- – Нұрбол Досымбаев мырза, алда ел ертеңі үшін аса маңызды және жауапты кезеңге аяқ басқалы отырғанымыз белгілі. 20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына байланысты Белбұлақ ауылдық округіндегі үгіт-насихат жұмыстарының деңгейі, дайындық барысы қалай болып жатыр? Әуелгі сұрақты осыдан бастайықшы…
– Рас, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты дайындық және үгіт-насихат жұмыстары тиісті деңгейде жоспарға сай жүріп жатыр. Қазіргі уақытта Белбұлақ ауылдық округі бойынша 6 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Олар – осы округтегі 4 мектепте орналасқан №850, 851, 852, 853, 854, 855 учаскелер. Яғни Белбұлақ ауылындағы №10 және 32 мектепте, Бірлік ауылындағы №35, Талдыбұлақ ауылындағы №34 мектепте толық дайындық негізінде жұмыс істеп жатыр. Өткен аптада аудан әкімі Қайдар Әбдіханов мырза жұмыс бабымен келіп, дайындық жұмыстарының барысымен жете танысып, бірқатар тапсырмалар да беріп кетті. Округімізге қарасты сайлаушылардың жалпы саны – 12846 адам. Осы мүмкіндікті пайдаланып сайлауға қатысуға тиісті халыққа мынаны айта кеткім келеді: Құрметті ауыл тұрғындары, ел болашағын айқындайтын жауапты кезеңде тұрмыз. Сондықтан алдағы сайлауда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай бірігіп, өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын! Сондай-ақ қай кезде де қолдауын көрсетіп, қасымнан табылатын ауылдастардың бұл жолғы науқанды да абыроймен атқаратынына сенемін! Өйткені ұрпағының болашығына алаңдаған халық олардың бала шағында дұрыс таңдау жасауға міндетті деп есептеймін.
– Белбұлақ ауылдық округіне әкім болып келгеніңізге көп болған жоқ. Сіз келген кезде бұл округте қандай мәселелер бар еді? Қазір солардың шешілгені бар ма?
– 2021 жылдың 1 қазанынан бері осы қызметті атқарып келемін. Мінеки, жылдан асты. Мен келген кезде бұл округте жол, жарық және ауыз суға байланысты қордаланған көп мәселелер бар еді. Соларды біртіндеп қолға алып, қолдан келгенше шетінен шешіп жатырмыз. Атап айтар болсақ, Бірлік ауылында жаңа су құбырлары жүргізіліп жатыр. Мердігер компания бұл жұмысты 2023 жылдың қазан айына дейін бітіруге уәде берді. Ал 2019 жылы Белбұлақ ауылына жүргізілген су құбырлары әлі күнге дейін іске қосылмағандықтан оған жауапты «Ақжол» компаниясынан «Талғар су» компаниясы қабылдап алып, қазір барлық тұрғын үйлерді сол құбырға қосу жұмыстарын жүргізуде. Бұйыртса, бұл жұмыс та келесі жылдың соңына дейін аяқталады. Ауылымыздағы 5 көшеге асфальт төселіп, жаңа құрылыс аумағындағы 7 көшеге қиыршық тас төгілді. 7 көше жарықтандырылды. Бұл жұмыстардың іске асуы қаражатқа тікелей қатысты болғандықтан, алдағы жылы жалғасын табуға тиісті. Осы тектес жұмыстардың жайы сол кезде бөлінген қаражатқа байланысты болатыны түсінікті. Сондықтан қазір осы бағытта атқарылуға тиісті біршама шараларды қолға алып жатырмыз.
– Жыл сайын ауылдарды көркейтуге, түрлі мәселесін шешуге үкімет бюджетінен арнайы бөлінетін қаражат бар. Солай ғой. Биылғы жылдың бюджетін толық игердіңіздер ме, әлде игерілмей қалған қаражат бар ма?
– Иә, дұрыс айтасыз, жыл сайын өңірлерді дамытуға үкіметтік бюджеттен арнайы қаражат бөлінеді. Биыл бұл жұмыстарға бөлінген қаражат көлемі –15 686 000 теңге. Игерілмей қалған қаражат жоқ. Біздің ауылдарға бөлінген бюджет қаражаты толық және тиімді игерілді деуге болады.
– Міне, жыл аяғы да болып қалды. Алдағы жылдың бюджеті, ауылға қатысты атқарылатын іс-шаралар жоспары туралы айта кетсеңіз.
– Алдағы жылда ауыл бюджетіне қанша қаражат бөлінетінін қазір дәп басып айта алмаймын. Ол жаңа жылдан соң белгілі болады. Соған қарамастан жаңа жылда атқарылар шаруалардың жоспарлары жеткілікті. Олардың ішінде әсіресе маңызды болып тұрғаны – жаңа құрылыстардың көшесіне қиыршық тас төсеу мәселесі. Өйткені жолы жоқ жерлерге салынған үйлердің арасы жаңбыр жауса балшық, жел соқса шаң боп кетеді. Үлкен қаланың іргесінде отырғандықтан көші-қон миграциясының көлемі өте үлкен, сондықтан жаңа құрылыс аумағы да айтарлықтай жоғары қарқынмен өсіп барады. Мысалы, жаңа құрылыстардың есебінен жылына 4-5 көшенің жолы жөнделсе, тағы 10-15 жаңа көше пайда болып жатады. Соның бәріне бір жолда үлгеретін мүмкіндік шектеулі. Ал асфальт төселуге тиісті көшелер одан да көп. Оларды жарықтандыру жұмыстары тағы бар. Көшіп келушілердің көбі салған үйлеріне өз бетінше жарық, су тартқызған. Сондықтан олардың тартқызып алған электр сымдарымен орнатқан бағаналары стандартқа сай болмай жатады. Салдарынан жергілікті тұрғындардың жарығы жиі өшіп, жарық мәселесінде айтарлықтай қиындықтар орын алады. Осыған байланысты кезек басында бұл мәселені алдағы уақытта түбегейлі шешу үшін арнайы жобалар жасап, оларды стандартқа сәйкестендіру жұмыстары тұр. Сондай-ақ бізге қарасты 3 ауылда мәдениет үйі жоқ. Бұл да басты мәселенің бірі. Алда Талдыбұлақ ауылының кіреберісіндегі 1 га 17 сотық жерге мәдениет үйін және ауыл тұрғындары мен қонақтары демалатын үлкен саябақ салмақшымыз.
– Қуана құптайтын жақсы жаңалық екен, шынында сол ауылдың тұрғыны ретінде бұл істің ойдағыдай іске асуына тілекшімін. Қонақ демекші, халықпен қарым-қатынасыңыз қалай, жалпы тұрғындарға есігіңіз ашық әкімсіз бе?
– «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген аталы сөз бар ғой. Халықпен тығыз қарым-қатынастамын. 24 сағат байланыстамын десем мақтанғандай болатын шығармын, бірақ шынымен солай деуге болады. Тұрғындар телефонмен де, әлеуметтік желілер арқылы да сұрақтарын қойып, мәселесін айтып жатады. Кейде жиналған жұрт көшелеріне шақырып көңілі толмайтын мәселелері алға тартып, ұсыныстарын білдіреді. Халыққа қатысты мәселенің үлкен-кішісі болмайды, сондықтан барлығына өз кезегімен жауап беріп, ретін тауып қолдан келгенше шешіп отыруға тырысамын. Негізі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау күні сейсенбі, бейсенбіге белгіленген. Бірақ шаруасын айтып, мәселесін айтып келген ауыл тұрғындарын қай уақытта болса да қабылдай беремін. Өйткені уақыттың бағасын жақсы білемін. Тиісінше әр ауылдың белсенді азаматтарымен де тығыз байланыста жұмыс істеймін. Ол – басты ұстаным десем де артық айтқандық емес.
– 20 қазанда Жетісуға келген мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Алматы облысына 39 мектеп салынатынын айтты. Осының Белбұлақ, Талдыбұлақ, Бірлік ауылдарына бұйыратыны бар ма? Мәселен, тек Талдыбұлақ ауылындағы №34 мектепте 1276 бала 3 ауысыммен қысыла-қымтырыла оқып жатыр…
– Өкінішке қарай 2023-2024 жылғы жоспар бойынша «Жайлы мектеп» жобасына бізден ешқандай мектеп ілінбеді. Себебі мектеп салуға тиісті мемлекет қарамағындағы құжаты дайын жер болмай қалды. Қазір осы мәселе қарастырылып, нәтижесінде мектеп салуға ыңғайлы жер анықталып, оны бағалау және сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Құжат дайын болса, жерді сатып алғаннан кейін ғана мектеп салу жұмысы қолға алынатын болады.
– «Осы 5 жыл ішінде біз денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруіміз керек. Ол үшін ауылдағы медицинаны жақсартамыз, аудандардағы медициналық емханаларды жаңғыртамыз, көпбейінді ауруханалар саламыз», – деді Президент. Белбұлақ округіне бұл мәселенің қаншалықты қатысы бар? Ауылдық амбулаториялардың жайы қалай?
– Денсаулық сақтау мәселесіне келетін болсақ, округ бойынша 3 амбулатория жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде Бірлік ауылдық амбулаториясы толығымен күрделі жөндеуден өтіп, өз жұмысын жалғастыруда. Талдыбұлақ ауылындағы амбулаторияның күрделі жөндеу жұмыстары 80-90 %-ға бітті. Жуықта пайдалануға беріледі. Ал Белбұлақ ауылына қарасты амбулатория қазір №32 мектептің қасындағы бір корпуста жұмысын жалғастырып жатыр. Талдыбұлақтағы амбулатория қолданысқа берілсе, одан кейін Белбұлақ амбулатроиясының жұмыстары басталатын болады.
– Жақсы, ауылға қатысты нақты мәселеге көшсек. Белбұлақ ауылдық округіне қарасты ауылдарда жол мәселесі біртіндеп шешіліп, ойын алаңдары салынып жатқанын білеміз. Шаң қауып жүрген талай елдің табаны тап-таза асфальтқа тиіп, ойын балаларының арқа-жарқа боп жүргені көңілге қуаныш ұялатады. Өкініштісі, көп жерде сол ойын алаңдарының алды тоналып, арты бүлініп, майысып, сынып жатыр. Сапасыздығы – өз алдына бір мәселе, алаңдардың тазалығы да сын көтеретін жағдайда емес… Бұл туралы не айтасыз? Жалпы бұған кім жауапты?
– Округке қарасты 3 ауылда 3 балалар алаңы салынды. Уақытымен тазаланып тұрады.Оны өзім тікелей бақылаймын. Оған қоғамдық жұмысқа бөлінген тиесілі адамдар жауап береді. Бірақ сол адамдардың еңбегін кейде ит құрғыр зая қылса, кейде кейбір тұрғындардың өздері де жауапсыздық танытып, отырған жерін шашып кетіп жатады. Ауыл болған соң тентексіз болмайды ғой, кейбір спорттық құрылғыларды бүлдіріп кететін де жағдайлар бар. Осыған байланысты ауыл тұрғындарына ортақ мәселе мен бір мүддеде қай уақытта да бірге болып, өз ауылымыздың көркеюіне атсалысып жүрген азаматтардың еңбегін еш қылмаса екен дегім келеді. Өйткені сол жерді тазалайтын адамдар да біреудің анасы, әкесі, ағасы, туысы дегендей. Олардың еңбектеріне де құрметпен қарау керек екенін естен шығармаса құба-құп болар еді. Сондықтан қоғамдық іске келгенде, сондай ортақ орындарға барғанда мәдениет сақтап, айналасын жинастырып, ештеңені бүлдірмей кетсе деген тілек бар.
– Тазалық демекші, ауыл көшелерінің тазалығы да мақтанарлық халде емес. Бұл жерде тазалық сақтамайтын кейбір тұрғындардың да кінәсі шаш етектен. Бұл мәселеге келгенде жұмысшы күші жетіспей ме, әлде басқа себеп бар ма?
– Көше тазалығын қоғамдық жұмыскерлер атқарады. Округ бойынша 156 көше болса, бізде 15 қоғамдық жұмыскер бар. Олар барлық көшені түгел тазалап үлгермейді. Ауылдың ішкі көшелерін тұрғындардың көмегімен таза ұстауға тырысып жатамыз. Бірақ осы мәселеде кейбір тұрғындардың немқұрайлылығы мен жауапсыздығы қынжылтады. Кей көшелердің таза болмауының басты себебі де осы. Жаңадан үй салып жатқандардың көптігі де бір себеп деуге болады. Осыған байланысты кейбіреулердің тазалыққа келгенде кежегесі кейін тартып, көрінген жерге құрылыс қалдықтарын төгіп, өзен жағасы секілді рұқсат етілмеген жерлерге тұрмыстық қалдықтарды лақтырып кететіні бар. Бұл жайттардың жиі орын алатыны өкінішті. Алысқа бармай-ақ қояйық, ауылдың тазалығы ауланың тазалығынан басталады. Ауыл тұрғындары осыны есте сақтаса, жете түсінсе, балаларға да соны үйретсе екен деймін!
– Ал ауыз су мәселесі қашан шешіледі? Қазір тұрғындар қолданып отырған ауыз судың сапасы да сын көтермейді. Сондықтан шамасы жеткендері үйлеріне қымбат болса да арнайы су сүзгілерін орнатуға мәжбүр. Олардың бағасы да удай болғандықтан қалтасы жұқа қарапайым жұрттың қолы жете бермейтіні де шындық. Былайғы жұрттың таза ауыз судан қағылып отыруы түрлі аурулардың да туындауына себеп болатыны да анық. Тек 20 қазаннан бері екі-үш рет екі күндей сусыз отырдық. Ондайда көрші ауылға ат шаптырып, жаяулы-жалпылы су сұратып кететініміз бар. Сонда қайтпек керек?
– Белбұлақ округіне қарасты 3 ауылдың да су құбыры әбден ескірген. Кеңес үкіметі кезінде салынған құбырлардың алдына 50-60 жыл болған. Әбден тозығы жеткен. Сондықтан жиі жарылып, осыған орай жиі жамалып, жасалып жатады. Ал судың лай болуы жарылған жерді жасаған соң суды қайта жібергенде құбыр ішіне жиналған ескі лай қайта қозғалып суға араласып кетуінен болады. Қазір осы мәселені шешу мақсатында жаңадан су құбырлары тартылып жатыр. Осы жұмысты атқарып жатқан компаниялардың жұмыс барысында ескі құбырлардың сызбасын анық білмеуі салдарынан оларды тесіп, кесіп алуына байланысты кейде ауылда су өшіп қалатын кездер болып тұрады. Ал сол ескі құбырлардың толық сызбасы ешкімде жоқ, олардың қалай жатқаны туралы да ешкім білмейді. Жаңа су құбырларын тартып жатқан «Мэлиоратор» компаниясымен келісіп суды өшірмеудің қандай жолдары бар деген мәселені де қарастырдық. Олар енді металл тапқыш құрылғымен тексеріп барып қазатын болды. Оның да су мәселесін қаншалықты шешетіні беймәлім. Соған қарамастан суды да, жұмысты да тоқтапауға күш салудамыз. Бұл істе ауыл белсенділерімен бірге қадағалау жұмыстары жүргізіліп келеді.
– Жаңбыр жауып, жел соқса жарық өшіп қалатыны тағы бар… Бұл қашан реттелетін мәселе?
– Жарық мәселесі бойынша алдымен мынаны айта кетейін: бізде округ бойынша жарық желілері ескірген. Бәрін жаңалау керек. Осыған байланысты арнайы жобалар жасалып жатыр. Бір күнде болмаса да, біртіндеп шешімін табады деп есептеймін. Қазір 5 шағын электр-станциясының жобалық жұмыстары жасалып, есебі істелуде. Осыдан кейін үкіметтен қаражат сұраймыз. Сөйтіп шетінен шешіледі деген ойдамын. Өзіңіз білетіндей, жаңа құрылыс аумағы тез үлкейіп, халық саны да жылда ұлғайып жатыр. Осыған орай ауыз су мәселесі де үнемі назарда болатын басты мәселе. Тұрғындар өз бетімен ток тартып, су құбырын салып алуға тырысады. Сол себепті көбінің сапасы мәз емес. Мысалы 200 үйге арналған трансформаторға 400 үй қосылып алған дегендей… Жарықтың жиі өшетіні осындай себептерге байланысты. Келесі жылы осы мәселе бойынша да өтініш берілетін болады. Айналып келіп қаражатқа тірелетіндіктен, бөлінген қаражатқа қарай жұмыс шетінен атқарылады.
– Кейбір трансформаторлардың айналасы тіпті қоршалмаған. Айналасында бала-шаға ойнап жүреді… Бетін ары қылсын, елімізде талай баланың токқа түсіп жатататыны туралы жаңалықтар жиі айтылады. Салдарынан ерте солып қалатын қанша ғұмыр, аяқ-қолынан айырылып қалатын қанша адам бар дегендей… Қазір сіздерде сондай жерлерді қоршап, қауіпсіздік шараларын қолға алатын мүмкіндік бар ма?
– Келесі жылы осы айналасы ашық-шашық тұрған трансформаторларды қоршауға да бюджеттен қаражат сұрайтын боламыз. Қаражат бөлінсе ең алдымен сол қауіпті жағдайда тұрған ток көздерін қоршау жұмыстары қолға алынады.
– Аудандық газетке шыққан «Талдыбұлақтағы жақтаусыз көпір мен қақпақсыз құбыр құдығы» деген мақаланы көрген боларсыз. Құбыр құдықтарының қақпағы, көпірдің темір жақтаулары қайда кеткен? Қатар орналасқан №34-35 мектепке өтетін көпірдің де адам жүретін сол жағының жақтауы жоқ. Ол жерде таңертеңнен қара кешке дейін оқушылар мен көліктер тоқтаусыз сабылып, қатар жүріп жатады… Хабарыңыз бар ма?
– Кейбір көпір жақтаулары мен құбыр құдықтары қақпақтарының жоғалғанын білемін. Мұндай жағдай тек біздің ауылдарда ғана емес, барлық жерде бар. Оларды қалпына келтіру жұмыстары міндетті түрде жүргізіледі. Кәріз жүйесі біздің қарамағымызда емес. Соған қарамастан мәселе біздің ауылға тиесілі болғандықтан оларды кәсіпкерлер көмегімен болса да қалпына келтіреміз. Қол ұшын беретін азаматтарды да тауып қойдық. Алла жазса, осы аптаның аяғына дейін бұл мәселе өз шешімін табады.
– Алматы-Талғар күре жолынан Белбұлаққа бұралтын Хафиза Әбдіғұлов көшесінің дәл кіреберісінде 7-8 см тереңдікте ойылып, бірінің тіпті қақпағы да жоқ, екі құбыр құдығы жатыр. Бұл біздің көргендеріміз ғана. Көрмеген қанша құдықтың ашық жатқанын Құдай білсін. Күні-түні көлік толассыз сабылып жататын бұл жерді білетін бе едіңіз?
– Әрине, ауылға қатысты барлық мәселе назарда ғой. Тек бәрін бір жолда, бір уақытта шешуге бір жағы қаражат қол байлау болса, бір жағы уақыт тапшылығы бар. Оның үстіне темір жинаушылардың ұрлығы да тыйылмай тұр. Бұл да өте үлкен және маңызды мәселеге айналып отыр. Аталған мекен-жайдағы темір қақпақтар қандай да бір себептермен ұрланып кеткен. Оларды ұрлағандар көбіне сол баяғы қу ақша үшін металл қабылдаушыларға өткізіп жібереді. Оның ертеңгі қаупін ойлап жатпайды. Осы жағы өте қиын болып тұрғаны жасырын емес. Бірақ сол сіз айтқан мақала жарық көргеннен кейінгі аптада ол жерлерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ашық жатқан құбыр құдығының қақпағы қайта жабылды, жол қалпына келтірілді.
– Айтпақшы, биыл Талдыбұлақ ауылында өткен Наурыз мейрамында 40 келілік қойды 50 мәрте көтеріп, жұртты таңқалдырдыңыз. ПИАР ма, әлде қазіргі жастар тілімен айтқанда, хайптың бір түрі ме?
– Бұл жерде қой көтергеннен бұрын, ең алдымен, Талдыбұлақ және Бірлік ауылдарының №34-35 мектепті бітірген түлектердің ауызбіршілігін ерекше атап өткім келеді. Сол Наурыз мейрамының сондай жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болып, бар шығынды өздері көтеріп алды. Бірі ұлттық ойындарды ұйымдастырса, бірі концерттік бағдарламаларды жауаптанып, енді бірі қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүрді дәріптейтін киіз үйлерді толық жабдықталған күйінде тігіп, кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге көрсетті. Құрдастарым – 1988 жылғы азаматтар 2 киіз үй тіксе, 1992 жылғы жігіттер 1 қазақ үй мен үлкен шатыр тігіп, тойшыл қауымға мол дастарханнан дәм татқызды. Алла жазса, бұл үрдіс өз жалғасын табады деп ойлаймын. Өйткені мен ауылымның азаматтарына сенемін! Ал қой көтергеніме келсек, сондай айтулы мейрамда халықпен бірге болғандықтан үлкен толғаныста болдым. Оларға бұл шаралар ұнап жатыр ма, артық кеткен, кем қалған тұсы бар ма дегендей… Сол себепті алтыбақан жақты да, концерт болып жатқан сахнаны да бақылап, ақсақалдар жағы қалай отыр екен деп той өтіп жатқан аумақты аралап келе жатсам мектептің артқы жағындағы алаңда қой көтеру сайысы болып жатыр екен. Қарасам тепсе темір үзетін жап-жас жігіттер үстіндегі таза киімдерін былғағысы келмеді ме, әйтеу сол сайысқа үрке қарап, тосырқап тұр екен. Соларға бір жағы мотивация болсын деп, бір жағы той болған соң өзімнің де қызығушылығым артып, жұмыс бабындағы киіміме қарамастан сайысқа қатыстым. Сол-ақ екен сол жерде тұрғандардың бәрі кезекке тұрып, жағалай қатысып, жамырай жөнелді. Сайыстың көрігі қызған шақта біреу мені видеоға түсіріп таратып жіберіпті. Әйтпесе ешқандай ПИАР жасап алайын, хайп болсын деген ойым болған жоқ.
– Ашық сұқбатыңыз үшін рақмет. Әрдайым игі іс пен жақсы жаңалықтың жаршысы болыңыз!
Сұқбаттасқан
Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ
1 Пікір
Алтай 10.11.2022 at 18:59
Ауылмен ауыз быршылыгыныз одан ары арта берсын