Мемлекеттік тілдің жайы мінберден де аз айтылып жатқан жоқ. Осы уақытқа дейін қазақ тілінің түйткілді мәселесін шешудің сан түрлі әдістері ұсынылып, бірқатар бағдарламалар қабылданды. Әлі күнге дейін қоғамның қызу талқысынан түспей келеді. Осыған қарамастан қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі төңірегіндегі түйткілді мәселелер әлі де толассыз айтылып, тоқтаусыз талқыланып келеді.
Солардың бірі және бірегейі мектепке дейінгі білім беретін барлық балабақшалардың қазақ тіліне көшірілуі туралы да талайдан бері тақыл-тақыл айтылып жүр. «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген халық даналығының астарында да ең әуелі тіл мен діл, салт пен сана тәрбиесі жатқаны анық. Ал оның артында мемлекет иесі саналатын қазақ халқының бүкіл болмысы мен болашағы жатқаны айтпаса да түсінікті.
Кезінде жазушы Смағұл Елубай қазақ қоғамының алдына шыққан «үштілділік» деген өткір мәселені өз биігінде көтеріп, бұл ретте балабақшаларды қазақшалау туралы өзекті жайтты алға тартып: «Үміт пен күдікті тудырып отырған бір мәселе бар. Мынау үштілділік деген нәрсеге жұрттың бәрі бірдей оң көзбен қарап отырған жоқ. Неге жұртты шошытып отыр? Бұл «үштілділік» деген сөз құлаққа «Қазақстанда үш мемлекеттік тіл бар» дегенді айтып тұрғандай естіледі, құлаққа түрпідей тиеді бізге. Меніңше олай болмауы керек деп ойлаймын. Мемлекеттік тіл ылғи да бірінші орында тұруы керек. Мектепте үш тілділікті бастап кетті. Жалпы, баласының үш тіл білгенін ешбір ата-ана кемшілік деп қарамайды. Бұл жағынан ешкім қарсы емес. Мәселе мемлекеттік тілдің жағдайы не болатынында. Қазақ тілінің жағдайы не болады, осы жұртты алаңдатып отыр.
Нағыз түрік затты халық тілі – біздің қазақта.
*****
Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не?
Қазақ тілінің арғы жағындағы жатқан мәселе – жер.
Біз мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз.
Әлихан Бөкейханов
Шынында да Қазақстанда тұратын барлық халықтар бір идеяның төңірегінде топтасқанда ғана біздің айдарымыздан жел еседі. Ол нәрсені шынында да балабақшадан бастау керек деп ойлаймыз. Бүкіл балабақшада барлық балалар ұлтына қарамай мемлекеттік тілде тәрбие алатын болса, ол – қыруар пайда, барлық ата-ана, әр ұлттың ата-анасы үшін. Өйткені бірінші кластан бастап бүкіл мектептердің бәрі орыс, қазақ деп бөлінбей бір ғана программамен, мемлекеттік тілдің басымдылығымен бүкіл оқу, тәрбие сол тілде берілсе, бірақ негізгі пәндер мемлекеттік тілде берілсе сонда үштілділік біздің байлығымызға айналады. Бізді қорқытпайды, шошытпайды. 11 сыныпты бітірген бала мейлі қазақ болсын, орыс білсін үш тілде сайрап шығады. Орыс мектебі, қазақ мектебі деген мүлде болмауы керек. Төңірегімізде мысалы, Францияда, Германияда, Қытайда ұлттық мектептердің бөлінгені жоқ қой. Бірлігіміз болуы үшін, барлық ұлттар бір-бірін түсінуі үшін кішкентайдан бастауымыз керек. 10-15 жылдың ішінде мектеп бағдарламасы мемлекеттің тілдің басымдылығымен жүрсе жүзеге асыруға болады, бітірген балалар бауыр болып шығады. Қазақтың тілін білгеннен кейін тарихын да, менталитетін де біледі. Қазақстандық патриотизм оянады. Сонда тіл проблемасы күн тәртібінен алынып тасталынады», – деп қазақ тілінің, қала берді елдің ертеңіне қатысты көптің көкейінде жүрген маңызды мәселе төңірегінде ой қозғаған еді.
Сол кезден бері сан рет айтылып келе жатқан мәселенің шешімін ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың танымал журналист, әрі Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлына берген сұқбатынан естідік. Аталған мәселеге қатысты пікір білдірген министрдің айтуынша, балалардың сөйлеу тілі балабақшада қалыптасатындықтан мемлекеттік балабақшалардың қазақ тілінде білім беруі бойынша нақты шаралар қабылданып жатқан көрінеді. «Көрінген таудың алыстығы жоқ», қолында құзыры бар тұлғаның аузынан шыққан айтулы пікірдің жерде қалмасы түсінікті. «Айтылған сөз – атылған оқ» екенін ескерсек, осыған дейін көңілді күпті еткен көп мәселенің шешімі де таяу арада табылады деп сенуге болатын шығар.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін министр тілге тиек еткен пікірді келтіре кетейік. «2022 жылдан бастап мемлекеттік балабақшалардың қазақ тілінде болуы қадағаланып отыр. Дей тұрғанмен, тілі орыс тілінде шыққан балалардың да бейімделу кезеңінен өтуіне байланысты қазір мамандар жұмыс істеп жатыр. Әдістемелік дүниелерді енгізу арқылы біз бұл балаларға да тиісті көмек көрсетуді қолға алып жатырмыз. Сондықтан бұл мәселе де өз шешімін табады деген ойдамын», – деді Ғани Бейсембаев.
Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Қадір Мырза Әли
«Бастау басынан тұнады» деген халық даналығына жүгінсек баласының тәрбиесін талбесіктен бастайтын ұлы елдің ұлағаттты мұратын – қазақ тілін үйретуді балабақшалардан бастасақ, атадан аманат боп қалған елдің, жердің, ана тілдің тұғыры нықталып, тұрағы да нақтылана түспей ме! Қазақстандағы мемлекеттік балабақшалардың барлығы тек қазақ тілінде болса, мемлекеттік тілдің де айбыны асып, мінберде айтылып жүрген біртұтас Қазақстан, «қазақстандық ұлт» саясатының да жүзеге асар тұсы осы емес пе?! Талап қойылмаған соң, заңды түрде міндеттелмеген соң, әркімнің өз тілінде сөйлеуіне жөн сілтелген соң кімнің тілі кімге керек? Бұл ретте «Көзі соқырдан, көңілі соқыр жаман» деген Әлихан Бөкейханов «Еріншек пен езге жол, бәйге, сыбаға, мүше жоқ» екенін де ашық айтып кетті емес пе! Ендеше осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын балабақшадан бастап кеңейтсек, дарқан даламызды мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің де қазақ ұлтына, тұрып жатқан жеріне деген құрметті артып, ел мүддесі жолында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып бірігетіні де хақ.
Сөз соңында министр айтқан жаңалықты қуана құптап, бұл бағытта атқарылып жатқан ауқымды істерді құлшына қолдау жерімізді мекен етіп, суымызды ішіп отырған әр азаматтың парызы екенін атап өткен жөн. Осы орайда қазақ балабақшасына, қазақ мектептеріне барып жатқан қазақстандық диаспора өкілдерінің де саны жыл санап артып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Сондықтан Көк байрағымыз күнмен таласа желбіреп, көгімізде күніміз күліп тұрғанын қаласақ, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қазақ тілінің мүддесіне қатысты мәселеде барлығымыз бір атаның баласындай бірігуіміз шарт.
Жанбота Сұлтанмұратқызы