Жасыл шыршаның шамы жанды

Жасыл шыршаның  шамы жанды

Желтоқсанның 27-сінде Талғар қаласы А.Байтұрсынұлы атындағы №7 мектеп-лицейінде өткен аудан әкімі Қайдар Әбдіхановтың балаларға арналған дәстүрлі «Жасыл шырша» атты мерекелік кешіне ауданымызға қарасты ауылдық округтердегі көпбалалы отбасыннан шыққан, әлеуметтік жағдайы төмен, толық және жартылай жетім, жалпы саны 125 бала қатысты. Мерекелік шарада сөз алған аудан әкімі балаларды келе жатқан жаңа жылымен құттықтап: «Еліміздің ертеңі, жүрегіміздің нұры болған балалар, жаңа жылдарың құтты болсын! Бүгінгі күн де, болашақ та сендермен нұрлы. Сабақтарыңды жақсы оқып, елі мен жеріне қызмет ететін үлкен азамат болыңдар. Денсаулықтарың мықты, күндерің көңілді, оқуларың табысты болсын!» – деп ақ жарма тілегін арнады.

Мерекелік кештің көрігін қыздырған «Айкерім» би тобының кішкентай бишілері қоян биін билеп, сүйкімді қылықтарымен барша жанды баурады. Барыс жылын барынша көңілді шығарып салған балапандар қоян жылын қуана қарсы алды. Барлық бала асыға күткен аяз ата мен ақша қар мерекелік кештің шырайын кіргізді. Қайдар Әлиханұлы Аяз атамен бірге шырша шамдарын жағып, балалармен қосыла әуезді әннің ырғағымен жарқыраған шыршаны айналды. Ертегі әлемінен келген Маша мен аю, қарақшы мен капитан сынды балалардың сүйікті кейіпкерлері де балғындарға керемет көңіл-күй сыйлады.
Осы мектептің 1 сынып оқушысы Аруна Болатова қуанышын жасыра алмай:«Шырша кеші маған қатты ұнады. Бізге осындай әдемі мерекелік шара ұйымдастырған жандарға алғысым шексіз. Біз секіріп биледік, тақпақ айттық. Әр жылы осы мерекені асыға күтемін. Бүгін менің сүйікті кейіпкерім Маша мен аю келді. Аяз ата маған қонжық сыйласа деп тілеймін және оған сенемін», – деп кішкентай ғана арманын айтып берді.
Мерекелік кеш мәз-мейрам болған балалардың «Жаңа жыл жақсылыққа толы, берекелі-мерекелі жыл болсын!» деген тәтті тілектерімен аяқталды. Балапандардың күміс күлкісі мен тәтті даусы тербеген әдемі кеш осылай мәресіне жетті.