ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялаған Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне көз жүгіртсек, Мәжіліс сайлауына қатысқан партиялардың дауыс иелену көрсеткіші төмендегідей:
1. Amanat партиясы – 53,90% немесе 3 431 510 адам дауыс берді;
2. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 10,90% немесе 693 938 адам дауыс берді;
3. Respublica партиясы – 8,59% немесе 547 154 адам дауыс берді;
4. Қазақстан халық партиясы – 6,8% немесе
432 920 адам дауыс берді;
5. «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,30% немесе
146 431адам дауыс берді;
6. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 8,41% немесе 535 139 адам дауыс берді;
7. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,20% немесе 331 058 адам дауыс берді;
8. «Бәріне қарсымын» бағаны – 3,90% немесе
248 291 адам дауыс берді.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров берген мәлімет бойынша 5 және одан да көп пайыз дауыс жинаған саяси партиялардың арасындағы Мәжіліс депутаты мандаттарының бөлінісі мынадай:
1. Amanat партиясы – 40 мандат;
2. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 8 мандат;
3. Respublica партиясы – 6 мандат;
4. Қазақстан халық партиясы – 5 мандат;
5. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 6 мандат;
6. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 4 мандат.
Сонымен 19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының Amanat партиясы жеңіске жетіп, сайлаушылар дауысының бар-жоғы 2,30%-ын иеленген «Байтақ» жасылдар партиясы ешқандай мандатқа ие бола алмады. Сайлау науқанына қатысқан 7 саяси партияның алтауы 5%-дан көп дауыс жинаған.
Ал Sputnik.kz сайтының мәліметінше, «Парламентке барлығы 98 депутат сайланды, оның 69-ы партиялық тізім, 29-ы бір мандатты округтер бойынша өтеді. Яғни сайлаушылар тек саяси партияларға ғана емес, нақты кандидаттарға да дауыс берді. Тізімге енген 12 млн-нан астам сайлаушының тек 54,21%-і ғана сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасады. Бұл – соңғы 19 жылдағы ең төмен көрсеткіш.
Сонымен Мәжіліске бірмандатты жүйе бойынша депутат болғандардың тізімі алдын-ала шығарылған қорытындыға сай өзгеріссіз қалды. Олар:
Дәулет Тұрлыханов (Астана)
Дәулет Мұқаев (Астана)
Ерлан Стамбеков (Алматы)
Ермұрат Бапи (Алматы)
Бақытжан Базарбек (Алматы)
Данабек Исабеков (Шымкент)
Болатбек Нәжметдинұлы (Шымкент)
Нұртай Сәбилянов (Абай облысы)
Айна Мысырәлімова (Ақмола облысы)
Қазыбек Әлішев (Ақтөбе облысы)
Ардақ Назаров (Алматы облысы)
Данияр Қасқарауов (Алматы облысы)
Әділ Жұбанов (Атырау облысы)
Абзал Құспан (БҚО)
Мұқаш Ескендіров (Жамбыл облысы)
Гүлдара Нұрымова (Жамбыл облысы)
Руслан Қожасбаев (Жетісу облысы)
Құдайберген Бексұлтанов (Қарағанды облысы)
Арман Қалықов (Қарағанды облысы)
Әбіл Еркін (Қостанай облысы)
Мархабат Жайымбетов (Қызылода облысы)
Еділ Жаңбыршин (Маңғыстау облысы)
Амантай Жарқынбек (Павлодар облысы)
Еркебұлан Мәмбетов (СҚО)
Қайрат Балабиев (Түркістан облысы)
Ұласбек Сәдібеков (Түркістан облысы)
Темір Қырықбаев (Түркістан облысы)
Ерболат Сатыбалдин (Ұлытау облысы)
Лұқбек Тұмашинов (ШҚО)
Жаңа Қазақстанның жарқын болашағын жасаймыз деп жаңадан жасақталған бұл Мәжілісте жалпы отырысқа қатысатын депутат саны азайған. Бұрын Мәжіліс залындағы таблоға 107 депутат деп жазылса, енді 98 депутат деп жазылады. 29 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің YIII шақырылымының бірінші сессиясын ашып, жаңа депутаттардың алдағы ісіне сәттілік тіледі. Олар ресми түрде Орталық сайлау комиссиясының құжатын иемденіп, төсбелгісін тағып, елге етер қызметінне адал болуға ант берді.
Айта кетейік, Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттары да сайланғаны белгілі. Кандидаттар партиялық тізім негізінде және бір мандатты округтер бойынша сайлауға қатысты. Республикалық телеарналарда тікелей эфирде Мәжілісі сайлауына қатысатын 7 партия өкілдері арасында үш дебат өтті. Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге сүйенсек, өңірлерден жеткен жедел деректер бойынша сайлаушылар тізіміне 12 035 578 азамат енгізіліп, 6 366 441 азамат дауыс беруге қатысқан. Сайлаушылардың ең көбі Түркістан облысында – 1 177 507 сайлаушы болса, ал ең азы – 138 277 сайлаушы Ұлытау облысында тіркелген. «Оған жеті саяси партия және мажоритарлы жүйемен өзін-өзі ұсынған кандидаттар қатысты. ОСК жеті күннен кейін сайлаудың нақты нәтижесін шығарып отыр» деп хабарлайды Abai.kz. Сайлауалды бағдарламасында елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаймыз деп уәде еткен халық қалаулыларының сын сағаты соқты деуге болады. Өздері айтқандай халық мүддесіне жұмыс істеп, өз сайлаушыларының сенім үдесінен шығатын сәт келді.
Жанбота Сұлтанмұратқызы