Қазақ жақсы адамға, сұлу қызға, жүйрік атқа, жас нәрестеге, тіпті, адамның дәулеті мен атақ-абыройына да тіл-көз тиеді деп санайды. «Тіл-сұқ тас жарады» деген сөз осыдан шықса керек.
Халық нанымында бала кенет сырқаттанып қалса, оған «тіл-көз тиді, біреудің сұғы өтті» деп жорып, аштау әдісімен ем жасайды. Аштау – тіл-көз тиген баланы емдеу тәсілінің бірі. Емшілер балаға тіл-көз тиген жағдайда ол құсады, көзі кіртиеді, іші өтеді, денесі қызады деп топшылаған. Олар тұзды уыстап алып, баланың жалаңаш денесіне басып:
«Тілдінің тілінен,
Сұғы бардың көзінен сақта!
Ашыңды алып баламды қайтар,
Ашыңды алып баламды қайтар!» – деген бәдік жырларды айта отырып, аш кіру, көз тиюді қайтарған. Әрине кез келген адам баланы аштай алмайды. Бұл емдеу тәсілін жаратылысынан бойында биологиялық энергиясы мол, көріпкелдік қасиеті бар немесе аузының дуасы бар абыройлы адам ғана жасайды. Осыған байланысты қазақ халқында «Көзі жаманның көзінен, сөзі жаманның сөзінен сақта» деген тәмсіл бар. Балаға көз тиюге көп жағдайда өзіміз себепкер боламыз. Имунитеті толық қалыптаспаған кішкентай баланы «өнерлі, биші, әнші…» деп қаншама көздің ортасына итермелейміз т.с.с. Кез келген аурудың өткір, орташа, жеңіл болып бөлінетіні секілді тіл-көздің де тікелей және жанай тиюі бар. Балаға тіл-көздің сұғы қатты өтіп кетсе, өте қауіпті. Мұндайда тіпті адамдар ажал құшуы мүмкін. Көздің әлсіз немесе қатты тиюіне байланысты өз белгілері болады. Көздің сұғы өткір тиген баланың арқасына немесе бетіне қара дақтар пайда болады, тамаққа тәбеті тартпайды. Омыраудан шыққан бала болса, аузына тамақ апарсаң басын алып қашады. Бұл – өткір тигендегі жағдай. Ал жанай немесе жеңіл тисе бала мазасызданып, тамаққа бұрынғыдай тәбеті болмайды. Көңілі жабырқау тартып, айналасында болып жатқан нәрселерге елең етпейді. Еш нәрсеге зауқы соқпай, мелшиіп отыра береді. Тіл-көз тию әр балада әр түрлі байқалуы мүмкін. Осы орайда өз басымнан өткен бір оқиғаны айта кетейін. Бала күніміз болатын. Кіші інім аяқ астынан ауырып қалды. Ертесі таңертең бір жақ беті ісіп кеткенін байқадық. Үй шаруасынан қолы тимеген анамның дәрігерге апаруға мұршасы болмады. Мұны байқаған көрші апа: «Ой, мына балаға тіл тиіпті ғой. Көрші ауылдағы емшіге апарып сертін орындатып кел. Елемеген ауру жаман», – деп анамды алаңдатып қойды. Көңілі байыз таппаған ол інімді алды да әлгі емшінің ауылына бет түзеді. Олар үйге қайтып келгенде інімнің ісініп тұрған беті үш жерінен болар-болмас тілгенін байқадым. Анамның айтуынша, бетін аз тіліп қан шығару арқылы осы аурудың сертін орындапты. Содан кейін інім де құлан таза айықты. Дәрігерлер көз тиген балаға ешқандай диагноз қоя алмайды. Бұл медициналық жолмен емдейтін ауру емес. Ал шариғатта көз тиген баланы емдеудің үш түрлі жолы айтылады. Бірінші, егер балаңызға көзі тиген адамды мөлшерлеп білсеңіз (кейде үйіңізге бір ғана қонақ келіп, балаңыз ауырып қалатын жағдай болса), оған жағдайды түсіндіріп айтып, жеңіл дәрет алғызып, дәрет суының қалғанымен баланы шомылдырсаңыз дереу сауығады.
20 жылдан бері адам емдеп жүрген халық емшісі Оңалқан Сейтханқызының айтуынша, бір адамның екіншісіне теріс биоэнергетикалық әсері «көз тию, тіл тию» деп аталып, мұндай жағдайға душар болған адам әлсіреп, бей-жай халге түседі. Оның сөзінше, адамдар арасындағы іштарлық, жағымсыз қарым-қатынас, жеккөрушілік және өзге де теріс энериялы жағдайлар – көз тиюдің басты себептері.
38 жастағы 4 баланың анасы Жанар Жеңісова көз тиюге алғашында сенбегенін, алайда өмірінде болған оқиға оның көзқарасын түбегейлі өзгерткенін былай баяндады: «Үлкен қызымның екі-үш айға жаңа толған кезі болатын. Үйге тусқанымыздың жас қызы келе қалды. Ол енді ғана екі айға толған қызыма қарап: «Өзі пысық, ширақы екен…», – деп қолына алып, еркелетіп, ойнатып отырды. Кеш бата қызым қолды аяққа тоқтамай жылай берді. Отбасындағылар кезек-кезек қолымызға алып жұбатсақ та еш пайдасы жоқ. Шырқыраған баланы қайда апарарымызды білмедік. Көпті көрген енем бұл балаға «жаңағы қыздың ашы кіріп кетті-ау!» – деп тұзбен аштап, тыныштандырды. Қарны тойса пысылдап ұйықтай беретін қызым біраз тынышталғанымен түнімен мазасы болмады. Осылай екі күн ұйқысыз таң атырдық. Ертесі үлкен кісілердің айтуы бойынша емші апаға барып болған жайды баяндадық. Баланы қарап емдеп болған соң ол кісі: «Балаға көзінің сұғы бар адам қатты тамсанған, құдай сақтасын, нәрестелер әлсіз болғандықтан мұндай жағдайды көтере алмайды. Шүкір, қауіптің беті қайтты», – деді. Тынышталған сәбиім қатты шаршаған адамдай ұйқыға кетті. Сонда барып көздің сұғы адамның жасына, жынысына қарамайтынын білдім. Әйтпесе жап-жас қыздан кім қауіптенер дейсіз? Осы жағдайдан кейін бөгде адамдардан балаларымды қалқалап жүретін болдым. Десе де барлық адамның көзінің, тілінің сұғы бола бермейтіні бәрімізге аян. Содан бастап балаларымды тіл-көзден қорғау үшін үнемі «Нас», «Фәләқ» сүрелерін ішімнен оқып жүремін», — дейді көпбалалы ана. Тіл-көз тию шариғатта бар, ол расталған. Мұхаммед пайғамбардың «Көз тию хақ» деген хадисі бар. Пайғамбар заманында бір сахаба шомылып жатқан кезде екінші сахаба оған сұқтанып қараған кезде, оның ауырып қалғаны туралы деректер бар. Сол кезде Мұхаммед Пайғамбар: «Адамның бойынан жақсы бір қасиетті көрсеңіздер, оған дұға жасаңыздар», – деген екен. Кейбіреулер үшін тіл-көз тию және оны аштау немесе қорғасын құю арқылы емдеу ескі заманнан қалған соқыр сенімнің сарқыны болып сезілуі мүмкін. Алайда журналист Жанат Бақыттың әлеуметтік желідегі телеграм парақшасында жариялаған ағылшын тілінен аударған рух туралы сөз болатын кітаптың бір тарауында «Адам зат энергияны толық меңгергенде дәрі-дәрмектің ешқандай керегі болмай қалады» дегенді оқығаным бар еді. Адамдар арасында жағымды және жағымсыз энергияның алмасып тұратыны да шындық.
Зорагүл Әбдіқадір