дәрі-дәрмегін арқалап, ауыл ішін жаяу аралайды. Ресми ақпар бойынша Еламанда жалпы тіркелген халық саны — 1166, 229 түтін бар. Ал ауыл әкімі орынбасарының айтуынша, тіркелмегендерді қосқанда бұл көрсеткіш екі есеге артатын көрінеді. Мынаны тарқатып айтайық.

Аңқасы кепкен елдің
арманы көп

1968-70 жылдары айналасы 40 шақты үйдің ұйысуымен іргетасы қаланған ауылдың жан саны қазір күрт өскен. Өйткені ауыл маңына салынып жатқан жұмыс орындарына жұмыс іздеп келушілердің қатары артқандықтан, қу тірлік үшін алыс-жақын облыстар мен аудан, ауылдардан көшіп келіп, қоныстану­шылар көп. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, онсыз да жүйкеге салмақ­ салған мына уақытта «ең болмаса ауыз суды қанып іше алмай отырған жергілікті халықтың жанайқайына осы күнге дейін құлақ түрген жан болмаған ба?» деген әрі қызық, әрі ащы сұрақ көкейге кептеледі.
Халықтың жайын білмек ниетпен ауыл ішін жаяу аралап, біраз мәселенің барына көз жеткіздік. Оның бірі ауыл ортасындағы қобыраған қоқыс жайлы газетіміздің өткен санында жазғанбыз. Ендігі мақала Еламан ауылындағы кезенесі кепкен елдің жайына арналмақ.
Ауылды аралап жүріп тілдескен тұрғындардың арасында «өз үйімде су бар, басқасында шаруам жоқ» дегендерге қарап, «Басы ауырмағанның Құдайменен ісі жоқ» деген рас екен-ау деп таң қалдық. Ал сусыз отырған, әсіресе жаңа құрылыс жағының халқы амалдап, кейбірі үйінің қасынан құдық қаздырып алса, енді бірі «Елде бар ерінге тиеді» дегендей, суы бар көршісіне күні қарап отыр. Бір айта кеткерлігі, ескі су құбырынан су ішіп отыр­ғандар да, өздері қаздырып, сорғы арқылы су алып отырғандардың да ішіп отырған сулары талапқа мүлде сай келмейді. Ескі құбырдан лай су ішіп отырған жұртың қарасы 100 шақты шаңырақ болса, өз бетінше амалдап отырғандардың дені ішуге жарамсыз тұзды суды «жоқтан жоғары» көріп отырған жайы бар.
Тұрмыстық техниканың жетістіктерін де пайдалана алмайтынын айтқан тұрғындар оның себебін ауылдағы ток көзі қуатының аздығымен түсіндіреді. Тіпті суы бар үйлердің өзі кір жуатын машинамызды қоса алмай, пұшайман боламыз дегенді алға тартады. Ауыл ішіндегі асфальтталмаған жолдардың ақ шаңы аспанға көтіріліп жатқандықтан, күнделікті кір жуғаннан жалыққандарын айтқан әйелдер қауымы енді сабақ басталса жуатын кірлерінің де екі есе көбейетініне налиды. Қабақтарына кірбің түсірген жуатын кір емес, оны жуатын судың жоқтығы мен қолындағы бар кір машинасын қосатын токтың жеткіліксіздігі. Оған ауылдың аспанын алып кететін ақ шаңды қосыңыз. Құдды бір өркениеттен ада қалған мұхит арасындағы арал дерсің…
Биылғы шілденің 21-і күні www.ile-tany.kz сайтында журналист Ақан Ақыловтың «Аудан әкімі Қайнар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті»деген мақаласы жарық көріп, онда: «Еламан ауылының №41 орта мектебінде өткен кездесуде көптеген мәселелер көтеріліп, тұрғындардың сауалдарына нақты жауаптар берілді. Атап айтсақ, округтегі ең көкейкесті мәселелердің бірі – ауылдарды сумен жабдықтау.
2020 жылдан бастап «Еламан ауылының сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы» жобасы іске асырылуда. Жобаның сомасы 265,8 млн.теңге. Желілердің ұзындығы — 11 км. Келісім шарт бойынша жұмыстар аяқталған, қазіргі таңда ақауларды қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалуда. Алайда мердігер ұйым жұмысты мерзімінде аяқтамады, қазіргі таңда нысан 98% пайызға ғана жасалған. Сол себепті желілерді тексеру және іске қосу жұмыс­тары осы жылдың маусым айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ «Қайнар ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта құру және салу» жобасының сметалық құжаттарын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобалаушы ұйым – «Геодезия Сервис» ЖШС. Шарт сомасы — 4,3 млн. теңге. ЖСҚ аяқталып, қазіргі таңда су жинау торабына арналған жер телімі ресімделіп жатыр және «Redline Pro» жобалаушы ұйым тарапынан «Жаңалық және Дәулет ауылында сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және салу» жобасы жасалуда. Жаңалық ауылы үшін жобалау құны – 45,3 млн. теңге, Дәулет ауылы үшін 20,6 млн. теңгені құрап отыр», – деген ақпар айтылған.
Осыған орай ауыл белсендісі, әрі осы ауылдың молдасы Өміржан Тоғайбайұлын сөзге тарттық. Төрт жылдан бері Еламанда тұратынын айтқан ол: «Аудан әкімі келіп кетті. Жүйеге негізі су берілген. Бірақ кейбір жерлерінен ақау шыққан. Кейбір жерлеріне керекті кранды қоймаған, кей жерлерінен су атып кетті. Енді соны жөндеп жатыр. Су құбыры жаңа құрылысы бар, ескісі бар бәріне тартылып қойған. Мердігер компания ұшты-күйлі жоқ боп кетті. Әкімдік оларды сотқа берді деген, бірақ әлі анық хабары жоқ. Ескі су құбыры 50 үйге ғана шақталғанымен, 100-ге тарта үй содан су алып отыр. Ал жаңа құрылыс жағы тасып ішіп отыр ма, қазып шығарып алып жатыр ма, әйтеуір өлместің күнін көріп келеді. Оларға қарап жатқан ешкім жоқ. Жел соққан күндері жарық та өшіп, мүлде сусыз қаламыз. Судың жоқтығынан мал да ұстай алмаймыз.
Атқамінерлер келіп жиналыс ашып жатады. Бірақ оған көбіміз қатыса алмаймыз. Өйткені күндіз бәріміз жұмыс­тамыз. Семейден, Өскеменнен, Қызылордадан, көрші ауылдардан көшіп келгендер бар. Олардың бәрі жұмыс іздегендер. Өйткені бұл аумаққа салынып жатқан шеге, болгарканың тасын, дастарқан шығаратын, етік тігетін т.б. өндіріс орындары көптеп салынып жатыр. Тауық баз бар. Жұмыс көп, тек ауыз су мен жол мәселесі елді қинап тұр. Жаңа құрылыс жаққа жол әлі жетпеді. Олар өздері тас төктіріп жасаған боп жатыр. Газ да тартылып жатыр. Күзде газға қосыламыз ба деген де үміт бар…», – деп үзілмейтін үкілі үміттің жетегінде отырған елдің жайын жеткізді.


Өзін Гүлзатпын деп таныстырған тұрғынның айтуына қарағанда, 7 жыл бұрын біреулерге 35 000 теңге төлеп 70 метр тереңдікті бұрғылау арқылы шығартып алған суды қолданады. Ал оның ішуге жарамды, жарамсыз екенін тексеріп берген де ешкім жоқ. Ауыл тұрғындары ауыз судың азабын әбден тартқан. Соңғы 3 жылда ауыл халқының саны да күрт артқан. Сонымен қоса ауылға қатыс­ты мәселелерлер де күрделеніп, әсіресе ауыз су тапшылығы ушығып барады. «Аудан әкімімен болған кездесуде шілденің аяғында суды қосуға уәде берген. Бірақ, міне, тамыз басталды. Қашан қосыларын да құдай білсін…», – деген ауыл тұрғынының пұшайман күйін көргенде Құдайдың қара суына қолы жетпей тарыққан халықтың жанайқайын еститін құлақ болса екен деген тілекте болдық. Өйткені мәселесін естір құлаққа жеткізгенімізбен, қолымызда құзіреттің жоқтығы да қол байлау.
Осыдан соң Қайнар ауылдық округінің орталығы саналатын Еркін ауылының әкімдігіне бас сұқтық. Ол жерден ауыл әкімін таба алмадық. Алайда мәселенің мән-жайын білетін орынбасары Нұрбол Есенбаев: ««Еламан ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы» жобасын 2021-2022 жылы Талғар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тендерге шығарған. Содан «Дәнекер» деген компания ұтып алған. Қазіргі таңда 97-98 пайыз жұмысын істеген. Бірақ мердігер компанияның жауаптанып алған жұмысын толықтай аяқтамауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қандай шешімнің қашан шығатыны әзірге белгісіз. «Талғар Су» мекемесі қосымша кемшіліктерін қарап, құбырдағы ақауларын анықтап жатыр. Алда осы мекеменің құзырына өтетіндіктен алдын ала толық тексеру жұмыс­тарын жүргізеді. Олар қабылдап алған соң ғана халықтың игілігіне беріледі. Егер іске қосылса ескі ауыл мен жаңа құрылысты толықтай ауыз сумен қамтамасыз етеді. Ескі су құбыры арқылы халыққа су беріп отырған «Талғар Су» мекемесі 100-ге тарта үйді қамтып отыр. Ал жаңа құрылыстағы тұрғындар өздері құдық қаздырып алып, қолдарынан келгенше ептеп тірлік етуде. Оларға әкімдік тарапынан көрсетіліп отырған көмек жоқ. Мердігер компанияның жұмысты аяқсыз қалдыруынан аталған жобаның іске қосылу уақыты созылып жатыр…», – деген ақпар берді. Сөзінше, әр үйге жаңа құбыр тартылып дайын тұрғанымен, тұрғындардың оған қосылу құны әзірге белгісіз. Ол «Талғар Су» мекемесі аталған жобаны қабылдап алған соң ғана, олардың техникалық шарттарына байланысты белгілі болмақ.
Ал ауыл тұрғындарының тұрмыстық техникаларымызды да су мен токтың жетіспеуінен қолдана алмай отырмыз деген базынасын жеткізгенімізде, электр жарығының жетіспеушілігін жаңа құрылыс аумағының жылдам өсуіне байланысты ток көздерін тұтынушылар саны мен көлемінің артуынан деп түсіндерген ол: «Былтыры бір трансформаторды іске қосқанбыз. Биыл тағы да қосымша трансформаторлар қоюға ауданға өтінім беріп қойдық. Қаражаттың оңтайлы шешілуіне байналысты іске асады», – дей келе, ауылға газ тарту жұмыстарының өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында басталғанын да атап өтті. Айтуынша, бұрынғы жоба тұрғындар санына сәйкес келмеуіне байланысты тоқтатылған. Қазіргі уақытта жаңа жоба жасалып жатқан көрінеді. Бірақ оған қажетті қаражат бюджет есебінен бөлініп қойған. Газ құбыры үкімет есебінен тартылатын болғандықтан, тұрғындардың оған қосылу бағасының жоғарғы шегі әзірге 170 000 теңге. Жоба келесі жылы іске қосылатын болса 1 айлық есептік көрсеткіштің өсуі негізінде, мысалы, 180-185 000 теңгеге дейін ғана өзгеруі мүмкін. Ауыз сусыз аңқасы кепкен еламандықтардың жайын тілге тиек етіп «Талғар Су» мекемесінің басшысы Қуатбек Нығметұлына да хабарластық. Ол аталған жобаның жұмысы әлі аяқталмағанын, сондықтан оны өз қарамақтарына әлі өткізіп алмағандарын айтып, осы себепті жоба жайлы толық ақпарат беруге хақым жоқ деген пікір білдірді.

Атқамінерлерден алар
ақпарымыз құдайдың құпиясы емес

«2020 жылы басталған «Еламан ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы» жобасы туралы жалпы және толық мәлімет берулеріңізді сұраймыз.
Оның ішінде аталған жоба бойынша осы күнге дейін қандай жұмыстар атқарылды? 2021 жылы аяқталуы тиіс жобаның әлі күнге дейін іске аспауының себебі қандай? Бүгінде 98 пайыз жұмысы аяқталған деген ресми мәліметке сүйенсек, демек аталған сумен жабдықтау жүйесі жақында жұмысын бастайды деуге бола ма? Болса, нақты қашан іске қосылады? Болмаса, қандай себептері бар? Жобаға жұмсалған қаражаттың жалпы көлемі қанша? Егер аталған жоба іске асқан жағдайда оның игілігін қай ауылдар көре алады?.. деген сұрақтарды бойынша жауап берсеңіздер» деген мәтіндегі хатты жолдап, артынан апталап жүгірсек те толық жауап ала алмадық… Көріп отырғандарыңыздай, Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбек Ақылжановтан алар ақпарымыз Құдайдың құпиясы емес. Бар болғаны, мемлекет қаражатына салынып жатқан сумен жабдықтау құрылысына қатысты бірнеше сұрақтың ғана ресми жауабы ғана.
Аталған ауыл тұрғындарының ауыз суға қатысты жанайқайын жеткізіп, айналдырған 5-10 минуттық сұқбат арқылы ауылдағы ауыз су мәселесі бойын­ша пікірін білу үшін атқамінердің артынан аптап ыстықта апталап жүргеніміз түк емес, тек уәде еткеніндей қараша халықтың аузы қанып ішер қара суға жетсе болғаны…
Иә, осы сұрақтардың жауабын тек біз емес, Еламан ауылының тұрғындары да түгел білгісі келеді. Сондықтан қызметкері «қарастырып жатырмыз, әне-міне, хатқа жауап жазып жатырмыз, ұқит-сұқит…» деген сынды жалтарма жауаппен жақауратып жүргеніне бейжай қарай қоймас деген оймен әкімдіктің алдын торып, аудан әкімі Таңат Айдарбековтің өзін аңдып, есігін де күзеткенімізді жасырмаймыз. Өйткені ел аманатын арқалап келген соң, артқа қайтуға жол да жоқ. Бірақ жол ортадан жолыққан аудан әкімінің орынбасары мәселені әкімге жеткізбейік деді ме, әлде Еламандағы ауыз судың мәселесі, шынымен, құпия ма, кім білсін? Әйтеуір екінші рет барғанымызда Оразхан Қаспақбаев бұл мәселеге қатысты ешқандай ақпар бермейтінін айтып, тіпті Еламандағы сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы туралы тақырыпқа мүлде араласпауға кеңес берді.
Ал үшінші рет барғанда әкімдіктің кіреберісінде А. Ақылжановты аңдып отырған біздің не себепті жүргенімізді білген бетте Айбек Бидаев жобаға бөлінген ақша мемлекеттікі, қызмет мемлекеттікі, ол неге ақпарат беруден қашып жүр деп таңданып, Айбек мырзаны арнайы шақыртып, оған көзімізше: «Келер сейсенбіде сұқбат беретін бол!» – деп тапсырды. Мақұлдан сөз бұзылған ба? «Мақұл, мақұл» деп бас изеген
А. Ақылжановты тағы 4 күн күтетінімізге түкте налымадық. Ең бастысы ауыз су азабын арқалаған ауыл халқының қолы қанып ішер ауыз суға жетсе болғаны деп, Еламан ауылына тағы да жолға шықтық.
Жауапты саласына қатысты қандай сұрақ туындаса да ауыл тұрғындармен кездесуде болсын, әкімдікте болсын, тіпті телефонда болсын тұрғындар мен БАҚ өкілдеріне «қарастырып жатырмыз, жауап жазып жатырмыз, уақытым жоқ, анда кетіп барамын, мында кетіп барамын» деген жаттанды жауаппен құтылатын атқамінерлердің өзгелердің де өзінікі сияқты сынаптай сырғыған 24 сағат қана уақыты барымен санаспайтыны өкінішті. Мемлекеттік қызметте отырып мемлекет басшысы тапсырған жұмысты атқарып отырғанына қарамастан, ашық ақпарат беруге келгенде құдды бір мемлекеттік құпияны сақтап жүрген сыңай танытатындары да түсініксіз. Журналистердің кәсіби мерекесіне орай аудандық БАҚ өкілдерінің басын қосып құттықтаған аудан әкіміне сол кезде де кейбір атқамінерлерден бір ауыз ақпар алудың мұң екенін жеткізгенімізде, ашық ақпараттарды алуға ешқандай кедергі болмайтынын айтқан. Бірақ…

Аптапта апталап жүріп алған сұқбат

Хош, сонымен ми қайнаған ыстықта темір таяқтан тебендей, темір етіктен теңгедей қалғанша жүгіріп жүріп
А. Ақылжановтан алған сұқбатта айтылған ақпарға зер салыңыз.

– Еламан ауылындағы жаңа су жүйе­сінің құрылысы қашан аяқталады? Ауыл ұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін бұл жоба қашан іске қосылады? Халық тарыққаннан тығырыққа тіреліп отыр. Неге дайын жоба іске қосылмай кешігіп жатыр?
– Ол жоба бойынша 2020 жылы сәуір айының 03-інде «Дәнекер» деген компания жұмысты бастаған. Осы жылы ауылдың ішкі құбырларын тартты. 2021 жылдың 30 қарашасында су жүйесін толық бітіріп, су жинақтау торабын іске қосулары керек еді. 2020 жылы жобаны қаржыландыру екіге бөлінді. Жобаның жалпы құны 265 800 000 теңгені құрайды. «Дәнекер» – облыс бойынша бірнеше аудандағы бірқатар нысандардың жұмысын дұрыс атқармағандықтан жаман аты шыққан мекеме. Келісімшарттың уақыты біткен соң бұларды сотқа бердік. Онда аталған компанияның жұмысын бітіру туралы және шығынды өндіру туралы талап қойдық. Осы соттың шешімі бойын­ша 2 млн теңге көлеміндегі шығынды өтеу және жұмысты мәжбүрлі түрде аяқтату туралы шешім шыққан.Сот шешімі бойынша осы жылдың сәуір айының соңына дейін жұмыстарын бітіруі керек болған. Сот шешімі шыға салып жұмысты қайта бастағандай болды да, тағы тастап кетті. Оны да орындамады.
Тіркелген мекенжайлары бойынша Жезқазғанда болғандықтан, сот шешімін мәжбүрлі түрде орындату үшін сот орындаушыларға да талап арыз жібердік. Мұның сыртында аталған мекемені тексеру үшін экономикалық тергеу департаментінің басқармасына да аудан әкімінің атынан хат жолдадық. Тұрғындардың өтініші бойынша «Талғар Су» мекемесімен бірлесіп тартылған құбырлардың ақауларын тексеріп шықтық. Енді «Дәнекерді» қайта сотқа береміз. Менің білуімше, қазір осы компанияның кесірінен 3 ауданда су жүйесі бітпей тұр. Еламан – жұмысы аяқталмай қалған төртінші ауыл. Естуімізше, бұлардан да бөлек бітпей жатқан нысандары бар көрінеді. Осы уақытқа дейін оларға қажетті қаражаттың 95 пайызы төленген. Ендігі сот шешімі шықса, оларға біз төлемеген 5 млн-дай сомасы бар, 3 млн-ға жуық банктік кепілдігі бар, барлығы шамамен 8 млн теңгедей болады. Осының бәрін жинап, аяқсыз қалған жұмыс жобасы конкурсқа қайта қойылады. Сол кезде оны кім ұтып алады, солар қалған жұмысты жалғастырады. Ол үшін қосымша қаржы сұрамай, осы жинақталып тұрған қаражат есебінен қалған жұмыс­ты бітіртуге күш саламыз.
– Өткенде аудан әкімінің кездесуінде аталған жобаның қалған жұмыстары шілденің соңында аяқталса, ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіледі деген уәде беріпті. Шілде бітті, тамыздың жартысына жеттік. Ал сіз «Дәнекерді» қайта сотқа береміз дейсіз. Ал «Дәнекердің» ұстататын түрі жоқ. Сондықтан сиырқұмышақтанған бұл шаруаның бүгін-ертең бітпейтіні анық. Сонымен Еламан ауылының тұрғындары биыл ауыз суға қол жеткізе ме, жоқ па? Осыны айтыңызшы…
– Оның нақты уақытын айта алмаймын. Себебі, соттың шешімінсіз оларға ешқандай шара қолдана алмаймыз. Талап арызды 20-тамызға дейін сотқа жолдаймыз. Сот шешімінің шығуына байланысты жұмыс жүргізіледі.
– Сонда «Дәнекер» компаниясы ендігі сот шешімінен кейін де жұмысты аяқтайды деп әлі де сенім артасыздар ма?
–Жоқ, оларға сенім артпаймыз. Барлық жұмыс басқа мекемеге тапсырылады. Мердігерді біз анықтамаймыз. Ашық конкурс негізінде ұтып алған компания­ға тапсырылады. Менің ойымша, аталған компания әліне қарамай сонша жұмысты алып, аяқсыз қалдырған. Оларға заң жүзінде қандай жауапкершілік жүктелсе, соған сәйкес барлық шара қолданылатын болады.
–Ауылдың жанайқайға айналған мәселесі тек ауыз су емес, жол салу, газ тарту деген сынды инфрақұрылымдық жайы да жетісіп тұрған жоқ. Ол мәселелері қашан шешіледі?
–«Талғар Су» мекемесі жаңа су жүйе­сін қабылдап алған соң ғана жол жасауды қолға аламыз. Жолдардың техникалық құжаттары дайын. Ал газ жүргізу жұмыстары мемлекет есебінен іске асып жатыр. Алғашқы этап бойынша ауылға дейінгі магистрлік газ құбырлары тартылады. 42-ге жуық үй жобаға кірмей қалған. Сондықтан Алматы облыстық энергетика басқармасы мен ауыл тұрғындары мен авторлық қадағалау жүргізетін мекеме бар, бәрі өзара келісіп жиын өткізіп, сол үйлерді аталған жобаға қосуға шешім қабылдаған. Түзету жұмыс­тары аяқталған соң, жоба жалғасын табады.
– «Талғар Су» мекемесі аяқталмаған жобаны әлі өткізіп алған жоқпыз деді. Тұрғындарды аралап көзімізбен көріп, құлағымызбен естугеніміз бойынша Еламан жұртының қолы жеткені ескі құбырдан лай су ішіп отыр. Жетпегені қолынан келгенше құдық қазып алып, тұзды су қолданып отыр. Мектеп те сол лай суды сүзгі арқылы қолданып отырған көрінеді…
– Иә, «Талғар Су» жобаны толық өткізіп алған жоқ. Бірақ ескі құбыр арқылы ауылға су таратып отыр. Алда ескі желінің жұмыс істеп тұрған екі ұңғымасы арқылы болса да халыққа су беруді қарастырамыз. Биыл ауыз су тапшылығы мәселесі өте көп. Мысалы, Еламан ғана емес, Бесағаш, Тұздыбастау, Дәулет, Жаңалық, Арқабай, Қызылту, Панфилов ауылдарында да ауыз су тапшылығы бар.
– Осынша ауыл ауыз су тапшылығын тартып отырған болса, оны шешуге қабылданған нақты қандай шаралар бар?
– Облыс әкімдігімен бірігіп жоғарыда аталған 7 ауылды сумен қамтамасыз ету жобасына 358 млн қаражат бөлінді. Одан бөлек Бесағаштағы су жүйесін қалпына келтіру үшін арнайы жасалған жоба жұмысын аяқтап, бір аптадай уақыт болды мемлекеттік сараптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Бесағаш демекші, осы ауылды мен білгелі 20 жыл болса, содан бері ауыз су азабын тартып отырған ауыл. Үнемі «Тас-құм» деген мекемемен айқайласып жатады жұрт. Неге?
– Кезінде жекеменшік процесі басталған кезде ол ауылдың су жүйелерін «Тас-Құм» компаниясы меншіктеп алған. Су желілері 1970 жылдары салынған, әбден ескірген. Осы уақытқа дейін оған ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осыған байланысты әсіресе жаз айларында халық ауыз судан таршылық көреді. Аталған су жүйесін мемлекет қарамағына алу мақсатында да келіссөздер жүргізгенбіз. Оған олар келіспеді. Бұрынғы аудан әкімінің тапсырмасымен Бесағаш әкімдігін су желілерінің иесі деп танып, тіркеген. Негізгі жобасы да әзірленіп, оның жұмысы 2020 жылы біткен. Бірақ су жинау торабына қажетті деп танылған жер телімдері «Қайрат» футбол клубының жаттығу алаңының мемлекеттік актсіне еніп кеткен. Ол мәселені де оңынан шештік. Сондықтан жобаны қайта есептеу және түзету жұмыстары жүргізілді. 2021 жылдан бері атқарылған жұмыстың нәтижесі де мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Қыркүйек айының соңына дейін ол да бітеді деген жоспар бар. Өйткені мемлекеттік сараптаманың жасалу уақыты 45 жұмыс күніне негізделген. Бұл ауылдың мәселесі аудан, облыс қана емес, республикаға да мәлім. Жоба дайын боса, көп кешікпей қаражат та бөлінеді.
– Егер осы жобаның қаржысы бөлінсе Бесағаш халқы қанша уақытта сумен қамтамасыз етіледі?
– Қаражат бөлінсе барлық тұрғын үйлерге жаңа құбыр тартылып, жаңа су жинақтау орындары салынады. Жаңадан су сорғызу станциялары орнатылады. Жобаға сәйкес ол жұмыстар 24 ай, яғни 2 жылға жоспарланған. Ұмытпасам, жалпы көлемі 32 шақырымға жуық су жүйелері салынады. Магистралды су құбырлары тартылып, одан соң ауыл іші су желілері жүргізіледі.

Баспаған тауымыз, қақпаған есігіміз қалмады,– дейді Қоныс Алшынбеков, Еламан ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы: Ауыл тұрғындары Еламандағы барлық мәселені анық біледі деген соң Қ. Алшынбеков ақсақалмен де жолықтық. Ауылының азаматтарына бас болып отыр­ған ақсақалдың да айтары көп. Сондықтан сөз тізгінін Қоныс ақсақалдың өзіне берейік.
– Білуімізше, «Ауыз сумен жабдықтау жүйесі құрылысы» жобасы бойынша жұмысты бастаған «Дәнекер» компания­сы Жезқазғанда тіркелген екен. Ал салып жатқан жігіттер Шымкенттікі. Осы күнге дейін жұмыстарын шала-шарпы істеп созып жүріп, ақыры тастап кетіп қалды. Естуімізше, бізден басқа Кеген жақта тағы 5 ауылда жұмысын бастап, аяқсыз тастап кетіп қалыпты. Жұмысты аяқсыз қалдырып кетуіне қарағанда үкіметтен алатын ақшасын толық алып алғанға ұқсайды. Осы мәселемен баспаған тауымыз, қақпаған есігіміз қалмады. Халық қатты қиналып отыр. 2019 жылы басталған жұмыс, міне, әлі аяқталған жоқ. Ауданға барған сайын су сұрап Айбек Ақылжановқа соғамын. «Иә, иә, қарастырып жатырмыз, міне-міне» дегеннен ол да жалықпады, бара бергеннен мен де жалықпаймын. Өйткені ауыл ауыз сусыз отыр. Енді қанша уақыт қарастыратындарын Құдай білсін. Қалған жұмысты бітіру үшін 15 миллион теңгедей қаражат керек дейді. Аудан үшін ол анау айтты табылмай қалатын қаражат деп ойламаймыз. Осында Серік Сматов, Өміржан Тоғайбайұлы сынды елге бас болар азаматтармен бірігіп облысқа дейін шықтық. Бірақ әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. Бәрі қатырамыз деуін дейді, бірақ олар қатырып болғанша, елдің де сілесі қатып, кенезесі кеуіп болатын түрі бар. Амал жоқ сіздерге шығып отырмыз. Бұл да амалсыздың күні, бір көмегі тиер ме екен деген де үміт қой. Қолында құзыреті бар адамдардан бір қайыр болса жақсы болар еді-ау…
Кезінде Қайдар Әбдіханов әкім болып тұрғанда осы сумен жабдықтау құрылысының бұрынғы орны саз, бүгін салғанмен, ертең құлап қалады деп қазіргі орынға көшірткен. Бұл жерге басқа инфрақұрылым жүргіземіз деген жоспарымыз бар еді. Бірақ ауыз судың азабын осы уақытқа дейін аз тартқан жоқпыз. Бүгін салып, ертең құлап қалса тағы қиын ғой деп келіскенбіз. Ал енді отырған түріміз мынау, әлі күнге дейін мұның не құрылысы бітпеді, не су жоқ. Қазір ішіп отырған суымыз өте сапасыз, тіпті жарамсыз суды қолданып отырмыз десек болады. Мектеп те сол суды қолданады. Ескі құбырдан алып отырған су лайланып кетті. Сапасы да сын көтермейді.
Өткенде аудан әкімі Таңат Айдарбеков келіп, елмен кездескен. Сонда да айтқанбыз. Ауылдың ішін жаяу аралап, біраз мәселені көзімен көрді. 98 пайыз жұмысы біткен ауыз су жобасының құрылысын жақын арада аяқтап, іске қосуға да уәде берген және «Талғар Су» мекемесіне өткіземіз деген. Олар да сол толық біткенін күтіп отырған секілді. Жеке номерін де беріп, болмай жатса айтыңыз деген. Өткенде хабарласқанымда, жан-жақтан қажетті қаражатты іздестіріп жатырмыз деді. Ендігі бар үміт осы кісіде.
«Үмітсіз – шайтан» деген бар ғой, бірақ мына түрімен жақын араны былай қойып, биыл іске қосылатынына күмәніміз бар. Міне, жаз бітті. Күздің артында қақаған қыс тұр. Сонымен тағы бітпей қала ма деп ойлаймыз… Негізі суды жіберіп қойыпты, бірақ бірнеше жерінен жарылған көрінеді. Ел де құбырын тартып қойып, дайын отыр. Енді осы дайын дүниені іске қосуға не кедергі бар? Осыны түсінбейміз. Қазір әупірімдеп кезінде ақша жинап, ауыл боп өзіміз жасаған ескі су құбырынан су алып отыр­мыз. Жаңаның жұмысынан, тұрысы мынау. Мұны 217 метр тереңдіктен бұрғылап шығарды. Бұл іске қосылса ауыз су азабынан құтылар едік. Комиссия шығарып, қанша қаражат керек екеніне дейін есептетіп беріп қойдық. Біздің картамыз бойынша 700-800 үйді ауыз сумен еркін қамтамасыз етуге болады.
Біздің жүйе өте қиын ғой, біреу істі бастайды, ақшасын жейді де кетеді, артынан оны іздейді, таппайды дегендей… Сонымен бәрі қилы-қилы зман болып, зым-зия жоғалады… Ал қарапайым халық қара суға да жарымай қиналып отыр.
Ауыл инфрақұрылымы қарқынды өсіп жатқандықтан, жаңа су құбыры іске қосылса барлығын сумен қамтамасыз ететін мүмкіндігі бар. Суды тереңнен алатындықтан өте таза. Жаңа құрылыс жақтың адамдары қолдарынан келгенше амалдап, әйтеу тұзды су болса да қолданып отыр. Ол бар болғаны 17-18 м тереңдіктен алынады. Ал ауыл әкімі Нұрболат Манапбаевтың не ойы бар екенін білмейміз, бірақ бітірген түгі де жоқ…
Ауылдағы 25 көшенің жырын айтып жүріп, асфальттап беріңдер дегенімізге де талай болды. Ол да қысқарып-қысқарып, қазір 12-сі қалды. Енді осыларды асфальттап, ауылға орталықпен байланыстыратын маршрут жүргізіп берсе жақсы болар еді. Аудан әкімдігіндегілер су қосылса, жолды да жасауға мүмкіндік бар деп отыр, – дейді ауыл ақсақалы.
P.S. Ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталып, аталған жоба толық іске қосылып, ақ шаң жолдарға асфальт төселіп, балабақша ашылып, фельдшерлік пункт салынса, әрине еламандық елге жақсы болар еді… Мәселесі мінберге жеткенмен, кімдерге жеткені белгісіз, соз бұйдаға салынған сумен жабдықтау құрылысының жұмысы бітпей тұрса, қалғаны халықты «армандауға болмай ма?» дейтіндей не күлерін, не жыларын білмейтін халге жеткізген. «Жыламаған балаға емшек жоқ» дейтін халық «жылаудан» да қажып, шаршаған сыңайлы. Өйткені ауыз су үшін басын тасқа да, тауға да ұрып отырған жұрттың жанарынан шарасыздықты көресің… Сондықтан Еламан елінің қолы қара суға жеткенше елмен бірге жаңа су жүйесі жұмысының барысын назарда ұстайтын боламыз.

Жанбота Сұлтанмұратқызы