Осы аптада елімізде үлкен саяси серпіліс болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясының төрағасы ретіндегі өкілеттілігін тоқтатып, «Нұр Отан» атанған кезінен бастап орны бір төбе болып келген AMANAT көп партиялардың бірі боп қалды. Басқа саяси партиялардың иығынан жүк түсті десек те болады. Президент қолында үлкен әкімшілік ресурс бар. Осы ресурсты AMANAT осы күнге дейін еш шектеусіз қолданып келді. Енді Қазақстанда президенттік партия жоқ! Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімі еліміздің саяси жүйесіне тек жақсы өзгерістер әкелетінін сарапшылар да айтып отыр.
– Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап «Amanat» партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда, Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтамын. Сондай-ақ, жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Біз бірлесіп, көп жұмыс атқардық. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды. Қазір талай нәрсе өзгеруде. Алдымызда ауқымды міндеттер бар. Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиядан арылту аса маңызды. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек. Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сайлауға қатысатын барлық күштерге енді тең мүмкіндік туады. Саяси жүйеде әділдік орнайды. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады. Бұл Президенттің пікірі. Расында, AMANAT-қа енді халыққа ұнамды болып, қолдауға ие болу үшін басқа партиялармен тең дәрежеде бәсекелесуге тура келеді. Ал қарсыластары осал емес. Мәселен, Қазақстан Халық партиясының төрағасы болып Ермұхамет Ертісбаев сайланды. Ол — тәжірибесі мен білімі мол, мемлекеттік деңгейдегі саясат және қоғам қайраткері, мықты көшбасшы, министр, депутат, дипломат ретінде танылған азамат. «Ақ жол» да «сен тұр, мен атайын!» деген партия. Азат Перуашев та тәжірибелі, әрі танымал саясаткер.
Қалай болғанда да, Президенттің өзі айтқандай, мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталды. Тоқаев «Amanat» партиясының кезектен тыс XXIII съезінде «Жаңа Қазақстан» ұғымын да ашып айтып берді.
-Азаматтар тарапынан: «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?», — деген сауал жиі қойылып жүр. Менің ойымша, бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қазақстан. Азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды. Сондықтан «Amanat» партиясының алдында осы олқылықтардың орнын толтыру міндеті тұр. Азаматтық қоғам мен билік арасындағы дәнекер болу үшін сіздер халық өкілдерімен етене жұмыс істеулеріңіз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің бүкіл саяси архитектурасын кешенді түрде қайта қарауға, билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдіктің неғұрлым теңгерімді жүйесін құруға бағытталғанын айтты. Президенттің пікірінше, біз суперпрезиденттік басқару түрінен түбегейлі бас тартамыз, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттігін күшейтеміз. Партиялық-саяси жүйені жаңғырту – басым бағыттың бірі. Мемлекет басшысы партиялар мен сайлау туралы заңнамаларды либерализациялау қоғамның рөлін күшейтеді. Бұл – биліктің барлық деңгейінде қабылданатын шешімдеріне қатысты. Президенттің пайымынша, азаматтардың дауысы үшін бәсеке күшейіп, саяси үдерістердің қарқыны мен мазмұны өзгереді.
– Жалпы алғанда, партиялық алаңда сең қозғалғанын көріп отырмыз. «Adal» партиясының «Аmanat» партиясымен бірігу жөніндегі бастамасы – басталған өзгерістердің жарқын көрінісі. «Adal» партиясының жетекшілері мен мүшелеріне осы маңызды шешімдері үшін ризашылығымды білдіремін. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте, партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан, «Adal» партиясының бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын. «Adal» – өз жақтастары бар, қалыптасқан партия. Саяси бәсеке артып келе жатқан қазіргі кезеңде мұның айрықша мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев партияның төрағасы лауазымына Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановты ұсынып, оған ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат деп баға берді. Съезд делегаттары Президенттің ұсынысын қолдап, Ерлан Қошановтың кандидатурасына бірауыздан дауыс берді.