Қазақстан Республикасының кезектен тыс президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді деп жоспарланған. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өткізілетін жетінші президенттік сайлау және 1999 жылдан бері қатарынан алтыншы кезектен тыс сайлау болмақ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында президенттік мерзімнің ең көп санын екіден бір жылға дейін қысқартуды және президенттік мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұлғайтуды ұсынды. Осы үлкен саяси науқанға байланысты кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі облыстық штаб мүшелері қарашаның 8 күні Қайнар ауылдық округіне қарасты Еламан ауылындағы №41 мектепте ауыл тұрғындарымен және ауыл ақсақалдарымен кездесті. Штаб мүшелері құрамында: Сайлау штабтың төрағасы, облыстық «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Қуат Байқожаев, штаб төрағасының орынбасары, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ерболат Турумбетов, облыстық мәслихаттың хатшысы Дәулет Жарасбаев болды.
Үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алды тұғырнамасын таныстырып, негізгі бағыттарын талқылаған Қуат Байқожаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтынын, оны мықты саясаткер, шебер дипломат санайтынын жасырмады. Сондай-ақ «Халықаралық геосаяси жағдай қиын кезде бізге дәл осындай тұлға қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев шет елдің басшыларымен тең дәрежеде сөйлесе алатын сұңғыла саясаткер. Оның халықаралық тәжірибесі өте жоғары екені әлемдік деңгейде мойындалған. Бізге тұрақтылық пен бейбіт өмір қажет. Біз Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау арқылы болашаққа сенім артамыз. Президенттің бастамасымен жүргізіліп жатқан барлық реформаларды толық қолдаймын. Мемлекет басшысы президент болған үш жыл ішінде небір қиын-қыстау кезеңдерде әрқашан халықпен бірге болып, жан-жақты қолдау көрсетті. Халыққа жаны жақын тұлға екенін бір емес, бірнеше рет дәлелдеді. Қазіргі кезеңде одан басқа лайықты үміткерді көріп тұрған жоқпын», – деп өз ойын ашып айтып, жиналған қауымды Қасым-Жомарт Кемелұлына дауыс беруге шақырды. Тұрғындар да президентіміздің кемеңгерлігімен көшбасшылығына сенім артатынын, бір ауыздан президентімізге дауыс беретінін білдірді. Әрине мемлекет басшысы ел басқарған қысқа ғана уақытта көптеген қордаланған мәселелерді шешіп, халықпен етене жақын болып, мұң-мұқтажын тыңдай білді. Елінің ертеңі мен ұрпағымыздың болашағын қамтамасыз ететін тың жобалар жасады. Соның бір дәлелі қыркүйектегі Жолдауындағы «Ұлттық қор – балаларға», «Жайлы мектеп» жобасы сынды бастамалар арқылы ұлтының опалы ұлы, көреген көшбасшы екенін көрсетті. Отыз жылда жіберген олқылықтың орнын толтырып, халықты кемел келешекке бастаған тұлғаға ел-жұрты сенім білдіретінін жеткізді.
Өз кезегінде Ерболат Турумбетов президенттің сайлау алды бағдарламасын кеңінен түсіндіріп: «Халықтың барлық топтары үшін тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешу туралы мемлекет басшысы алдына үлкен мақсат қойып отыр. Барлық тұрғын үй бағдарламалары бірегей тұрғын үй құрылысы саясатына біріктіріледі. Бұл саясаттың аясында ұстаздар мен дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз етудің арнайы бағдарламасы іске қосылады. Аз қамтылған әлеуметтік санаттағы азаматтарға, жастарға жалға берілетін және қолжетімді тұрғын үй қарастырылады. Сөйтіп 2025 жылға дейін 2 миллионнан астам азаматты жаңа баспанамен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Жас талантты басшыларды мемлекеттік қызметтің барлық сатысында қолдап, ілгерілетуге баса назар аударып, олар мемлекеттік мәселелерді шешу үшін тиісті өкілеттікке ие болуына жол ашылады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту жұмыстары да басты назарда. Жастарды жұмыспен қамту бойынша бағдарламалар жасалып, іске асырылады. «Дипломмен ауылға», «Серпін» бағдарламалары аясында білікті жас мамандарды қолдау шаралары күшейе түседі. Алдағы үш жыл ауылды өркендету жылы болып, осы жылдар ішінде өркениеттен кенже қалған ауылдардың да мәселесі шешімін табады. Өз Жолдауында айтылған мың мектеп салу, емхана, балабақша қатарлы мекемелерге қатысты мәселелердің тамырына түбегейлі балта шауып, жаңғыру мен жасампаздықтың жаңа белесіне қадам басамыз», – деді.
Ауылдың жайын айта келген Көктал ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серік Айнақұлов штаб мүшелеріне бар арыз-арманын ақтарды. Не емхананың, не мектептің жоқтығын жолдың жайы тым нашар екенін айтып ашынды. «Балалар көрші ауылға қатынап оқиды, емделу үшін бірталай жол жүріп Байсерке ауылына барамын. Қаншама адам келіп, ауылымыздың жайын көріп, көмектесемін деп уәдесін берсе де, ауыз толтырып айтар ештеңе жасалған жоқ. «Тоқаевқа дауыс береміз, сайлау алды бағдарламасымен де таныстық. Алдағы үш жылдың ауылды көркейту жылы болып бекітілгеніне қуаныштымыз. Осы жылдар арасында кем-кетігіміз жамалып, ауылымыз гүлденіп көркейеді деп сенеміз», – деді.
Кездесуде ұлтаралық татулықты сақтаудың маңызы зор екені де айтылды. Ұлттық руханияттың кеңістігінде жүрген әрбір зиялы қауым өкілі осы мұрат жолында елдің бірлігі мен тұтастығына арналған саяси науқаның мән-маңызын жете білуі және басқаларға жеткізе білуі қажет.
Бұдан соң облыстық қоғамдық штаб өкілдері «Байсерке-АГРО» оқу ғылыми-өндірістік орталығының ұжымымен кездесті. Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлау алды бағдарламасына терең тоқталған Дәулет Жамалбекұлы Тәуелсіздік пен қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалар көтерген президетіміздің бар қалауы – елінің еңсесін тіктеу екенін ашып айтты. Шын мәнінде халықтың қалауы да осы. Бір сөзбен айтқанда ел мүддесі де, ер мүддесі де бір жерден шығып отыр.
Жиын соңынды Қуат Байқожаев сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарының тым сылбырлығын сынға алды. Сондай-ақ бала кездеріндегі сайлау науқанының аса қызу түрде өтетіні туралы әңгімелеп, ет асылып, бауырсақ пісіріліп, ән айтылып, күй шертіліп той сияқты өтетінін тамсана жеткізді. Бұл жолы да ұланасыр той сынды атқаруға болатынын айта келіп, оған асқан жауапкершілік пен белсенділік керек екенін тілге тиек етті. Ел тізгіні елін сүйетін, ұлт мұратын өзінен жоғары қоятын азаматқа бұйырса екен деп тілейміз.
Зорагүл Әбдіқадір