Ауру астан емес, ыдыстан болуы мүмкін…

Ауру астан емес, ыдыстан болуы мүмкін…

Қазақ халқында «Аяғына (ыдыс) қарап, асын іш» деген аталы сөз бар. Бұл сөздің мәні терең, мағынасы маңызды болмаса осы күнге дейін жетпес еді. Айтпағымыз ол емес, бүгінгі таңда саны көп, сапасы жоқ жылтырақ ыдыстар қаптап кетті, осылардың пайда-зияны қандай деген сұраққа жауап іздеп көрмекпіз.

Ас ішкен ыдыстың тазалығына көп көңіл бөлетініміз сияқты, сол асты дайындайтын ыдыстың сапасына да ерекше мән берген абзал. Неге? Өйткені сіздің қолданып жүрген өте сәнді ыдысыңыз сапасыз материал­дан жасалған болса, басты байлығыңыз саналатын денсаулыққа кері әсерін тигізіп, жоқ жерден ауру тауып алуыңыз да бек мүмкін. Сондықтан ас дайындайтын, күнделікті қолданатын ыдыстардың сәнінен бұрын сапасына баса назар аударған жөн. Өйткені санэпидемиология мамандары бүгінде сәнге айналған арзанқол керамика, болат, күміс ыдыс-аяқтардың құрамында қорғасын, мырыш, кадмий сынды адам денсаулығына қауіп төндіретін химиялық заттардың мөлшері белгіленген қалыптан әлденеше есе артық екенін айтып дабыл қағуда. Олардың айтуынша, мұндай ыдыс-аяқтардың беткі қабаттарын әрлеген бояулардың химиялық құрамы белгісіз болғандықтан оны арнайы жабынмен өңдемесе, оларда дайындалған немесе құйылған тамақтардың температурасына байланысты түрлі реакцияға түсіп, салдарынан ағза орасан зор зиян шегуі мүмкін. Сондықтан нутрицолог мамандар (азық-түлікке қатысты барлық ғылыммен айналысатын маман) мұндай ыдыстарды мүлде қолданбауға кеңес береді. Айта кетейік, пластмасса ыдыстарға, әсіресе көп балалы отбасылар құмар. Себебі шыны, форфор, керамика ыдыстар сияқты қымбат емес, әрі сынбайды. Шыны ыдыстары шақ келмейтін балалы үйге қолайлысы да осы болғанымен, денсаулыққа келтіретін зияны өлшеусіз екені белгілі. Қымбатшылық қос бүйірден қысқан мына уақытта қалтасы таяз қарапайым халықтың қымбат ыдыс алу тұрмақ, сапалы азық-түлік алуының өзі қиындап бара жатқанда, «қымбат ыдысты неге қолданбайсың?» дей алмасымыз анық. Бірақ бірде болмаса да, бірде керекке жарар деп аздаған пайдалы кеңес ұсынбақпыз.
Базар мен дүкен сөресінде көздің жауын алатын ыдыстардың сан түрі самсап тұрғанымен, олардың бәрі бірдей күнделікті қолдануға жарамайды. Санитарлық эпидемиология департаментінің мәліметінше, әсіресе дизайнерлік ыдыстарды қолданғанда да өте абай болған жөн. Олар химиялық құрамы өте күрделі бояуларды пайдаланатындықтан, ол ыдыстарды қолданғанда тамақтың құрамына бөлінген улы заттың ағзаны улау қаупі өте жоғары. Сондықтан сала мамандары бүгінде тамақтың құрамынан бұрын оның қандай ыдыста дайындалғанына да жете мән берген жөн деп есептейді. Өйткені ауру тек астан емес, ыдыстан да туындауы мүмкін. Асқазан-ішек жолдары аурулары, өттің қабынуы, бауырдың зақымдануы, тіпті обырдың басты себебі сіз қолданып жүрген ыдыс болуы бек мүмкін. Оның ішінде әсіресе күмістен, пластиктен жасалған түрлері аса қауіпті болып саналады.
Мәселен, табанында РР белгісі бар полипропиленнен жасалған пластикалық ыдыстар кофе, шай секілді ыстық тағамдарға арналғандықтан спирт ішімдіктерін құюға болмайды. Бұл жағдайда ыдыстан формольдегид пен фенол көп мөлшерде бөлінетіндіктен адам ағзасы уланады. Сондай-ақ бір рет қана қолданылатын бұл ыдыстарға майлы тағамдарды да сақтамау керек.


Сарапшылар поливинилхлоридтен жасалған ыдыстар пластикалық ыдыстардың ішіндегі ең қауіптісі екенін ескертеді. PVC (ПВХ) таңбасы бар бұл ыдыстар өте әдемі безендірілген, тағамды өзіңмен бірге алып жүруге өте қолайлы. Бірақ ыдыс құрамындағы винилхлорид  деп аталатын канцерогенді химиялық зат қатерлі ісік ауруларының пайда болуына себеп болады. Сондықтан бұл ыдыстан бас тартып, PS немесе PP деген таңбалар басылған ыдыстарды пайдаланған жөн.
Меламиннен жасалған ыдыстар қыш ыдысқа ұқсас келеді. Алайда меламин қышқылы улылығы жағынан химиялық элементтер арасында ең қауіптісі. Оның құрамында өте көп мөлшерде формальдегид пен улы заттар бар. Мұндай ыдысқа ыстық тағам салынса, ол бірден улы формаль­дегид қышқылын бөліп шығарады. Ал ыдыс әр түрлі бояулармен боялған болса, қорғасын мөлшері де арта түседі. Нәтижесінде, соңы өлімге әкеп соқтыратын қатерлі ісік ауруларының көбеюі ықтимал. Бүгінде пластикалық ыдыстардың құрамында аса көп мөлшерде кездесетін асбест, формальдегид те адам ағзасында қатерлі ісіктердің пайда болуына, бүйрекке тас жиналуына, қуық жолдарының ауыр дертіне шалдықтырады.
Бір реттік ыдыстардың ішіндегі ең қауіпсізі – қағаз ыдыстар. Олар табиғи заттардан жасалатындықтан пайдаланған соң адамға да, тағамға да, қоршаған ортаға да пластикалық ыдыстар секілді зиянын тигізбейді. Сондай-ақ ас температурасын ұзақ уақыт сақтап, микротолқынды пеште қыздырылғанда да улы заттар бөлмейді, қолды күйдірмейді.
Аты айтып тұрғандай бұл ыдыстарды тек бір рет және көрсетілген белгісіне сай пайдалану керек. Олай болмаған жағдайда ыдыстың зияны адамның көзіне көрінбегенмен, ішкі ағзалардың қызметін бұзып, бірте-бірте түрлі аурулардың пайда болуына себеп болады. Пластикалық ыдыстар мұздатқышқа төзімді болғанымен, онда тағамды ұзақ уақыт сақтауға болмайды. Микротолқынды пеште қыздыру тіпті қауіпті. Микротолқынды пеште қыздырғанда финол, безфинол деген улы заттар шамадан тыс бөліне бастайды. Ал күміс ыдыстарды ұзақ уақыт қолданғанда тамаққа бөлінген күміс тотығы азғаза зор зиян келтіруі мүмкін.
Шет елдерден шекара асып келетін сапасыз ыдыстарды тексеру үшін кеден қызметінде «Янтарь — 1А» сынды радиациялық сәулелердің мөлшерін анықтайтын қондырғылар орнатылған. Алайда осыған қарамастан пайда табу мақсатында контрабандалық жолмен жеткізілетін ыдыстардың жолы кесілер емес. Қорабы мен жасап шығарған фирманың таңбасы мен атауы көрсетілмеген, қай елде жасалғаны белгісіз ыдыс-аяқтар барлық жерде самсап тұр десек артық айтқандық емес. Басқасын айтпай-ақ қояйық, былайғы жұрт «барахолка» атап кеткен қара базардың ыдыс-аяқ сататын бөлігін аралап шықсаңыз мұндай ыдыстардан аяқ алып жүре алмайсыз.
Стандарты да, сапасы да талапқа сай қымбат ыдыстарды халықтың жұқалтаң қалтасы көтермейді. Ал шекарадан контрабандалық жолмен келетін көп ыдыс-аяқтың жайын айтып өттік. Токсиколог дәрігерлерінің айтуынша, сапасыз ыдыс-аяқтардан уланудың тамақтан уланудан айырмасы жоқ. Бір ескертетін жайт, улану диагнозымен ақ халаттылар алдына барғанда, оның ішкен тамағы ғана тексеріліп, ыдысы көлеңкеде қап қоятыны да ақиқат. Дені сау, денсау­лығы мығым болу үшін барлық адам дұрыс тамақтанғысы, экологиялық таза өнімдерді пайдаланғысы келетіні түсінікті. Бірақ оған бір жағы қалта көтермесе, бір жағы сапасыз ыдыстар мүмкіндік бермейді. Сондықтан ас үйде күнделікті пайдаланатын ыдысты сатып аларда оның қандай материалдан жасалғанына аса мән берген абзал. Керамикалық ыдыстар өте әдемі әрі көбіне қауіпсіз, денсау­лыққа тигізер зияны да жоқ. Бірақ ерекше бір кемшілігі – жабын астындағы зиянды, уытты материал. Олардың құрамында кадмий (жалтырауық жұмсақ ақ металл), қорғасын және аллюминий көптеп кездеседі. Керамикалық жабын тез зақымданатын жұмсақ болып келетіндіктен, олар тез бүлінеді. Оларды ас үйдегі түрлі қырғышпен қырып тазалауға болмайды. Қоспасыз, сапалы, таза керамикалық ыдыстардың денсаулық үшін ешқандай зияны жоқ. Ол асты күйдірмейді, тез жуылады әрі ұзаққа шыдайды. Күюге қарсы тефлонды жабынмен қапталған қазандар мен табалардың түрі көп. Кез келген дүкеннен, базардан табуға болады. Олар жеңіл, тез тазаланады және қолдануға өте қолайлы. Тек тефлонды ыдыстарда қауіпті зат – перфтороктан қышқылы (ПФОК) бар. Ол әр түрлі қатерлі ісік ауруларына шалдықтыруы мүмкін. Мұндай ыдысты қарапайым шойын ыдыстармен алмастырған жөн. Шойын ыдыстар – қауіпсіз, жақсы қызады әрі ыңғайлы. Тіпті табиғи жолмен адам ағзасында темірдің көбеюіне көмектеседі. Өте сәнді, әдемі көрінінетін мыстан жасалған ыдыстар ас үйге арналмаған. Арнайы жабынмен қапталмаған мыс ыдыстарды қыздырғанда өзінен көп мөлшерде улы қышқыл бөледі. Сондықтан мұндай ыдыстардың орнына тот баспайтын болаттан жасалған ыдыстарды қолданған тиімді. Ол – ыстыққа төзімді, қолдануға қолайлы және сәнді, берік, сызыттарға да шыдамды.


Ал ыдыстардың ішінде өте кең тарып, көп қолдалнылатыны –алюминий ыдыстар. Ол жеңіл, шыдамды, әмбебап әрі қолжетімді ыдыстар қатарында. Бірақ ғалымдар бұл металдың жүйке-жүйесіне зияны бар екенін айтады. Егер ағзада оның мөлшері көбейсе, ұмытшақтық пен орталық жүйке жүйесінің қабынуына шалдығу қаупі бар көрінеді. Мұндайда оңтайлысы еш қоспасыз шыны ыдыстар болмақ. Тез тазарып, иіс сіңірмемейтін бұл ыдыстардың бір кемшілігі отқа төзімсіздігі. Сондықтан ыстық тағамдарды дайындауда мұндай ыдыстарды абайлап қолданған дұрыс. Ең дұрысы «ГОСТ» белгісі басылған эмальды ыдыстарды пайдалану. Онда тамақты дайындауға да, сақтауға да, ысытуға да, суытуға да болады.
Қазіргі уақытта қазақ салтында қолданылатын табиғи материалдардан – ағаштан, теріден жасалған ыдыстарға сұраныс артқан. Базарлар мен дүкендерде түрлі ою-өрнектермен әсемделген бұл ыдыстардың да түр-түрі тұр. Оны жасаушылар да, сатушылар да алдымен пайданың көзін ойлағандықтан оны әрлеуге қолданатын бояулардың табиғи болуына аса мән беріп жатпайды, бастысы көз тартарлық әдемі болса болғаны. Химиялық бояулармен өңделген мұндай ыдыстарды қолданудың қажеті жоқ.
Қазақ халқының сынық, кетік, жарық ыдысты ұстамайтын әдеті бар. Тіпті кетік ыдыстан сайтан су ішеді деп те ырымдап жатады. Бұл бір жағы тазалық үшін болса, бір жағынан қауіпсіздікті сақтау мақсатында болса керек. Тереңдеп түсіндіріп жатпай-ақ, оның санитарлық талаптар тұрғысынан да дұрыс екенін аңғару қиын емес. Айталық, ыдыстың жарылған, сынған, кетілген жерінде жиналатын протейн таяқшасы шіріткіш бактериялардың қатарына жатады. Ол сынығы бар ыдыстарда көпке дейін сақталып, сол жерде көбейеді де, ауыз қуысында ойық жаралардың пайда болуына, ауыздың улып кетуіне себеп болады. Ары қарай не боларын өзіңіз де болжап отырған боларсыз…
Сөз соңында айтарымыз, қандай ыдыс қолдансаңыз да алдымен оның сәніне емес, сапасына көңіл бөліңіз! Ел аман, дені сау болсын деген ниетпен азды-көпті білгенімізді ортаға салдық. әрине қандай ыдысты қайдан алып, қалай қолдану да, таңдау да сіздің еркіңізде.

Жанбота Сұлтанмұратқызы