Айтайын жарапазан үйіңізге…

Айтайын жарапазан үйіңізге…

Жарапазан – маусымдық-күнтізбелік ғұрып фольклорына жататын, түркі халықтарының арасында көп таралған тұрмыс-салт жырларының түрі. Кей өңірлерде жарапазанды «жарамазан» деп те атайды. Араб тілінен аударғанда «рамазан келді» деген мағынаны білдіреді. Жарапазанды көбіне балалар мен жасөспірімдер рамазан айында үй-үйді аралап айтады. Ежелде ораза ұстаған адамдарды сәресіне ояту үшін айтылған деседі. Жарапазан айтушыларға әр үй иелері тәтті-тәпсек, құрт, тиын-тебен де ұсынған. Бұрын жас балаларға асық та сыйланған. 

Жарапазан мәтініне назар аударатын болсақ, өлең шумақтары үй иесін мадақтаудан басталатынын байқаймыз. Ары қарай ислам дінінің шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиет айтылады. Осыдан жарапазанның негізгі мақсатын түсінуге болады. Кеңес үкіметі кезінде бұл салт ұмытыла бастаған, десек те ислам дінінің жандануына байланысты жарапазан айту қайта үрдіске айналды. Тұрмыс-салт жырының бұл түрінде адамгершілікті, имандылықты, әділет пен адалдықты, оразаны дәріптейді. Ол он бір буынды қара өлең ырғағымен келетін діни сенімді арқау еткен жыр болғандықтан әр шумақ айтылып болған соң: «Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан, Оразаң қабыл болсын ұстаған жан!» деген тілек қайталанып айтылып отырады. Жарапазан айтқан үйден ырымын алғаннан кейін міндетті түрде бата беріледі. Бата жыр түрінде болып келеді де, жақсылық, ізгілік ниет білдіреді.
Жарапазан туралы Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазады: «Жарапазан рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тұсында тұрып жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екеу болып жүріп немесе одан да көп болып топтасып айтады. Бірі жарапазан айтқанда, қалғандары қостаушы болады». Халық мұрасының майталман білгірінің бұл пікірі бекер емес, себебі біріншіден, ислам дінін қабылдамаған бауырлас телеуіттерде де үй иелерінен сыйлық сұрап айтатын мұндай өлеңнің түрі бар. Оны «урей» (қайырмасына байланысты) деп атаған. Мәтіні қазақтағы осы өлеңмен мәндес, екіншіден, жарамазан жырында туысқан емес, славян халықтарының колядасымен де типологиялық ұқсастық бар. Демек бұл есте жоқ ескі заманнан бері келе жатқан ең байырғы жанр деп түйін жасауға болады.
Көптеген зерттеушілер жарапазанды діни салттан туған өлең түріне жатқызса, Халел Досмұхамедұлы бұл турасында тосын пікір білдірген. Ол: «Бұл жырлар жартылай діни сипатты: жарапазаншылар өз өлеңдерінде шариғатқа иек арта отырып, қайыр-садақа, сый сұрайды. Әдебиеттің бұл түрі орыстардың «Колядованиесін» еске түсіреді», – деп жазады.
Жалпы жарапазанның әу бастағы қызметі мен мәні – шаңырақ иелеріне құт-ырыздықты әсерлі ақ тілек, әдемі алғыс-бата арқылы шақыру, олардан жұт-қырсықты қаһарлы сөз сиқырымен қуып тастау мақсатында жасалатын магиялық шаралар кешенінен туындағаны анық болып отыр. Сол себептен де оның мәтінінде алғыс пен қарғыс жиі кездеседі. Мәселен, «Кірсін дәулет, шықсын бейнет», «Бай үйіне берекет, қаша берсін бәлекет», «Кірсін дәулет есіктен, шықсын бейнет тесіктен», «Келгенде қайыр-зекет бере алмасаң, жібермес ақыретте менің назам», «Асырсын-ау, асырсын, жамандығын жасырсын, Осы үйге қастық қылған адамды, Қара таспен бастырсын!» т.с.с. Түрікмен үлгісінде де қолданылады.


Араб-парсы елінде жарамазан жыры жоқ. Ал оның түркітектес көптеген халықтарда ортақ болуының бір сыры – осы ежелгі жанрдың исламға дейінгі мәдениетте ел өмірінде әбден белгілі болғандығының дәлелі. Бұл жайында М.Әуезов «…қазақ жарамазандарының көбін алсақ… күшті сопылық, өрескел тақуалықты айтып, өзге жұрттың дін өлеңі сияқты үнемі сәжде, үнемі дұға, ұдайы күнәкер болуды айтып, көп тәубамен жалбарына беретін сөздер жоқ деуге болады. Бұл жағынан қарағанда қазақтың көп жарамазаны баяғы ақы сұрап айтатын мақтау өлеңдеріне жақын келеді», – деген пікір айтады. Ғалым Б. Кенжебаев: «Жарамазанда ескі дін қалдықтары да көп. Бақсылардың сарын айтқанда көкке, тәңірге, аруаққа жалынумен бірге «Аллаға», «пайғамбарға», «әулиеге» сыйынғаны сияқты жарамазаншы да екі діннің салтын қатар айтады. Жарамазаншының бір өлеңі ислам дінін дәріптейтін мақтау өлең болып келсе, екінші өлең ескі дін турасында айтылатын, Наурыз үстінде, қонақасы бергенде айтылатын бата сияқты болып келеді» деп осы жанрдың бойындағы көне қабаттарға назар аударады.
М. Әуезовтің жарапазанды «ақы сұрап айтатын мақтау өлеңге» ұқсатып отыруы бекер емес. «Қырғыз адабиятының тарихы» еңбегінде жарамазанның жылқышылар айтатын шырылдаңға, төкпе ақындар айтатын мақтау өлеңге ұқсастығына мән береді. «Шырылдаң» менен «жарамазан» және мақтау жырлардың ұқсастығы – бұл үш түр басқа біреулерден бұйым, мал өндіріп алуға бағытталған», –  деп жазады. Зерттеушілер шырылдаңның ішінде «Жарамазан жаркоолдап, Шырылдаңды шылтоолап» деген жолдар бар екендігіне де назар аударған. Әдетте шырылдаң айтатын жылқышылар да үй иелерінен ақы-сыйын алған соң, жырын бата берумен аяқтаған.
Өзбек ғалымы М. Жураев көктемде бәйшешек өнгенде балалар үй-үйді аралап, жарамазанға ұқсас жырды да айтатындығына мән берген:
Бәйшешек айтып келдім есігіңе,
Құдайым ұғыл берсін бесігіңе.
Қатты жерден қақырап шыққан
бәйшешек,
Жұмсақ жерден жүгіріп шыққан
бәйшешек…
Бәйшешек айтқанменен тоямыз ба?
Кәдесін бұрынғының қоямыз ба?…
Жарапазан тәуелсіздік кезеңде қоғамда діни бостандықтың оралуына байланысты ел арасында қайтадан көрініс тапты. Рамазан айында ауылдық жерлерде, жүргіншілер пойызында жарапазан айтушылар әредік-әредік жиі кездеседі. Сонымен бірге оны белгілі әншілер де сахнада орындап жүр. Дін өкілдерінің мешіттерде жарапазан айтуды жаңғыртуы – игілікті бастама. Тіпті бүгінде байланысқа SMS арқылы жарапазан жолдап, бірлік сұрайтын жарапазаншылар да кездеседі. Бұл – осы жанрдың жаңа заманға бейімделуге де мүмкіндігі бар екендігін көрсетеді.
Зорагүл Әбдіқадір