КӨНЕ КІТАПТАРДЫ КӨЗІНІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ САҚТАҒАН ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫ МЕН КІТАПХАНАШЫЛАРЫ ТУРАЛЫ РЕПОРТАЖ

КӨНЕ КІТАПТАРДЫ КӨЗІНІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ САҚТАҒАН ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫ МЕН КІТАПХАНАШЫЛАРЫ ТУРАЛЫ РЕПОРТАЖ

Қоғамның өркендеуі кітаппен тығыз байланысты. «Кітап — білім бұлағы» демекші, осынау білімнің тұнық та мөлдір бұлағынан халықты сусындатып, тұрғындардың рухани дүниесін молайтып, тағылымы мол тәрбие ошағына айналып отырған кітапхананың орны орасан зор. Талғар аудандының орталық кітапханасының да тарихы тереңде. 1934 жылы Алматыда негізі қаланған кітап ордасы араға 30 жыл салып Талғар ауданының орталық кітапханасы болып Талғар қаласына көшірілген. Кеңес кезінде ауданымызда 61 кітапхана болыпты. Қазір бар-жоғы 9 кітапхана қалған. Десе де, кітап қоры аз емес. 261 383 кітап бар. Нұра ауылында – 21 424, Панфилов ауылы кітапханасында – 24 949, Қызылқайрат ауылында – 6 433, Белбұлақта – 5 979, Төңкеріс ауылында – 4 048, Гүлдала ауылдық округінде – 4 559, Тұздыбастау ауылында – 5 810 кітап сақтаулы. Кітапханашылардың айтуынша, қор әр тоқсан сайын көбейіп отырады екен.

– Біз енді Алматының түбінде тұрғаннан кейін бізге бәрі жеңілдеу, ел кітапты Алматыдан алып оқиды деген түсінік бар. Бірақ Алматыда қазір кітап қолға берілмейді. Тек қана кітапханада отырып оқуға болады. Ал біз кітапты үйге береміз. Сондықтан Алматыдағы студенттердің барлығы бізге келіп оқиды. Біздегі кітап қоры өте жақсы сақталған. Кітаптардың барлығы дерлік түпнұсқа. Бізге келетін студенттер, көбіне, магистрлар. Олар ғылыми жоба жазады. Кітапхана 2015 жылы күрделі жөндеуден өткен. Ал 2021 жылы жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бұрын осы аудандық кітапханада, салыстырмалы түрде айтқанда, 16 адам жұмыс істеген. Ал қазір біз барлығы 8-ақ қызметкер жұмыс істеп отырмыз. Ал ауылдық кітапханаларда бір адамнан ғана жұмыс істейді. Тіпті, еден жуушы мен күзетші де жоқ. Гүлдала, Төңкеріс ауылдарындағы кітапханалар өз-өзімен тұр, – дейді аудан­дық кітапхана директоры Махам­бет Қасымқанұлы.

Талғар кі­тап­ханасы мұра­жай­дың да рөлін атқарған. Мұнда анау-мынау емес, сонау 1838 жылғы көне жәдігерлер бар. Осы жәдігерлер жойылып кет­пес үшін, дұрыс сақталу үшін кітапха­нада­ғылар кітапты сканерлейтін аппарат керек екендігін айтады. Біз біле бермейтін кітаптарды сақтаудың арнайы жолдары бар. Көне жәдігерлерді сақтау үшін кітапханашылар таң ата салысымен терезелерді ашып, желдетеді екен. Кезінде осы көне кітаптарды сақтаған кітапханаларға 25 пайыз қаражат төленіпті. Ал қазір төленбейді екен. Не себепті төленбейтін мұндайғылар білмей отыр.

Аудандық кітапхана оқырмандарға кітапты үйге беретін болғандықтан олар кері алып келгенде кітаптан түлі иіс шығып тұрады екен. Мамандар, тіпті, кітаптың биті болады дейді. Сондықтан әр ай сайын кітапханада тазалық жұмыстары жүріп отырады. Жылына екі рет инфекция мекемесімен келісім-шартқа отырып, олар айына екі рет келіп дәрілейді.

Кітапханаға кіре сала оң жағында үлкен оқу залы орналасқан. Біз барғанда 3-4 оқырман кітап оқып отыр екен. Бұл оқу залы негізі 40 адамға арналған. Оқырманның өзін емін-еркін ұстап, тыныш жерде кітап оқуына нағыз таптырмас жер. Тіпті, оқу залында лед экран, wi-fi да бар екен. Тек кітап оқып қана қоймай, мұнда тарихи фильмдерді де көруге болады. Телефоныңызды қуаттайтын жер де бар. Сонымен қатар келген оқырмандар бір сәт көз шырымын алып алса да болады екен. Кітапхананың фойесі де кітапқа лық толы. Бұл жердегі әрбір кітап жоспар бойынша қойылып тұр. «Бір ел — бір кітап» акциясына жасалған арнайы кітап көрмесі де бар. Бұл көрменің көркі — Абай атамыздың қара сөздері.
Сары майдай сақталып келе жатқан кітаптар да бар. Оны мұндайғалыр «сирек қор» деп атайды. Кітапханада зағип жандарға да арналған кітаптар толы. Бүгінде мұнда мүмкіндігі шектеулі 20-дан астам азамат – кітапхананың тұрақты оқырманы. Олар өз бетінше кітапханаға келе алмайтын болғандықтан кітапханашылар кітапты зағип жандардың үйіне апарып береді екен. Міне, сондай мейірімді жандар жұмыс істейді мұнда. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ризвангүл Төлегенқызының айтуынша, зағип жандарға арналған арнайы кітап бұрышы бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар оқитын кітаптар жазу кедір-бұдыр сипат алған. Сол арқылы көру мүмкіндігінен айырылған азаматтар оқи алады. Соны­мен қатар, көзі көрмейтін, тек қана ести­тін жандар да бұл кітапханадан сусындай алады. Оларға арнайы дискілер бар екен мұнда.

Кітапхананы аралап жүріп, сонау Кеңес Одағындағы Талғар полкінің ескі кітабын тауып алдық. Бұл — жалғыз түпнұсқа. Орыс тілінде жазылған кітапта қазақтың батыр ұлы — Бауыржан Момышұлының Панфилов дивизиясын басқарғандығы туралы да тың деректер бар. Талғар ауданының кітапханашылар, құнды жәдігерді халық оқысын деп, осы жалғыз дана кітапты қазақшаға аударып, бірнеше нұсқасын шығарып, оқырмандарына ұсынғысы келеді. Талғардағы №1 орта мектепте атамыз Бауыржан Момышұлы өзінің әскери жорығының жоспарын құрып, Ұлы Отан соғысына аттаныпты. Бұл тарихи кітап болғандықтан табыла бермейді. Бұл кітап 1972 жылы басылып шығарылған.

Кітапхана ұжымының татулығы сөзбен айтып жеткізгісіз. Бір-бірімен тығыз байланыста. Үнемі ақыл-кеңесін айтып, тәжірибе алмасып отырады. Осы ауызбіршіліктің арқасында кітапханада түрлі іс-шаралар жиі өтеді. Соңғы жарты жылдың өзінде 529 іс–шара өтіпті. Кітапханашылар халықтың қандай кітапты оқығысы келетінін де білгісі келеді. Сол үшінде арнайы журнал арнаған. Ол жерге оқырмандар оқығысы келетін кітаптың атын жазып қалдырады. Мемлекеттен қаражат бөлінгенде бірден сатып алып келіп қойып қояды екен. Жалпы алып қарағанда кітапхананың оқырмандарға беріп отырған мүмкіншілігі өте үлкен. Халықты кітап оқуға деген сүйіспеншілігін ояту үшін үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Ал сіз аудандық кітапхананы аралап көрдіңіз бе? Сананы тірлішілік билеген заманда, қырғын мен жылтырға толы Инстаграмнан бір сәт бас алып, Махамбет Қасымқанұлы, Ризвангүл Төлегенқызы бастаған кітапханашыларымен тілдесіп, танысып қайтуға кеңес береміз. Жан дүниеңіз толысып қана қоймай, тыныштық пен мейірімге толы мекемеде миыңыз тынышталып, жаныңыз рахат табады.

 

Әбдікерім Кәусар