Кеше маған бір кісі былай деді: «Жастар қазіргі уақытта ішеді, шегеді, боқтайды, төбелеседі, бос жүреді. Бұның негізгі себебі не?» – дейді. Мен ол кісіге «тәрбие» деп жауап бердім. Әр бала – әртүрлі. Оларды бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Біріне – ата-ана тәрбиесі, енді біріне – мектеп тәрбиесі әсер етсе, ал басқа балалар өз-өзінен тәрбие алады. Тағы бір топ – бұл ортадан тәрбие алатындар. Негізі төрт топ бір-бірімен тығыз байланысты. Үйдің тәрбиесі мен мектеп тәрбиесі сай келмегенде балада өзіндік ой қалыптасады. Яғни, ол саралайды. Дұрыс пен бұрыстың ара-жігін ажыратады. Осы кезде ол бұрысты «дұрыс» қылып көрсе, онда оның ары қарайғы қалыптасуы солай болады. Ол үйді де, мектепті де тыңдамайды. Өз ортасын құрайды. Сол уақытта дұрыс пен бұрысты іздеп жүрген келесі бір бала сол ортаға түссе, ортаның тәрбиесі, міне, солай қалыптасады.
Сіздер мүмкін білесіздер, мүмкін білмейсіздер, Талғарда «круг», «район» дейтін тізесі шыққан тақырыптар әлі күнге дейін актуалды. Ал ондай «круг», «райондарда» дені дұрыс әңгіме, не жөнді жүріс жоқ. Бір қалада тұрып, бір-бірімен қас. Қазақ бола тұра біріне-бір жау. Ондағы көздейтін мүддесі – өзі тұратын «районы». Ондай «круг», не «район» дейтін тақырып бұл жаңағы айтып отырған орта. Мүмкін олар бір-бірімен айырылмас дос та шығар, не бауырмалдық қасиетін түсініп жүрген де болар. Бірақ та колледжде әлімжеттік, үлкеннің кішіні қанауы, мектеп оқушыларының «район» тақырыбына белсене ат салысуы белең алған. Бұл өз кезегінде зиян тигізбесе, пайда әкелмейді.
Бұл тақырып мүмкін қозғалып та жүрген шығар, бірақ нәтиже жоқ. Менің ойымша, балалармен ашық сөйлесу керек. Мейлі бұзық, сөзге түсінбейтін бала болсын, онымен тілдесуге болады. Онымен тілдескенде қылмыскермен сөйлескендей емес, керісінше, мәртебелі тұлғамен сөйлескендей кейіпте болу керек. Себебі олардың көргені – бірін-бірі басыну. Ал өзіне деген сыйластықты байқағанда мүмкін ішкі сезімдері өзгерер. Жарайды, бұл бір мәселе. Одан да ұсынысқа көшейік!
«Район», «кругтарды» бір мезетте жойып жіберу дұрыс емес. Тіпті, оны жойып та керек емес. Тек сол «райондардағы» «кругтардың» мақсатын өзгертуге жұмыс жасау керек. Ол «кругтардағы» жасөспірімдер бүгінгі күнімен ғана өмір сүреді. Олай болмаса, ол жерден баяғыда шығып, өзінің ертеңін құраумен айналысар еді. Меніңше, мәселе – бала санасында. Біріншіден, жастардың барлығын жинап, мысалы, әкімдіктің артындағы саябаққа, ашық әңгіме өткізу керек. Жастар толыққанды келу үшін бір-екі танымал әншіні, не бір танымал тұлғаны шақырған жөн болар. Содан кейін шақыру ресми түрде болу керек. Мысалға, Талғар ауданындағы «районский» тақырыпта жүрген жігіттерді және басқа да жастарын ашық әңгімелесу кешіне шақырамыз» дегендей шақырту болса. Егерде дәл осындай мәтіндегі шақыру болса, барлығы үшін бұл осыған дейін болмаған, ерекше дүние болатын еді. Меніңше, қызығып келеді. Артынша жастармен әңгімені әкімдіктегі қабағын түйіп алған тәтелер мен ағалар, не мектептің үлкен апайлары емес, ашық, еркін ойлайтын, адаммен тілдесе алатын ел арасында жүрген адамдар жүргізу керек. Әкімдіктің адамы болған күннің өзінде, жастардың «критерийіне» сай болу керек.
«Официальность» барынша болмауы тиіс, себебі бұл – кедергі.
Екіншіден, әр ортаның, олардың сөзімен айтқанда, атаманы болады. Сұрастырып жүріп, сол атамандарды жинау керек. Тәрбиені солардан бастаған жөн. Себебі олар өз сөздерін жүргізе алатын болғандықтан ғана «атаман» дейтін атаққа ие болып жүр. Оларға басқа қырынан қарасақ, нағыз көшбасшылық қабілетке ие жігіттер. Егерде сол жігіттерді саналы түрде «районның» тақырыбынан шығара алатын болсақ, онда олардың әрқайсысы өз артынан ергендерді жөнге салады.
Үшіншіден, ол «кругтардың» аттарын естісең, күлкің келеді. «Диленс», «Акхи», «Борзота», «Арманские хищники». Мені қатты толғандыратыны – жастардың осындай майда нәрсеге көп көңіл бөлетіні. «Район» – ол сөзсіз орта. Біздің мақсатымыз – оны жою емес, ондағы жасөспірімдерге дұрыс пен бұрыстың мәнін түсіндіру.
Омар Закиров