Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар елімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев,
ҚР Президенті
Қытай елінен атамекеніне ат басын бұрып, етікшілікті кәсіп етіп, нәпақасын айырып қана қоймай, балаларын шетелде оқытып отырған нағыз еңбек адамы Рәжіл Ермекұлымен сұқбаттасып қайттық.
– Әңгіменің басын өзіңізден бастасақ. Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– 1962 жылы ҚХР Іле қазақ автономиялы облысында өмірге келдім. 2005 жылы тамыз айында Қазақстанға көшіп келіп, Бірлік ауылына қоныстандық. Өзім– етікшімін. Бұл кәсіппен шұғылданғаныма ширек ғасырға жуық уақыт болды. Төрт балам бар. 60-70 жылдар Қытай тәуелсіздігінің алғашқы жылдары болғандықтан, халықтың әлеуметтік жағдайы тым төмен болды. Әкем үкімет қызметкері болғанымен, жоғары білім алуға мүмкіндік болмады. Отбасымды асырау үшін сол елде жүргенде-ақ осы кәсіпті меңгердім. Пайғамбар жасына жақындап қалғаныммен, демалуға уақыт жоқ. Себебі отбасымның жалғыз асыраушысымын. Ересек екі ұлым Түркияда оқиды.
– Құпия болмаса бір күндік табысыңыздың қанша екенін айта кетсеңіз.
– «Жүргенге жөргем ілінеді» деген сөз бар. Талпынған адамды құдай құр қалдырмайды ғой. Жаздың ыстығы мен қыстың суығында аядай бөлмеде дамылсыз жұмыс істеу оңай емес. Кәсібім арқылы күніне 10 мың теңгенің айналасында табыс табамын. Бұйыртқан ырыздығы үшін Аллаға сансыз шүкір!
– Етікшіліктен өзге қандай қосымша табыс көзі бар?
– Бір күнде 25-30 литр сүт беретін сауын сиырым бар. Күн сайын 10-15 мың теңгеге сүт сатамыз. Өз басым екі қолға бір күрек таппай, өмірге налып жүретін жандарды жақтырмаймын. Мынау бейбіт заманда ақша табудың айласы аз емес. Мен сияқты бала кезінен ыстық-суықты көріп өскен адамдар қиындыққа төзімді келеді. «Есектің жүгі жеңіл болған сайын жатаған келеді» деген бар, адам баласын өбектеген сайын жалқау, бойкүйез болады. Мұндай адам морт, күйзеліске тез түскіш келеді. Сондықтан балаларымызды үнемшіл, төзімді, кез келген дауылға құлай бермейтіндей қайсар етіп баулуға тиіспіз.
– Әдетте үлкен кісілер балалық шағын сағынышпен еске алып жатады. Балалық шағыңызға да тоқтала кетсеңіз…
– Біздің балалық шағымызда ел ішер ас, киер киімнен таршылық көрген кез еді ғой. Анам қойдың терісін жұп-жұмсақ етіп илеп, тон тігіп беретін. Аяғымызға сиырдың бас терісінен шәркей жасаса, қойдың жүнін ұршықпен иіріп байпақ, шалбар тоқитын. Бір отбасындағы он бір баланың қарнын тойдыру оңайға соқпасы анық. Бидайдың ұнынан жасалған бір үзім нанға қол жетпейтін. Жүгерінің талқаны мен нанын талғажау ететінбіз. Алайда барлық бала сияқты тайға, тайыншаға мініп армансыз асыр салып ойнадық. Кеш бата үлкен ағам сығырайған шамның түбінде отырып ертегі оқып беретін. Бір кітапты қыс бойы бірнеше рет оқитынбыз. Бала болсақ та ойнап жүріп әке-шешемізге қолғабыс та тигізетін едік.
– Осы кәсібіңіздің арқасында баспаналы болыпсыз. Бүгінгідей айлығы шайлығынан артылмайтын заманда қанша адам пәтер жалдап күн кешіп жүр. Байқауымша асып-тасып жатқан табысыңыз да жоқ. Аз табысты баспанаға қалай жеткіздіңіз?
– Жұбайым екеуіміз де жоғары білім алмадық. Бұл жақтың заң-законын білмедік. Сенім артатын адамдарымыз болмады. Банкке салуға ұмтылмадым. Себебі ол кезде банкрот болған банктерден ақшаларын ала алмай қалған салымшылар көп болды. Сондықтан үй сатып аламыз деген қаражатты сегіз жыл бойы өзіміз жинадық. Қонаққа барарда үй тонаушылардан қорқып, ақшамызды мал қораға көміп кететінбіз. Енді ойласам күлкім келеді. Әр түрлі адам бар ғой, бірі жоқтан бар жасаса, енді бірі барды жоқ қылады. Бастысы үнемшіл болу керек. Қазақ «Тарта жесе тай қалады, қоя жесе қой қалады» деп бекер айтпаған.
– Жаңа ер жеткен екі ұлыңыз туралы айтып қалдыңыз. Олар оқыған елінде қаламыз десе рұқсат етесіз бе?
– Балаларым қолдары жеткен жерге дейін оқыса екен деймін. Сонда қалып жұмыс істеймін десе де рұқсат беремін. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» дейді, ел аралап, жер танысын. Біз бағындыра алмаған биіктерге шығып, біз көрмеген қызықты көрсін. Менің бар қалауым осы. «Ат айналып қазығын табар» дегендей, бір күні ата-анасының қасына, өз еліне қайтып ораларына сенемін.
– Әр кәсіптің өз қиындығы мен қызығы бар. Сіздің кәсіптің қиындығы неде?
– Өз ісімнен жалыққан емеспін. Алайда алуан түрлі адам бар. Кейбірі жоқты сылтауратып, етігін жасатып алып ақысын төлемей кетсе, енді бірі «артық қыламын деп тыртық қылдың» деп бәле салатындар да бар. Ең қиыны да осы. Барлығының көңілінен шығу мүмкін емес. Сол себепті әр адамның мінезіне қарай тілін таба табуға тырысамын. Адам қандай ортаға да білімімен емес, мінезімен сияды.
– Құдай қосқан қосағыңыз – отанасы туралы да айтып өтсеңіз…
– Ол ұмытшақ ауруымен ауырады. Сыртқа жалғыз-жарым жіберсем, адасып кетуі мүмкін. Дінімізде әйелінің ауырғаны ер азаматқа берілген сынақ деп жатады. Жап-жас адамның мұндай халге түсуі жаныңды ауыртады. Алланың басқа салғанына не шара? Алайда отбасындағы бар шаруаны бір өзі атқарады. Осы уақытқа дейін бетімнен алып, төсіме шапқан емес. Қолы берекелі, үнемшіл, өте сабырлы адам. Менімен ыстық-суықта бірге болған отбасымыздың тірегі. Сондықтан көңіліне қаяу түсіргім келмейді, әрдайым қуантып жүруге тырысамын.
– Қиын-қыстау күндерде қол ұшын созған адам болды ма? Ал өзіңіз мұқтаж жандарға қаншалықты көмектесіп тұрасыз?
– Әрине қолы ашық, жомарт жандар аз емес. «Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» деген дей, жоқшылық қолды байлаған кезде жебеп жіберген жандарды қалай ұмытасың? Ал бүгінгі күнде өзім де мұқтаж жандарға көмектесіп тұрамын. «Алайда оң қолыңмен бергеніңді сол қолың білмесін» деген бар, жасаған жақсылығыңды жария етсең еш мәні қалмайды.
– Егер қолыңызға байлық пен билік тисе ең алдымен не істер едіңіз?
– Өмірдің ащы-тұщысын көрген адам ретінде халықтың неге зәру екенін жақсы білемін. Сондықтан ең алдымен жетім-жесір, жоқ-жітіктерді жарылқар едім. Осындай байтақ даласы бар, жерінің асты-үсті қазынаға толы халықтың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен, үйсіз-күйсіз жүргені жаныма батады. Бар қазақ бақуатты өмір сүрсе екен деген тілек бар.
– Сіздей еңбек адамы – баршаға үлгі. Ендеше еңбегіңізге табыс, отбасыңызға береке тілеймін.
Зорагүл Әбдіқадір